Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырамас атрибуттарының бірі.
Мемлекеттік рәміздер – қасиетім, қастерлім
872
оқылды

Еліміз­дің тұңғыш рәміздері – Ту мен Елтаңба тәуелсіздігіміздің жариялануының дәл 130-шы күні, яғни 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды. Ал елімізде «Мемлекеттік рәміздері туралы заң» 2007 жылы 4 маусымда қабылданған еді. Осы заңға сәйкес, жыл сайын 4 маусым – Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленіп келеді.

Қазақстан да өз егемендігін жария­лаған кезде оны ең алдымен тәуелсіз елдің саяси мәртебесін білдіретін Тәуел­сіздік декларациясын қабылдау арқылы бекітті. Содан кейін күн тәр­тібінде Мемлекеттік рәміздерді қа­был­­дау мәселесі тұрды. Алдымен 1992 жыл­­­дың басында Жоғарғы кеңес­­­­тің төрал­­­­қасы мемлекеттік символи­каны дайындау бойынша жұмыс тобын құру туралы қау­лы қабыл­дады. Осы құ­жат­қа сәйкес арнайы шығармашы­­лық комиссия құрылды. Оның құрамына бел­гілі заңгерлер мен қоғам қайрат­керлері кірді. Көп кешікпей Елтаңба, Ту және Әнұран жобаларын жасауға конкурс жарияланды. Оған қатысушылар алдына күрделі әрі жауапты міндеттер қойылды. Мемлекеттік рәміздер, әсіресе тарихи, саяси және экономикалық символизмге сәйкес келуге тиіс болды. Ал рәміздер жобаларын жасау конкурсында 600-ден астам адам қатысқан екен. Мемлекеттік ту эскиз­дері бейнеленген шығармашылық еңбектері бар түскен өтінім 1 200-ді құра­ған. Сондай-ақ конкурсқа болашақ Елтаңбаның 245 сурет жобасы мен 67 сурет­темесі және Әнұранның 750 нұсқасы ұсынылыпты. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығатыны секілді таңдаулылары таңдалып, бүгінгі күнге дейін жетіп отыр. 

Елімізде геральдикалық зерттеулер орталығы жұмыс істейді

Кез келген ұлттың, мемлекеттің таң­­басы болатыны ақиқат. Осы ретте мемлекеттің, рудың, ме­кеменің, әулеттің, жеке тұлға­ның және тағы да басқалардың ерек­шелік таңбасы ретіндегі гер­б­терді зерттейтін тарих ғылымы­ның бір саласын геральдика деп атайды. Бұл сөз таңбатану ілімі дегенді білдіреді. Ол – өнердің бір түрі, адамзат баласы жаратыл­ғаннан бері бар дүние. Айталық, Ұлы даланың сәніне айналған жар­­тас таңбалары (петроглиф) мен жазбаларын (ироглиф) ежелгі да­ла­­­лықтар геральдикасының бас­тауы деуге болады. Ал еуропалық­тар болса, әр кездері өмір сүрген же­ке тұлға, әулет пен қауымдас­тыққа тән қабылданған айырым таңба-белгілерді «геральдика» деп атап жүр. Бұл ретте Мемлекеттік рә­міз­­­дерді қолданудың құқықтық нормативтерін сақтау мақсатында ел Үкі­метінің 2021 жылғы 31 наурыздағы №195 қаулысымен Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құ­жат­таманы басқару комитетіне қарасты «Геральдикалық зерттеулер орталығы» РММ құрылғанын атап өткені­­міз жөн. Құрылғанына көп бола қой­­­­­маған «Геральдикалық зерттеулер ор­та­­лығы» таңбатану және Мемле­кеттік рәміздер бойынша ағарту­шылық жұмыс­тарымен айналысады. Мекемеге ең әуелі қазақ гераль­ди­касының арғы-­бергі тарихын зерт­теу, Мемлекеттік рә­­міз­дер мен ге­ральдикалық белгілерді насихаттау және оларды қолданудың норма­тивтік-құқықтық жүйесін бақылау, ведмостволық және оларға теңес­тірілген өзге де наградалардың ге­раль­ди­­­­­­­­калық сипаттамасын же­тілдіру, заң­­­­­ды және жеке тұлға­лардың Мемлекеттік рәміздерге құқықтық актілер аясында құрмет­пен қарауын қамтамасыз ету мін­деттері жүктелген. Осы рет­те аталған мекеменің директоры Қал­қа­­ман Сариннен бүгінгі рәміздер кү­­­­­­ні­­­не дайындық барысы жөнінде пікірін сұрадық.

«Орталықтың 2025-2027 жылдарға арналған бюджеттік өтініміне сәйкес, Мемлекеттік рәміздерге байланысты бір­қатар іс-шаралар мен жобалар ұсынылды. Атап айтар болсақ, отансүйгіштік рухтағы балалар мен жасөспірімдерге арналған анимациялық мульт­­­­­­­­­­­фильмдер, қоғамға ой саларлық әлеуметтік роликтер, Мемлекеттік рә­міздерді және олардың бейнелерін, сон­дай-ақ Мемлекеттік Гимнінің мә­­тінін пайдалану қағидалары бойынша семинарлар және тағы басқа. Атал­­ған жобалардың барлығы Мемлекеттік рә­міз­­дерді ұлық­тауға бағытталған. Елі­­­міз­­дің кейбір аймақтарындағы су тасқынына байланыс­ты Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бюджеттік қаржыны қатаң үнемдеу жөніндегі тап­­сырмасына сәйкес қазір көптеген қоғам­­дық-бұқаралық іс-шараны өткізуге уақытша шектеу қойыл­ған. Алай­да көптеген мекеме Мем­лекеттік рәміздер күнін өздерінің жылдық жос­пар­ларына сәйкес шағын форматта атап өтуде», – дейді орталық басшысы. Сонымен қатар рәміздерді қорлау, аяқ асты ету бойынша бақылау жұмыстарына қатысты сұрағымызға: «Орталық Жарғысына сәйкес Мемлекеттік рәміздерді қорлау әрекеттеріне бақылау жүр­­­­гізу құзыреті қарастырылмаған. Алайда оған қарамастан қызметкерлермен күнделікті әлеуметтік желілерге мониторинг жүріліп, анықталған заңбұ­­зушы­лықтар және осыған байланысты жеке және заң­ды тұлғалардың арыз-­ша­ғымдары қарастырылып, тиіс­ті мемлекеттік органдарға заңға сәйкес шараларды қабылдау үшін жолданады», – деп жауап қатты. 

Рәміздерге қатысты жүйелі идеология керек

Ал сарапшы Асылбек Баяжұма елі­­­мізде рәміздерге қатысты идеологиялық жұмыстардың көптеп жүргізілгені жөн деген пікірін айтады. Оның ай­­­­туынша, 4 маусым күні ғана мемле­кеттік рәміздерді еске алып, көп жағ­дайда өңірлерде Мем­лекеттік рәміздерді насихаттау жұмыстары фор­­­­­­­маль­­­ды түрде, дөңгелек үстел, конференциялар және флэш-мобтармен ғана шектеледі. Мәселен, Ту бейенелген төсбелгіні депутаттардың ғана еншісіне беріп қойған. Бұл дұрыс шығар, дегенмен де мектеп оқушыларына да осындай Ту мен Елтаңба бейне­ленген төсбелгілерді қолдануымызға не кедергі? Мұның арқасында бала санасында рәміздерге деген түсі­нік ертерек қалыптасып, құрметі де ар­та түсер еді. Елтаңбаны бүгін ешкім төсбелгі ретінде тақпайды. Мәселен, туыс Түркия елінде асханада да, көлік жөндейтін орталықтарда да Ту ілініп тұрады. Бұл елдікке, елдіктің нышаны болған рәміздерге деген үлкен құрметтің белгісі. Бізге де осындай идеология керек. Қазақстанның барлық өндірі­­­­сінде еліміздің Туы ілініп тұруы қажет. Қазіргі «Геральдикалық зерттеулер ор­талығын» Ұлттық рәмізтану орталығы деп өзгертсе жақсы болар еді. Бұл туралы депутат Аманжол Әлтай ағамыз Мәжілісте мәселе көтерген болатын. Рә­мізтану ғылымын журналистика саласында өшпес із қалдырған, ұлттық геральдиканы қалыптастыруға үлес қосып, еліміздің мемлекеттік рәміздері туралы бірнеше еңбек жазған Ербол Шәймерденов ағамыз негізін салып кеткен еді. Осы салада бірқатар жұмыс атқарылуы қажет деп санаймын. Мысалы, мен былтыр Ресейге барған сапарымда Санкт-Петербор қаласындағы үш ша­қырымға созылған Невский даң­ғы­лын­да рәміздерге құрметтің керемет үл­­­­гісін байқадым. Сонда әрбір дүкенде, әрбір қонақүйдің, әрбір мекеменің маңдайшасында Ресейдің туы ілініп тұрды. Арнайы барып сұра­ғанымда олар қандай да бір бұйрықтың негізінде емес, өз қалаулары­мен қойғанын айтты. Міне, бізге де осындай идеология керек. Еліміздің бар­лық мекемесінде Туымыз желбіреп, Ел­­таң­­­­бамыздың ас­қақ бейнесі тұрса, отаншылдық сезімі­міз арта түсер еді», – дейді сарапшы. 

Иә, көк байрағымыз көгімізде жел­бірегенде көңілдің елжірейтіні ақиқат. Былтырғы жылғы ақпарат бойынша, тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның мемлекеттік Туы халықаралық және әлем­дік деңгейдегі мәдени іс-шараларда 4,6 мың рет көтерілген екен. 1994 жы­лы 1 шілдеде Талғат Мұсабаев тұң­ғыш рет қазақтың Туын ғарышқа апарса, 2015 жылы ғарышкер Айдын Айымбетовтің ғарышқа сапары кезінде Қазақстанның Туы жерді 150 рет айналып ұшқан екен. Сонымен қатар Монблан шыңында (4 810 м), Памир тауының Ленин шыңын­да (7 134 м) және Эверест шыңында (8 800 м) еліміздің Туы жел­біреп, Әнұранымыз шырқалды. Жуырда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Анар Борашеваны әлемдегі ең биік Эверест шыңын қазақ қыздарының арасынан бірінші болып бағындыруы­мен құттықтаған еді. Әлем­нің ең жоғарғы нүктесінде елі­міздің көк байрағын жел­біреткен ару қызымыз Мем­лекет бас­шысына Эве­рест шыңына алып шыққан Қазақстан Туын сыйға тартты. 

Иә, Мемлекеттік рәміздер – ел дамуының ажырамас бөлігі. Сондықтан қазақстандықтардың осы рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қас­­­терлеуі ерекше сезіліп тұруға тиіс. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Ендеше Туымыз тұғыранан түспей, Елтаңбамыз елдігімізді танытып, Әнұранымыз шалық­­тай берсін деген тілек айтамыз.

Наурызбек САРША