«Алматы-Байсерке-Талғар» магистралдық газ құбырының екінші тармағын салу жөніндегі ауқымды жоба аяқталып келеді.
Мерзімінен бұрын тапсырылмақ...
1,226
оқылды

Бұл жоба Мемлекет басшысының Алматы жылу-электр орталықтарын газға көшіру туралы тапсырмасын орындау аясында басым бағыт ретінде іске асырылуда.

Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың қазан айында басталған болатын, енді нысанды мерзімінен бірнеше ай бұрын пайдалануға беру жоспарлануда.

«Интергаз Орталық Азия» АҚ Алматы филиалының директоры Руслан Сүйіндіков атап өткендей, жаңа газ құбырының ұзындығы 62,4 шақырым, диаметрі - 530 мм, өткізу қабілеті - 1 000 000 м3/сағат. Бүгін де жобалық 62,4 шақырымның 52,5 шақырым құбыры дәнекерленген. Қазірдің өзінде шүмекті кран тораптары мен іске қосу қондырғыларын құрастыру, сондай-ақ тазалау құрылғыларын қабылдау жұмыстары басталып кетті. Шарт бойынша нысанды желтоқсан айында тапсыру керек болса, жобаға жауаптылар оны қыркүйек айында аяқтағалы отыр.

Бір атай кетерлігі QazaqGaz-дың еншілес кәсіпорны - «Интергаз Орталық Азия» АҚ Алматы энергетикалық кешеніне газ инфрақұрылымын дайындаудың бірінші кезеңін 2023 жылдың қарашасында аяқтаған болатын, оған сәйкес өнімділігі тиісінше 250 және 150 мың м3/сағат болатын екі автоматты газ тарату станцалары іске қосылды. Сондай-ақ «Алматы-Байсерке-Талғар» және «Қазақстан-Қытай» магистралдық газ құбырлары арасындағы қуаттылығы 1000 мың м3/сағат болатын TIP-04 жалғастырғыштың құрылысы аяқталды.

Бұл жобаны жүзеге асыру жылу-электр орталығының Алматы қаласының экологиялық жағ­дайына тигізетін кері әсерін азайтуға септік етпек. Сонымен қатар жаңа магистралдық құбыр Алматы қаласы мен Алматы облысының тұтынушыларын газбен тұрақты қамтамасыз етеді.

Тағы бір айта кетерлігі, Алматы жылу-электр орталықтарын жаңғырту жобасын «Самұрық-Энерго»­­ АҚ жүзеге асыруда. QazaqGaz өз кезегінде газ инфрақұрылымын салумен айналысады.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ