Фильм Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық кино орталығының қолдауымен түсірілген.
Астанада «Жамбыл. Жаңа дәуір» фильмінің жабық көрсетілімі өтті
1,185
оқылды

Астанада «Жамбыл. Жаңа дәуір» фильмінің алдын ала көрсетілімі өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Аталмыш фильм 6 маусым күні фильм ел кинотеатрларына жол тартпақ. Көркем туынды Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық кино орталығының қолдауымен түсірілген.

Туынды авторлары мұрағаттан алынған сирек деректерді пайдаланған. Солардың арасында 1936 жылы Жамбылдың өнерін насихаттауға атсалысқан мәскеулік маман Иосиф Гильманның немересінде сақталған маңызды мәліметтер де бар. Фильмнің авторы терең ізденістер нәтижесінде «XX ғасырдың Гомері» атанған ақын өміріндегі тарихи қайшылықтарды ашып көрсетуді мақсат еткенін айтады.

– Жамбыл атамыздың өмірі туралы көптеген кітаптар жазылып, фильмдер түсірілген. Алайда сол кездегі саяси конъюнктура ұлттық қажеттіліктерімізден гөрі жүйенің мүдделеріне сәйкес келетін туындылар жасауға мәжбүр етті. Сондықтан қазіргі заманауи көзқарастағы жастардың назарынан тыс қалған Жамбылдың бірнеше қырлары бар деп есептейміз. Қазіргі жастар сол кезеңнің атмосферасын сезініп, әлеуметтік жағдайын түсіну, сондай-ақ кейбір тарихи мәселелер мен тұлғаларға баға беру үшін осындай фильмдерді көруі қажет деп санаймыз, – дейді фильмнің қоюшы режиссері және сценарисі Жандос Құсайынов.

Фильм жыр алыбы деп танитын Жамбыл Жабаевтың өмірінің соңғы 9 жылынан  сыр шертеді. Бұл кезеңде оның есімі бүкіл Кеңес одағына мәлім болды. Фильмде Жамбылдың өміріне әсер еткен маңызды оқиғалар көрсетіледі: ақындар слеті, оның өлеңдерінің газеттер мен журналдарда жарық көруі, Ораз Жандосов, Сәкен Сейфуллин және басқа да белгілі қазақ қоғам қайраткерлерімен кездесулері.

– Басты рөлді сомдайтын актерді көп іздедік. Режиссер үшін ең маңызды болғаны – актер түр-әлпетінің ақын бейнесіне сәйкес келуі. Ол үшін біз басты рөлге үміткердің фотосуретін алып, оның түрін «қартайттық». Актерлар құрамына Алмас Шаяхметов, Анна Старченко, Асан Мәжит, Ерік Жолжақсынов, Фархад Махмудов, Филипп Волошин мен Асылбек Айтиш кірді, – дейді режиссер Жандос Құсайынов.

Көркем фильмде Жамбыл Жабаевтың жастық шағы да көрсетіледі. Жастайынан сөзге шешен, суырыпсалма ақын болғанын көркем суреттеген. Жас Жамбылды Жастар театрының актері Асылбек Әйтіш сомдады.

«Адамды даңққа бөлейтін екі қасиетті өнер бар: бірі – қолбасшылық, екіншісі – шешендік» деп ұлы шешен-ділмар Марк Туллий Цицерон айтқандай, шешендік – үлкен өнер. Өйткені, қиыннан қиыстыра сөйлейтін тапқыр да ақылды, бейнелі де бедерлі, аталы да баталы, нақыл, көркемсөзді келістіре айту – кез келген жанның бойынан табыла бермейтін қасиет. Ал сол қасиет біздің Жамбыл атамыздан табылған. Жамбылды Жамбыл еткен Кеңес одағы емес, оның шешендік өнері. Біздіңше, фильмнің айтпақ ойы да сол болса керек.

Айта кетейік, «Жамбыл. Жаңа дәуір» көркем фильмі 2021 жылы ақынның 175 жылдығы мерейтойы тұсында түсіріле бастады.

Гүлшекер Сүлейменова,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2-курс студенті

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.