Маусым айының алғашқы онкүндігінде елдің басым бөлігінде күн ысиды.
Биыл маусым айында ауа райы қандай болады?
9,808
оқылды

"Қазгидромет" синоптиктері маусым айына арналған ауа райы болжамын жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Биыл маусым айында Қазақстанның басым бөлігінде орташа ауа температурасы қалыпты шамада болады. Тек елдің батыс өңірінде және оңтүстік жартысында нормадан 1 градусқа жоғары болады деп болжанып отыр. 

"Маусым айында жауын-шашын мөлшері елдің басым бөлігінде норма деңгейінде болады. Ал Атырау, Маңғыстау облысында, Батыс Қазақстан облысының басым бөлігінде, Қызылорда облысында, Ақтөбе облысының оңтүстік-батысында нормадан аз болады деп болжанған.

Сонымен қатар атмосфералық фронттардың өтуі әсерінен жаңбыр, кей күндері қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ, екпінді жел күтіледі", – делінген хабарламада.

Маусым айының алғашқы онкүндігінде еліміздің солтүстік, орталық, шығыс және оңтүстік-шығыс облыстарында Жерорта теңізінің шығыс жағалауынан және Орта Азиядан жылы ауа массаларының шығуына байланысты күн ысиды:

  • еліміздің солтүстігінде, орталығында түнде +2+10°С-тан +12+20°С-қа дейін, күндіз +13+20°С-тан +22+30°С-қа дейін;
  • шығыста түнде +2+7°С-тан +13+18°С-қа дейін, күндіз +13+18°С-тан +23+30°С-қа дейін;
  • оңтүстік-шығыста түнде +7+12°С-тан +12+20°С-қа дейін, күндіз +22+30°С-тан +25+37°С-қа дейін.

Алғашқы онкүндіктің соңына қарай республиканың басым бөлігінде аптап ыстық бәсендейді деп күтілуде.

Ал маусымның екінші және үшінші онкүндігінде ауа температурасы солтүстік, орталық және шығыс облыстарда күндіз +20+25°С-тан +30+38°С-қа дейін, ал батыс, оңтүстік өңірлерде 25+30°С-тан 34+39°С-қа дейін ауытқиды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.