Тарихтың ақтаңдақ беттерінде ақиқаты әлі күнге ашылмаған орындар аз емес. Оның бірі тылсым табиғатымен таңғал­дыр­са, енді екіншісі құрылымдық болмысымен ғалым­дардың өздерін тығырыққа тіреуде. Міне, сондай жердің бірі – Жамбыл облысындағы Ақыр­тас қалашығы.
Ақиқаты ашылмаған Ақыртас
4,239
оқылды

Ақыртас қаласына қатысты дерек­тер тек болжам мен жорамалға негіз­дел­ген. Сондай-ақ аңыздармен астасып жатқан тұстары да көп. 

Тараз қаласынан қырық шақы­рым қашықтықта орын тепкен тарихи қалашық өн бойына тылсым құпияларды бүгіп жатыр. Қырдағы қы­зыл тастар қайдан және қашан пайда бол­ғанын ешкім дөп басып айта ал­мауда. Тарихи орынды зерттеген қай ға­лым болмасын тек болжамды нұс­қасын ұсынуда.   

Ақыртас жайлы алғашқы дерек, 1 222 жылы Шыңғыс ханның шақыртуы­мен жолға шыққан қытай саяхатшысы Чин-Чунеленің күнделігінен кездеседі. Ол қойын дәптеріне: «Жол бойында өң қы­зыл тастан тұрғызылған қалаға тап бол­дық. Қай қырынан қарасаң да тас­тан қаланған қаланың салынуы мен есеп­тік дәлдік көрсеткіші таңғалдыра­ды. Ежелгі әскери бекініс болған се­кіл­ді», – деп жазып қалдырған. 

Шөлдің ортасынан пайда болған қа­­­лашық тастары пішінімен де таң­ғал­дырады. Тарихи деректерге сүйенсек, VIII-IX ғасырларда пайда болған қала­ның тастары он ғасырды артқа тастаса да әлі күнге болмысын бұзбай осы күнге же­тіп отыр. Осы ерекшелігінің арқа­сын­да Ақыртас қаласы 2014 жылы ЮНЕСКО-ның бүкілә­лем­дік мұралар тізбесіне еніп, ерекше қорғауға алынды. Сон­дықтан мұндағы қазба жұмыс­тары­ның құпия тұстары да бар. 

Қаланы ел ішінде «Алыптар тұр­ғызған сарай» деп те атайды. Оған себеп бастапқыда Ақыр­таста қаланған тас­тар­дың биіктігі 3-4 метрді құраған. Алайда «Түркістан – Сібір теміржол» құрылысы ке­зінде адамдар тастарды құры­лысқа пайдаланып, тауыса жаз­да­ған. Содан қаланың қазір еңсесі бір­ша­­ма басылып қалған. Десе де тас­­­­­тар­дың бүгінгі пішінінің өзі таң­ға­лар­лықтай. Он ғасыр бұрын қазіргідей құры­лыс техникаларының болмағанын, барлық жұмыс тек адам күшімен орын­дал­ғанын ескерсек, ауыр тастарды қай­шымен қиғандай түзу етіп бөлшек­теудің артында қандай құпия жатқанын түсіну қиын. Ғалымдардың өзі Ақыртас қаласын тұрғызуда қандай әдіс-тәсіл қолданылғанын таба алмай, еріксіз бас шайқауда. Тіпті, алып қызыл тастардың қалай жеткізілгені туралы да нақты бір байлам жоқ.

Жалпы, соңғы онжылдықтарда Ақыртас қаласын зерттеген ға­лым көп. Солардың бірі П.Лерх «Ақыр­тас салынып бітпеген будда ғи­ба­датханасы» десе, академик В.Бар­тольд қалашықты «Несториан ғибадат­ха­насы» деген болжам жасаған. Ал ар­хеолог Т.Басеновтың жазбасына сүйенсек, Ақыр­тас салынып бітпей қал­ған ірі бек сарайы­ның іргесі көрінеді. Та­ри­хи нысанды 1940 жылдан 30 жыл бойы зерттеген ака­демик Пацевич болса: «Мұндай керемет есептерге сүйеніп жасалған құрылыс және блоктарға пайдаланған материалдар бұдан бұрын болған емес. Бабаларымыздың тарихи мақтанышы әрі ғажап ескерткіші – Ақыртастың әлем ғажаптарының қатарынан болуы­на құны да, құпиясы да, құдіреті де жетеді», – деген ой айтқан. 

Ақиқаты ашылмаған жерде аңыз-әп­саналардың қатар жүретіні белгілі. Сон­дықтан құпия қалашық жайлы ел аузында жүрген әңгіме көп. Соның бірі мы­на тұрған тастар осы қалашықтың жергілікті халқы дегенді алға тартады. Ақыртасқа жау төнген сәтте қала жұрты Құдайға жалбарынып: «Бізді жауға құл ет­кенше, тасқа айналдыр!», – деп жал­барынған көрінеді. Содан ел тілеуі қа­был болып, қала халқы түгелдей тасқа ай­налып кеткен-мыс. 

Одан әріден тамыр тартатын аңыз­ға сүйенсек, Адам атаның қызынан Әжі есімді алып туған деседі. Оның бойының биіктігі соншалық – теңіз суы тізесінен ғана келген екен. Бір күні алып Түймекент ханның айдай сұлу қызы барын естіп, құда түсуге бара­­ды. Хан алыпқа құрмет көрсетіп, қы­зын беретінін, алайда қалыңмал ор­ны­на тастан қала салып беруін өтінген. Содан болашақ қайын атасының сөзін жер­ге қалдыра алмаған Әжі тастан қала сала бастайды. Қызу еңбек кезінде ол хор қызындай сұлу болашақ жарын алыс­тан көріп, басы айналып, аяқ-қо­лынан әл кетіп, жұмыс істеуден қалады. Бой­жеткеннің бетіне тіке қарай алмаған Әжі бұл қылығына ұялып, құрылысты тас­тап кетіп қалған деседі. Тас қамал сол бойы аяқсыз қалған дейді ел аузын­да жүрген аңыз. 

Тағы бір дерекке сенсек, Ақыр­тас қаласының астында Тараз шаһа­­рындағы көне Тектұрмас ке­ше­ніне жеткізетін жерасты жолы бар екен. Осы жол арқылы Түр­­­­­кістан өңіріндегі киелі орын­дарға табан тіреп, тіпті Меккеге де жетуге бо­латын кө­рінеді. Алайда сол жолды тауып, құпия құл­пын ашпақ болған бірде-бір ға­лым қайта кері оралмаған. Бұған қа­тысты зерттеушілер же­растында газ­дың мол қоры бар деген болжам жа­сап, жерасты жолына бастай­ды деген үңгірді бітеп тастаған. Бұл теория өзінің ғылыми дәлелін тап­пағандықтан оны ғалымдар тек аңыз­ға балайды. 

Ақыртас қалашығында жатқан тас­тар дертке дауа беріп, сырқаттан сауық­тыра­ды деп сенетіндер де көп. Сондық­тан Ақыр­тасқа арнайы ат басын бұрып, қы­­зыл тастың үстіне тізе бүгіп, тіпті құ­­­ша­ғына қысып отыратындар да аз емес. Келушілер осылайша тастың бойын­дағы жылуы ауруымызға шипа бо­ла­ды деп сенеді. Ал тағы бір келу­ші­лер жүрек түбіндегі тілегіміз орын­да­лады деген ниетпен қалашық жанында өсіп тұрған жасыл желекке ақ мата байлап жатады. 

Археологиялық қазба жұмыстары жүр­гізілгенге дейін Ақыртастың айна­ла­сын қалың шөп басып, қызыл таста­ры жан-жақта шашылып жатқан еді. Қа­лашық мемлекет қорғауына алын­ған­нан кейін оның айналасы қорша­лып, жарық пен жол жүргізіліп, ғалым­дар қаланың бастапқы бейнесін кел­­­тіру­ге күш салды. Соның арқасында бү­гінде қалашыққа келуші туристердің қа­расы қалың. Ал Ақыртас қаласының қа­бырғасына қаланған тастар алдан ала өңделіп, оған қоса су жеткізу жүйесінің ма­тематикалық дәлдікпен жүргізілгені әлем зерттеушілерін әлі күнге таңғал­дыруда. 

Қазір әлем ғалымдары Ақыртас қа­ла­сының құрылысы мен жұмбағын Ұлыбританияның Уилтшир графтігін­дегі «Стоун­хендж» кешеніне ұқсатып жа­та­ды. Ағылшындар еліндегі бұл ны­сан да иен далада алып тастармен қа­лан­ған қа­лашық көрінісін тапқан.    

Қаланың «Ақыртас» атануының да өзіндік сыры бар. «Ақыр» сөзі «соңғы» де­ген ұғым берсе, ғалымдар «Ақыртас» «соң­ғы тас» ұғымынан шыққан деген бол­жамдарын айтады.

Қалай дегенде де, «Ақыртас» қала­шы­ғы әлі талай құпияны қойнауында бү­гіп жатқаны анық. Енді оның жұм­ба­ғы қашан ашылып, ақиқаты қай кезде то­пырақтан аршылып шығатыны бір Аллаға ғана аян. Алайда Жамбыл же­рін­де осында тылсымға толы тарихи орын­ның орналасуы Әулиеата өңірінің қасиетін арттыра түсетіні анық. Әрі бұл кейінгі ұрпаққа мұра мен өсиет. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы