«AMANAT» партиялық бақылау комитетінің отырысында алдағы күзгі өрт қаупі кезеңіне байланысты орман және табиғатты қорғау мекемелерінің өзекті мәселелері талқыланды.
«AMANAT»: Орман қорғау саласындағы кадрлар мен техника тапшылығы мәселесін қысқа мерзімде шешу қажет
814
оқылды

Сондай-ақ, кадр тапшылығы, техниканың тозуы, ұшқышсыз ұшатын аппараттар сатып алу және орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын арттыру қарастырылды.  

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, өткен жылы табиғатты қорғау мекемелерін материалдық-техникалық жарақтандыруды жаңарту үшін 25 өрт сөндіру машинасы, 51 шағын орман патрульдік кешені, 154 трактор, 73 патрульдік машина, сондай-ақ 655 басқа жабдық сатып алынған.

«Орман және табиғатты қорғау мекемелерінде техникалық жарақтандырудың жеткіліксіздігін атап өту қажет. Орман өртін сөндіру станциясының саны стандарт бойынша 729 болуы тиіс. Бізде бары – 254, олардың басым бөлігі өткен ғасырдың 60-70-ші жылдарында салынған. Орман өртін сөндіру станцияларында 1145 бірлік техника бар, олардың жартысы жарамсыз, 510-ы жұмыс істеуге жарамды. Сонымен қатар ұшқышсыз ұшу аппараттарының жетіспеушілігі (154 орман және табиғатты қорғау мекемелеріне барлығы 99 дана берілген) ормандарды толығымен аэровизуалды тексеруге мүмкіндік бермейді. Мысалы, «Семей орманы» табиғи резерватында бірде-бір ҰҰА жоқ», – деді ол.

Орман шаруашылықтарының балансында өрттерді сөндіру үшін 275 өрт сөндіру машинасы қарастырылған, бұл қолданыстағы норманың шамамен 111%-ын құрайды. Алайда машиналардың 198-і немесе 72%-ның тозығы жеткен және есептен шығарылуы тиіс. Жабдықтау мәселесі де өзекті болып тұр. Өз кезегінде «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев Жоғары аудиторлық палата жүргізген Төтенше жағдайлар министрлігінің аудит қорытындыларына назар аударды. Алматы, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының жекелеген елді мекендеріндегі өрт сөндіру бекеттерінің өртті сөндіруге қатыспаған жағдайлары тіркелді.

«Оған себеп: машиналардың істен шығуы және жанармайдың болмауы. Қазіргі уақытта ел бойынша ТЖМ қарамағында барлығы 432 өрт сөндіру депосы бар, оның ішінде 172-сі (39%) – күрделі жөндеуді қажет етеді, 28-де (6%) ғимараттар апатты жағдайда. Ел бойынша қосымша 121 өрт сөндіру депосын салу қажет. Өз кезегінде өрт сөндіру қызметтері техникалық жабдықтауды тек жекелеген позициялар бойынша жүзеге асырады, сондай-ақ пайдалану мерзімі өткен және пайдалануға жарамсыз материалдық заттар ескеріледі. Осылайша, өрт сөндіру қызметтерін жабдықтаудың декларацияланатын деңгейі олардың шынайы жағдайын көрсетпейді», – деді ол.

Жабдықтау мәселесінің олқылығынан бөлек, орман шаруашылықтары жалақының төмендігіне байланысты кадр тапшылығына тап болуда, – дейді қоғам қайраткері Ермек Әбілғазиев.

«Қатонқарағай ұлттық паркі қызметкерлерінің жалақысы төмен, себебі жүргізушілер, тракторшылар, тазалаушылар азаматтық қызметшілер санатына жатпайды. Және олар ауылдық жерлерде жұмыс істегені үшін 25% үстемеақы алуға құқылы емес, оларда медициналық жәрдемақы жоқ. Орта есеппен 80 мың теңге қолға түседі, бұл кадрлардың кетуіне әкеледі. Әсіресе орман аралайтын инспекторлар мен орман шеберлері жоқтың қасы», – деді ол.

Айта кетейік, Қатонқарағай ұлттық паркіне «Семей орманы» және «Ертіс орманы» резерваттарымен бірге партиялық бақылау комитетінің жұмыс тобы инспекциямен келді. Мәселелер бірдей, бұл – төмен жалақы, мамандардың тапшылығы және инфрақұрылымның дамымауы.

«Жоғары оқу орындарын бітірген жас мамандар шалғайдағы орман шаруашылықтарына жұмысқа орналасуға ынталы емес, өйткені оларға баспана мен жайлы өмір сүру жағдайларын ұсынуға мүмкіндік жоқ. Жергілікті кадрларды ұстап қалу үшін салада жұмыс істейтін жергілікті жас мамандарға және жалпы жастарға аудан әкімдіктерінен ауданда сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім беру гранттарын беру, біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру, тұрғын үй беру, жұмыс орындарын беру тәжірибесін кеңейту қажет», – деді партиялық бақылау комитетінің төрағасы Павел Казанцев.

Отырыс қорытындысы бойынша, Комитет мүшелері орталық және жергілікті атқарушы органдардың атына бірқатар ұсынымдар қабылдады, оның ішінде: орман шаруашылықтарындағы өрт ошақтарын ерте анықтау жүйелерін пайдалануды кеңейту, еңбекақы төлеу формасын ауыстыру, орман шаруашылықтары үшін қызметкерлеріне тұрғын үй сатып алуға рұқсат беру, мониторингке партиялық бақылау бекеттерін тарту және басқалар. Сонымен қатар Комитет төрағасы орман өрттері туындаған жағдайда республикалық штабты уақтылы құрудың маңыздылығына ерекше назар аударды.

«Республикалық деңгейде штаб қазірдің өзінде болуы тиіс, ол қажет болған жағдайда 1-2 сағаттың ішінде команданы жұмылдыруы тиіс. Себебі стандартты режимдегі ведомствоаралық өзара іс-қимыл әрдайым сұрақтар туғызады. Су тасқыны туындаған кезде Президент дұрыс шешім қабылдады, төтенше өкілеттіктері бар штаб құрылды. Осылайша қазір де өртке қарсы жұмыстар бойынша төтенше штаб құру қажет. Мемлекет басшысының нұсқауларын күтудің қажеті жоқ», – деп түйіндеді Павел Казанцев.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.