Тасқын судан есін енді-енді жинай бастаған Ақмола облысының бірнеше аймағын енді киіктер қайта мазалай бастады.
Киік көбейсе, шаруа шырылдайды
1,559
оқылды

Әсіресе, астық көп егілетін Атбасар, Жақсы және Егіндікөл аудандарында дала жануарының саны жылдағыға қарағанда бірнеше есе кө­бейгені байқалған. Маман­дардың есебінше, киіктер енді ғана себіліп, көктеп шыға бастаған егінді тұтастай таптап кетуі әбден мүмкін. Онсыз да шаш етектен шығынға батқан жергілікті бірнеше ауданның диқан қауымы да­был қағып жатыр. Бірақ түйткілді мәселені шешуге құзырлы органдардың қау­қары жетер емес... 

Былтыр елдің астықты аймағы бір жағынан қуаңшылықтан, екінші жағынан киіктердің шабуылынан, одан қара күз бойы сібірлей жауған жаңбырдан көктеп кетіп, диқан қауым шығынға белшесінен батқан еді. Республика бойынша бірнеше облыстың астықты аймақтарының дабылынан кейін киіктердің санын реттеу бойынша Үкіметтің қаулысы шығып, Ақмола облысында 44 мың­нан астам киікті аулауға рұқ­сат етілген. Дегенмен өңірдегі ақ­­бөкендердің саны керісінше өсіп бара жатқанын құзырлы ор­гандардың өзі мойындап отыр. 

Түйткілді мәселе жақында об­лыстың аграрлық мәселелер, өңірдің индустриалды-инновация­лық дамуы және депутаттық этика, заңдылық, экология және та­биғат­ты қолдану жөніндегі тұрақты ко­миссиясының бірлескен отырысында тағы бір мәрте талқыға түсті. 

Жиынға қатысушыларды тол­­­ған­­дырған аса өзекті мәселе аймақта көбейіп кеткен киіктердің санын реттеу төңірегінде болды. Облыстағы аңшылық шаруа­шылықтардың дамуы мен жай-күйі мен биотехникалық шараларды ұйымдастыру мәселелері жөнінде айтылған баяндамада киік­тердің саны өткен жылдар­мен салыстырғанда ондаған есе­ге көбейіп кеткені аталды. Өңірдің Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқар­масы­ның мәліметінше, бірнеше ауданда әуе арқылы шолу жүргізу кезінде киіктердің саны шамадан тыс өскені бірден көрінген. 

– Өңірдің киіктердің шабуылына ұшырауы мүмкін бірнеше ауданын ведомство өкілдері әуеден бақылап шолу жасап қайтты. Киік­терді санау барысында олардың саны ондаған есе өсіп кеткені анық көрініп тұр. Мәселен, былтыр киіктер саны өңірде 19 614 болған еді. Ал биыл қазірдің өзінде киіктер саны 219 665-ке жетіп жығылыпты. Негізінен, Атбасар, Жақсы және Егіндікөл аудандарында қоныстанған. Бұл аудандарда киіктердің саны аса көп, – деді Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Болат Төкішев. 

Қолда бар астығын енді сеп­­кен диқан қауымның дабыл қа­ғып жатқанын облыстық мә­с­лихаттың бірнеше депутаты да растады. Депутаттардың айтуынша, биыл өңірдің аграрлық саладағы шаруашылықтары аса ауыр мөлшерде шығын шекпек. Сонымен қатар салаға жауапты тиісті аңшылық шаруашылықтар мен инспекциялардың киіктер популяциясы жөніндегі мәліметтері іс жүзіндегі киіктердің санынан әлдеқайда аз болуы мүмкін. Бұл орайда депутаттар мемлекеттік ор­­гандарға жағдайды реттеу үшін түбегейлі әрекеттерге көшу қажеттігін жеткізді. 

– Меніңше киіктердің ресми аталған нақты саны іс жүзінде облыста тіршілік ететін киіктермен сәйкес келмейді. Мәселен, тек Қорғалжын ауданымен шектесетін Целиноград ауданында ғана 30 мыңға жуық киік бар. Иә, қазір Президенттің тапсырмасымен киіктерді атуға қайтадан тыйым салынды. Яғни, енді басқа амалдар мен тәсілдерді қолдану қажет. «Охотзоопром» аңшылық шаруашылықтарының бригадалары санын ұлғайту, киіктерді қорғау, астықты аймақтардан қуу сияқты әдістерді жүргізу керек. Егер кешенді түрде ғылыми тұрғыда мәселе зерттелмесе жақын арада ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері егін салудан және өсіруден бас тартатын болады. Ал бұл өңірдің азық-тү­лік қауіпсіздігіне айтарлықтай кері әсер етпек, – дейді Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Тимур Пішенов. 

Киіктердің шамадан тыс кө­­­­беюі диқандардың дабылынан бөлек, олардың жаппай қы­рыл­уына да ықпал етуі мүмкін. Облыстың орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы тағы бір үлкен алаң­датар­лық мәселенің шетін шығарды. Ведомство мәліметінше, облыс аумағында 27-28 сәуірде жүргізілген авиациялық есеп бойынша Бетпақдала ақбөкендері популяциясының саны 219 655 басты құраған. Мемлекеттік орган қазір жаппай төлдеп жатқан жануарлар табиғи катаклизмнің салдарынан жұқпалы ауруларға ұшырауы мүмкін екенін атады. 

– Қазір жабайы жануарлар Атбасар ауданының аумағында, бұрынғы «Чурумсай», «Қайрақты», «Тайкеткен» ауылдарының ара­сын­дағы алаңда шоғырланған. Бұл фактор жануарлардың жаппай төлдеуге дайындалып жатқанын көрсетеді. Біз ақбөкендердің табиғи фактор мен климаттық катаклизмнің салдарынан түрлі жұқпалы ауруға бейім екеніне бірнеше мәрте көз жеткіздік. Мәселен, 2015 жылы шамадан тыс ылғалды климат кезінде тем­пературалық фактордың күрт өз­геруі және түрлі өсімдіктің жаппай өсуі салдарынан облыста киіктер қырылған еді. Сол кезде өңірде жалпы саны 10 667 ақбөкен жойылды. Биыл киіктер аса көп жайлаған Атбасар ауданында су тасқыны болды. Сонымен қатар мамыр айының басынан бастап, аймақта жауын-шашын да көбейген. Бұл аймақтағы ауаның ылғалдылығымен онсыз да қиын жағдайды ушықтырады. Мұндай климаттық жағдайлар жабайы жануарлардың иммунитетіне, әсі­ресе аналықтарға кері әсерін тигізеді. Иммунитеттің әлсіреуі әртүрлі ауруды, соның ішінде жұқпалы ауруды тудыруы мүмкін. Ведомство 2015 жылы болған жағдайдың қайталануынан қорқып «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-дан бақылауды күшейту туралы хат жазған. Мобильді топтарға жанар-жағармайдың қосымша мөлшерін бөліп, патрульдеу жиі­лігін ұлғайту қажет. Егер жабайы жануарлардың мінезқұлқы өзгерген болса, мемлекеттік инспекторлармен бірлесіп, инспекция басшылығына және ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне дереу хабарлау қажет,  – дейді Ақмола облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Лашынтай Дүйсенов. 

 «Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмау» үшін киіктердің санын реттеуде ғылыми бағдарды темірқазық ету қажет сияқты. Ал ол үшін өндіріс пен ғылымның өзара байланысы біржола үзіліп қалған салаларын реттеуге дереу назар аударылуы қажет. Бұл орайда тиісті министрліктер мен ве­­­домстволар өз міндеттеріне жауапкершілікпен қараса құба-құп?!.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы