Бұған дейін әлеуметтік желіде ұшақ салонында қамалып отырған жолаушылардың видеосы тараған.
Air Astana ұшақта қамалған жолаушылар жайында түсініктеме берді
4,026
оқылды

Air Astana әуекомпаниясы 3 маусымда Алматыда наразы жолаушылар түсірген ұшақтағы видеоға қатысты түсініктеме берді. Бұған дейін әлеуметтік желіде ұшақ салонында қамалып отырған жолаушылардың видеосы тараған. Видеодан адамдардың өзін жайсыз сезінгенін байқауға болады. 

Әуе тасымалдаушы өкілдері 2 маусымда Астана – Алматы бағыты бойынша FlyArystan лоукостерінің KC 7332 рейсін Air Astana әуекомпаниясы орындағанын жеткізді. Ұшақ Алматыға сағат 19:30-да сәл кешігіп келген. Ұшақ тұраққа келгеннен соң жолаушылар түсу үшін арнайы трапты күтуге мәжбүр болды. Олардың айтуынша, трапты кешіктіру жағдайы әуежайға келетін рейстерге қызмет көрсетуде орын алған кезекке байланысты туындаған.

"Ұшқыштар мен бортсеріктер жолаушыларға траптың кешіктірілетінін хабарлады, сонымен қатар ұшақтағыларға су таратылды. Өкінішке қарай, техникалық себептерге байланысты жерде кондиционер жұмыс істемеді және бір әйел өзін нашар сезінді. Бортсерік оған су мен оттегі баллонын әкеліп берді", – деді Air Astana-дағылар.

Сонымен қатар, бірнеше адам ұшақтың есігін өз бетімен ашуға тырысқан, ал бұған қатаң тыйым салынады. Алайда, жолаушылардың бірі ескертулерге қарамастан, қорғаныс қақпағын лақтырып, есіктің тұтқасын тартты.

Сағат 20:15-те трапты сүйреген көлік, сонымен қатар желілік полиция қызметкерлері келіп жетті. 

"Air Astana әуе компаниялар тобы KC 7332 рейсінің жолаушыларынан келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрайды. Әуе компания мен әуежай қызметтері ішкі тексеру жүргізеді", – делінген хабарламада.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.