Қазір оқимын деген жастарға мүмкіндіктер есігі айқара ашық. Әсіресе, білімін, тәжірибесін шетелде шыңдап келген білікті мамандар қатары көп.
Дулат Айтуған, режиссер: Шетелдік тәжірибені Отанымда пайдаланамын
1,187
оқылды

Не десек те, бұл күндері шетелдік орта мен жоғары оқу орындарында оқып жүрген қаракөздер көз қуантады. Дулат Айтуған – мұхит асып, режиссура саласындағы талабын шетелдік тәжірибемен ұштастырып жүрген жастың бірі. Болашақта елге оралып, киноиндустрия саласына жаңалық енгізуді жоспарлап отырған жас режиссермен әңгімелескен едік.

– Дулат, режиссураға қызығушылығы­ңыз қашан, қалай басталғанын айтып бе­ріңізші. 

– Кішкентайымнан түрлі жанрдағы кино көріп өстім, қызығушылығым да сол кезден басталды десем болады. Әкем – фотоға, видеоға түсіргенді жақсы көретін кісі. Отбасымның әр мүшесі өнерге жақын. Әртүрлі мерекеде немесе үйге қонақтар жиылғанда әкем камерасын алып, естелік үшін суретке  түсіретін. Апта сайын әкем бәрімізді жинап, фильм көрсететін, бұл үрдіс әлі күнге дейін жалғасын тауып отыр. Бір күнде 2-3 фильмді бірге тамашаладық. Соның ішінде әлемге әйгілі өте мықты фи­льм­дерді көрсететін. Кейде отбасымызбен кинотеатрға баратынбыз, әр фильмді көргеннен кейін алған әсерімізбен бөлісіп, түйгенімізді айтып бердік. Мектепте оқып жүргенде де өтіп жатқан іс-шараларды ви­део­ға түсіріп жүрдім, кейде көшедегі бей­таныс адамды суретке түсіріп алып, өзіне көрсеткенде таңғалып рақметін айтатын еді. Сол уақыттарда әлемге әйгілі режиссер болу туралы алғашқы ой жиі келіп жүрді. 

Тағы бір айтарым, «Астана» құрамасында 11 жыл кәсіби хоккей­мен айналыстым. Қазақстан чем­пионатында бірнеше рет жеңімпаз болдық. Сөйтіп, колледжді бітірген соң, алты ай мерзімге ағылшын тілін үйрену үшін Варшава қала­сындағы Вистула университетіне түстім. Оқуды бітіріп, Варшавада «Режиссер ассистенті» маман­дығын жалғастырдым. Бірде әлеу­меттік желіде «Дара» қоры тамызда Қазақ­стандағы ең ауқымды фестиваль жария­лады, басты жүлде – әлемде ең мықты кино мектептің бірі саналатын New York Film Academy-ға жолдама. Бұл хабар­ландыруды Нұрлан Қоянбаев­тың әлеуметтік желідегі парақ­шасынан көрдім. Бала күнгі арма­ным­ның алдымнан мүм­кін­дік болып шық­қанын жіберіп алғым келмей, бақ сынап көрдім. Ол нәтижесіз болған жоқ. 

– Киноиндустриясы дамыған АҚШ-қа оқуға түскен кезіңіздегі жаңалықты қалай қабылдадыңыз? Грантты жеңіп алу үшін қандай тәуекелдерге бардыңыз? 

– Польшада жүргенде мықты кәсіби мамандардың ортасында жұмыс істедім. Жұмысымды телефоннан кәсіби кино­камера­ларға ауыстырдым. Польшаның танымал жұлдыздарымен, актерлерімен бірге жұмыс істедім. Бейнебаян, жарнама роликтері, қысқаметражды, деректі фильм түсірдік. «Дара» қоры ұйымдастырған фестивальдің бірінші кезеңінде топ-100 қатарына кірдім. 7 маусымда фестивальге арналған видео түсіріп, 19 шілдеде 8 мыңға жуық қатысушының ішінен топ-20 үздіктер қатарынан табылып, жеңімпаз болдым. Фестивальдің басты талабы – видеоны телефон арқылы түсіріп, монтаждау. Фес­тивальден өткен соң ұйымдастырушылар хабарласып, Қазақстанға келуімді ескертті. Келген соң виза жасатуға мүмкіндік болмай қалғаны тағы бар. Ол кезде Қазақстанда жүріп жарнама роликтері мен шорт-фильм түсіріп үлгердім. Сөйтіп, қыркүйекте баруым керек болған оқуға қаңтарда барып, Лос-Анджелестегі New York Film Academy-да қарқынды курспен режиссер маман­дығын оқып шықтым.

Айтпақшы, сол кезде фестивальге қатысып, грант жеңіп алған қазақстандық 19 жас режиссер болса, ішіндегі жалғыз мен ғана мемлекеттен тыс қатысыппын. Оқу курсы аяқталған соң, білімгерлердің бар­лы­ғы Қазақстанға қайтты. Ал менің Аме­рикада уақытша қалуыма тура келді. Өйт­кені Польшада бірге жұмыс істеген про­дакшндар АҚШ-қа келген бойда керемет келісімшарт ұсынды. Бұл сәтті мүмкіндік ретінде қабылдадым да, тағы да тәжірибемді шыңдау керек деген ойда уақытша қалуды жоспарладым.

Бұған дейінгі ең үлкен жобам – Вар­шавада түсірген алғашқы клипім және әлемге әйгілі фильмдер түсірілген АҚШ-тағы universal studios pavilion-дағы жұмысы­мыз. Мұны да бір мүмкіндік деп қабылдаған дұрыс шығар.

– Байқасақ, оқуға түспей тұрып-ақ бір­неше елдің тәжірибелерін көріпсіз. Осы режиссурадағы тәжірибеңізге сүйене оты­рып, Қазақстан мен шетелдік режиссура саласын қалай бағалар едіңіз? 

– Тәжірибем аз болса да мынаны айтқым келеді: Еуропада фильммейкинг жақсы дамыған, соңғы 2-3 жылда әлемнің түкпір-түкпірінен келген талантты маман­дар өз үлесін қосып, киноның дамуына ерекше ықпал етті. Еуропадағы кино сала­сын­дағы керемет жүйе – жобаның сәтті шығуына ыңғайлы жасалған техника. Өкінішке қарай, бұл елдің кино­индус­триядағы бет­алысы Қазақстанмен салыс­тыр­ғанда ал­дыңғы қатарда. Польшада бір­қатар видео түсіріп елге келген соң, кино саласына бөлінетін бюджет көлемі өте аз екенін, техниканың да тапшы екенін байқадым. Осы тұста көп адам менімен келіседі деп ойлаймын. Бірақ Қазақстанда мықты, талантты жастар көп.

Қазір жаңа буын жастар өсіп келе жатыр, операторлардың өзі жаңа ережелер шы­ғаруда. Тіпті, соңғы шыққан фильм­дердің өзі кассасы ауыз толтырып айтар­лық­тай. Шынымды айтсам, Польшада жүріп, қазақ­стандық жобаларды мақтанып тұрып көрсететінмін. Қазір елімізде та­лант­ты режиссерлер жеткілікті, тіпті көп деп айтсам да болады. Соларға шетел­дік­тердің өзі қызығып отыр. «Қазақтар талант­ты, тың дүниелерді тез қағып алады, көрер­меннің ішкі ойын сезіне алады» деп таң­ғалады.

– Қай режиссерлерді үлгі тұтасыз?

– Мен үлгі тұтатын заманауи режис­серлерім – атақты Квентин Тарантино, Кристофер Нолан, Дэвид Финчер, Роберт Родригес, Ридли Скотт, Стивен Спилберг, Винс Гиллиган, Мартин Скорсезе. Бола­шақта осы режиссерлер түсіргендей фильм жарыққа шығаруды мақсат қойып отыр­мын. Ал отандық режиссерлерден Тимур Бек­мам­бетов – өзі қазақ, атын бүкіл кино­индустрия әлемі таниды десем артық емес шығар. Өзім сияқты жас режиссерлердің арасында Ернұр Башпай, Айтөре Жол­дас­қали, Медет Шаяхметов, Айсұлтан Сейіт­овтердің жұмысына қарап, өзімді түзеймін. Олардың да есімдері көпшіліктің құла­ғына жеткен. Медет Шаяхметовті Қазақстанда көп айта бермейді екен, өте талантты ре­жиссер, ол әлемдегі ең мықты музыкантқа, Канье Уестке бейнебаян түсірген. Одан бөлек, аме­рикалық қаншама жұлдызы жанған адамдардың бейнебаяны – Медет Шаяхметовтің туындысы. Айтпақшы, режиссер Кана Бейсекеев деген 2015-2016 жылдары Америкадағы қазақтар туралы видео түсіріп, YouTube арнасына жүк­теген болатын. Сол жұмысқа қатты қызық­қаным бар. Еуропада жүргенде осын­дағы  қазақтар туралы неге түсірмеске деп ойлап, содан Фран­цияға, Ни­дерландыға барып қазақ отбасы­ның өмірін түсірдім.

– АҚШ-та алған біліміңізді Қазақстанға келіп қолдану ойыңыз бар ма? 

– Әрине. АҚШ-та біраз тә­жірибе жиған соң, Қазақстанда фильм түсіру бұрыннан жос­парым­да бар. Менің өзіме қойған басты талабым – қаралым санына мән бер­меу, фильм тек көрерменнің көңілінен шықса болғаны. Сондай-ақ ол киноны тек Қазақ­стан ғана емес, әлем тануы керек. Менің «Ай бала» деп аталатын авторлық өз жобам бар, ол әлі де дайындық үстінде. Мен үлкен команда құрғым келеді. VFX (визуалды эффектілер) әртістерінің тобын қалыптас­тырып, болашақта жақсы нәтиже көрсетсе, ірі компаниялармен ті­келей жұмыс істейтін толыққанды про­дакшн компаниясын құруды жоспарлап отырмын. Бұл арқылы әріптестеріме жобалар табуға, әрі қарай өсуге, жақсы табыс табуға, тағы сол сияқты қадамдарына көмектескім келеді. Ақырғы шыңда қазақша мультимедиялық студия – Lyrical Limonade жасау да жоспарымда бар. 

Қазір АҚШ-тағы керемет продюсерлік компаниямен, талантты әртістермен жұ­мыс істеуді жоспарлап отырмын. Америка­лықтар – мейірімді халық, олар қызығу­шылығы жанып тұрған адамды көрсе, көп мүмкіндік береді. Солардың тарапынан беріліп отырған мүмкіндікті дұрысынан пайдаланып, келешекте қазақ жерінде қа­зақ актерлерімен жанры мүлдем ерек фильм­дер түсірсем деген ниетім бар. Шет­елдік тәжірибелерді алатын жастар өте көп. Мен Польшада болғанда украиндар, бела­рустар, поляктар, тағы басқа мемлекет аза­маттары қазақ жастары түсірген бейне­баяндарды, фильмдерді көріп әбден мақ­таған. «Қазақтар үнемі «хит» түсіреді» деп те айтатын.

– Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ