Үкімет былтыр жыл соңында Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Еңбек және жұмыспен қамтудың халықаралық стандарттарын ескере отырып әзірленген құжаттағы іс-шаралар сауатты іске асырылса, сапалы жұмыс орындары 3,6 млн-ға дейін ұлғаймақ.
Мамандықта мән бар, нарық болса...
894
оқылды

Әйтсе де, бұл болжам ғана, өйткені нарық қайшылыққа толы. Мәселен, бос жұмыс орындары да, жұмыссыздар да көп. Яки, құжатта «күрделілігі төмен экономикада негізінен орташа біліктілік деңгейі талап етіледі, адами капиталдың дамуын ұдайы ынталандыруға стимул жоқ» делінсе де, жоғары білікті кадр жетіспейтінін айтып жүрміз. Әлеуметтанушылар еңбек нарығы құбылмалы болғандықтан, ол туралы болжам жасаудан гөрі, нақты фактілерді айғақтауға септесетін зерттеулер қажет екенін айтады. Ендеше бүгінге дейінгі әлеуметтік зерттеулер не дейді? Сұранысқа ие кәсіп иесі қайсы, заманауи «Еңбек адамы» кім?

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр жұмыспен қамту деңгейі 15 жастан асқан халық санына шаққанда – 65,6%, жұ­мыс күшінің санына шаққанда 95,3% болған. Ал жұмыссыздық деңгейі – 4,7%, яғни бар-жоғы 453 мыңға жуық адам жұмыссыз. Бұл ресми тіркелгендері, бос жүргендердің саны бұдан әлдеқайда артық. Жұмыспен қамтылған 9 млн-ға жуық адамның 6,9 млн-ы (76,3%) жалданып жұмыс істесе, 2,1 млн-­ы (23,7%) өзін қамтығандар. Пандемия кезінде жаңа жұмыс форматының таралуын ескерсек, қашықтан жұмыс істейтіндердің статистикасын жүргізу қажеттігі туындады. Осылайша, 2021 жыл­дан бері елімізде қашықтан жұмыспен қамтылғанның саны артып келеді. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының (ЕРДО) сарапшылары жүргізген талдау 2021 жылы елде миллионнан астам адам цифрлық платфор­маларда фрилансер болып жұмыс істегенін көрсетті. Бір қызығы, олардың 78%-ы фрилансингті ресми жұмыс­пен біріктірді. Қазақстанда фрилансер­лердің саны орта есеппен айлар бойынша 255,8 мың адамға жетті. Оның 48%-ы тек бір тапсырыс берушіге, 18%-ы екеуіне, 10%-ы үшеуі­не жұмыс істеді. Фрилансерлердің не­гізгі үлесін білім беру және сауда салаларының өкілдері (әрқайсысы 15%-дан), сондай-ақ мемлекеттік басқару және әлеуметтік қамсыздандыру секторы (13%) құрады. Жұмыссыздардың жұмыс іздеу динамикасы да қызық. Түйіндемелердің бос орындарға қатынасы арқылы hh.индекс негізінде еңбек нарығындағы бәсекелестік деңгейін бағалауға болады. 2022 жылы бұл көрсеткіш өсіп, 1,2 коэффиц­иентке жеткен, яғни бір бос орынға төрт адам үміткер болды. Еңбек нарығында бір ұсынысқа 5-6 түйіндеменің бол­уы қалыпты саналады. Бұл көрсеткіш өсіп жатқанымен, үміткерлер әлі де жеткіліксіз. 

Сарапшылардың айтуынша, қажетті біліктілігі бар мамандар жетіспейді. Қазір елдегі бос жұмыс орнының 60%-дан астамы Алматы мен Астанада шоғырланған. Бұл урбанизацияның жоғары деңгейі мен осы қалаларда ірі және орта бизнестің бас кеңселерінің шоғырлануына байланысты. Бұл елдегі ішкі көші-қонды ынталандырады. hh.kz сайтындағы барлық үміткердің 40%-дан астамы Алматыда, 20%-ы Астанада жұмыс іздейді. Өңірлерді дамыту бойынша шар­алар кешені қабылданбаса, өңірлік теңгерімсіздік проблемасы одан әрі шиеленісе береді. Еңбек нарығы күрт өзгеруде. Енді ол 2000 жылдан кейін туған ұрпақ есебінен өседі. Жыл сайын 300 мыңнан астам жас еңбек нарығына қадам басады. Қазірдің өзінде жұмыс күшінің 60%-ы миллениал­дар мен «Z» ұрпақ, ал 2030 жылға қар­ай бұл көрсеткіш 80%-ға жетеді. Осының барлығы жұмыспен қамту саясатын түбегейлі қайта қарауды, ең алдымен жастарды жұмыспен қамтуды көздейді.

Ұлттық статистика бюросының 2022 жылғы дерегінше, жұмыс орындарының жартысынан көбі (53%) орта білікті, ал үштен бір бөлігі (29%) жо­ғары білікті маманды қажет етеді, 17 пайызы жұмысшының білім-дағдысы­на еш талап қоймайды. Еңбек және хал­­ықты әлеуметтік қорғау министрлігі­нің мәліметінше, осы жылы сұранысқа ие мамандықтың үштігіне жүргізуші (4,6 мың бос жұмыс орны), құрылыс жә­не монтаждау жұмысының шебері (1,7 мың) және қаптаушы-бөлшектеп өлшеуші (1,3 мың) кірген. Күзетші, тас­ы­малдаушы, медицина қызметкері, тәр­биеші және олардың көмекшісіне сұраныс әлі де жоғары. Қазақстандықтар оқитын мамандықтар мен еңбек нарығындағы қажеттілік арасында алшақтық байқалады. Сонымен қатар тәуел­сіздік жылдарында әлемнің үздік ба­тыс университеттерінде білім алған маман саны артқан, білім берудің жо­ғары дәрежесіне ие (магистратура, док­тор­лық, докторантурадан кейінгі бағдарламалар) мамандар үлесі көбейіп келеді.

Трендтегі кәсіп қайсы?

Сарапшылар жұмыс берушілер ұқсас қызметтер көрсетуге бір ғана маманды жұмысқа алуға ұмтылатынын, еңбек нарығында «бесаспап», кез келген жағ­­дайға, өзгеріске икемді, soft skills қабілетке ие мамандарға сұраныс артатынын жиі айтады. Әлеуметтік медиа мамандары, мәліметтер сарап­шысы (дата-аналитик), IT-мамандарға және онлайн білім, бизнес-кеңестер беру­ге, тауар жеткізушілерге деген ма­м­ан тапшылығы туралы да көп естиміз. «Пандемия жекеленген адам­дардың мамандығын ауыстыруына, басқа салаға бейімделуіне ықпал етуде. Осы орайда оқу орындары білім сапасын күшейтіп, мамандық түрлерін қайта қарауы тиіс. Жоғары білім дипломдары емес, қысқамерзімді курстар оқыған, нақты бір сала бойынша кәсіби дағдылары бар мамандарға сұраныс арта бермек» деп жүрміз. Десек те, еліміздегі ең беделі, сұранысы­ жоғары, былайша айтқанда «трендтегі» кәсіп иесі кім?

Қазақстандық қоғамдық даму институты әлеуметтанулық зерттеу жүргізіп, соның аясында еліміздегі ең танымал кәсіптер рейтингін жасаған. 2023 жылдың желтоқсанында ұсынылған құжатқа сәйкес, бірінші орында – дәрігер (32,7%), екінші орында – мұғалім (32,4%), содан соң заңгер (14,3%), IT маманы (13,5%) және блогер (10,4%). Зерттеу авторларының айтуынша, респонденттердің осы кәсіптердің танымалдығы туралы пікірлері әлеуметтік қажеттілік және экономиканың даму тенденциясымен байланысты. Яғни, медициналық көмекке және жалпы халықтың денсаулығына күтім қажеттіліктің артуына байланысты медицина мен денсаулық сақтау саласының үлесі басым. Сондай-ақ пациенттер санының артуы және меди­ц­иналық қызметке қажеттілік арт­қан COVID-19 пандемиясының салдары да рөл атқарды. Ал білім беру саласы барлық уақыттағы танымал салалардың бірі болды, өйткені ол жас ұрпаққа білім мен дағды үйретеді.

Бір қызығы, аталмыш зерттеу аясында ең жоғары жалақыға ие кәсіптердің де тізбегі жасалған: мұнда да дәрігер (23,5%) мен мұғалім (21,9%) көшбасшы, кейінгі үштікте депутат (14,2%), мұнайшы (13,5%) және заңгер (12,2%) бар. Зерттеу сарапшыларының пікірінше, әртүрлі сек­тордағы жалақы көлемі ай­мақ­­тардың ерекшелігі мен экономикалық белсенділігіне байланысты. 

коллаж: Елдар ҚАБА

 

«Рейтинг бастап тұрған екеудің жайы түсінікті. Бұл салаға сұраныс жоғары. Ал «табиғи ресурстарды өндіру» нұсқасы мұнай, газ немесе минералдар сияқты табиғи ресурстарға бай және осы салада жоғары ақы төленетін жұмыс орындары жиі ұсынылатын белгілі бір аймақтарда басым. Сондай-ақ респонденттер мемлекеттік қызмет пен саясатты да жоғары ақы төленетін салаға жатқызады. Бұл мемлекет осы саланың қызметкеріне бере алатын тұрақ­тылық пен әлеуметтік жеңілдіктерге байланысты», – дейді зерттеу авторлары. 

Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, дәрігер (28,8%) – ең беделді кәсіп иесі. Одан кейін заңгер (21,3%) мен мұғалім (20,8%). Содан соң IT саласы (8,4%), мемлекеттік қорғаныс және кәсіпкерлік (әрқайсысы 8,4%-дан). Авторлардың айтуынша, кәсіптердің беделі еліміздің әртүрлі өңірінің мәдени, білім беру және экономикалық ерекшелігіне байланысты: «Меди­цина және денсаулық сақтау барлық алдыңғы санаттар бойынша жетекші сала және медицинаның әлеуметтік маңызын ескерсек, бұл – заңдылық. Аз­а­мат­тардың құқығын қорғау және заңды қамтамасыз етудегі рөліне байланысты құқықтану да жауаптардың басым үлесіне ие болды. Білім беру мен педагогика да қоғамның сұранысына байланысты беделді саналады. Жалпы, дәрігер мен мұғалімнің танымалдылығы, ең алдымен олардың азаматтардың денсаулығы мен білімін қамтамасыз етудегі маңызды рөлімен байланысты. Негізгі функциясы адам­дарға көмектесу болып табылатын бұл кәсіп өкілдерінің әлеуметтік маң­ызын айта кету керек. Заңгер беделі қазақ­стандық қоғамның негізгі бөлігі арасында тұрақтылық, табыс және мәртебемен байланысты қалыптасқан ұстанымдарға қатысты. Бір қызығы, ең танымал кәсіптердің бестігіне IT мамандары мен блогерлер кірді. Цифрлық қоғамның жаңа факторларының танымалдылығы қазақстандық қоғамның еңбек нарығындағы трендтермен қатар дамып жатқанын көрсетеді. Елде цифрландыру ауқымы неғұрлым тез ұлғаятын болса, IT және цифрлық плат­формалар саласындағы кәсіптер соғұрлым танымал болады деп болжауға болады. Сұлулық қызметі мен сауық­тыру, туризм және қонақжайлы­лық, сондай-ақ әлеуметтік қорғау және сақтандыру қызметтері сияқты басқа салалардың танымалдығы респонденттер арасында төмен».

Қазір еңбек нарығында география­лық, ұлттық шектеулер жоқ. Бұл мүм­кін­дікті жұмыс берушілер мен іздеу­шілер де барынша қолдануда. Еңбек нарығының макродеңгейдегі болашағында онлайн-қызметтер өсіп, заманауи кәсіптерге сұраныс артады. Әйтсе де, елімізде трендегі мамандықтардың көшбасшысы дәстүрлі кәсіп иелері –  дәрігер, мұғалім, мемлекеттік қызметкер және тағы басқа. Әрі бұл салаларда да маман тапшы. Айта кетейік, мұғалім, дәрігер, өрт сөндіруші, тәрбиеші және мемлекеттік қорғаныс сәйкесінше күйзелісі жоғары кәсіпке жатады. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, бұл тізімге өнімділікке қойылатын жоғары талаптар, белгісіздік пен тәуекел, тұрақты эмоционалды жүктемелер, ара-тұра орын алатын тұлғааралық қақтығыстар, қоғамдық сынға ұшырайтын және назар аударатын кәсіптер кірген. 

«Еңбек адамы» кім?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында еңбекқор адамның қадірі туралы айтты. «Елімізде еңбек адамы, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Олар мемлекетімізді дамытады. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару – маңызды. Жастар нақ­­­ты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Шын мә­н­і­нде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбие­­­леу­ге тиіспіз. Идеология жұмысында ос­ы­­­ған баса мән берген жөн», – деді Мемлекет басшысы. 

Ел тұрғындары арасында «Еңбек адамы» идеологиясы туралы ақпараттану деңгейі төмен. Бұл идеологияның қоғамдық дискурста талқылана бастағанына көп болған жоқ және «Қоғамда еңбек құндылығы идеологиясын ілгерілету бойынша 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» аясындағы іс-шаралар былтырдан бастап қана өткізіле бастады. Зерттеушілер көрсеткіштің төмен болуын осымен түсін­діреді. БАҚ пен әлеуметтік желі­лердің жеткіліксіз рөлімен байланыстыратындар да бар. 

Қоғамдық даму институты жүргізген зерттеуде «бұл идеология туралы хабардар қазақстандықтардың барлығы дерлік оның маңыздылығын түсінеді және қазіргі кезде өзекті екенін атап отыр. Әлеуметтік-мәдени кеңістікте байлыққа ұмтылу, әлеуметтік мәртебе, беделге ие болу құндылығы артты. Бұл еңбек саласында ынталандыру мүмкіндігінің азаюына, материалдық марапатқа мән берудің артуына әкелді. Сондықтан қоғамда тұлға болуға ұмтылу – еңбек адамы бейнесін қайта қалыптастыруға сұраныс байқалады» делінген. 

Зерттеу барысында респонденттер ұсынған «Еңбек адамы» идеологиясына сай келетін мамандықтар рейтингі жасалды. Оған сәйкес, бірінші орында едәуір алшақтықпен медицина мен денсаулық сақтау саласы мамандары (дәрігер, стоматолог), содан соң педагогика мен білім беру саласын­ың иелері (мұғалім, тәрбиеші, оқытушы) тұр. Жетекші мамандықтар бестігіне мемлекеттік қызмет пен басқару саласы, IT мен бағдарламалық қамтама­сыз ету әзірлеушілері (бағдарламашы, әзір­леуші, веб-дизайнер) және ғылым мен зерттеу саласы иелері кіреді.

Зерттеушілердің айтуынша, қоғамның жоғары сеніміне ие кәсіп иесінің «Еңбек адамы» болуға мүмкіндігі мол. Еңбек нарығында мамандыққа сенім білдіру мәселесі зор маңызға ие. Сенім деңгейін анықтау мақсатында әлемдік ком­паниялар түрлі әлеуметтанулық зерттеулер жүргізеді. Мәселен, Ipsos Global Trustworthiness Index компаниясы 2021 жылы 28 дамыған елдің арасында зерттеу жүргізген. Оған сәй­кес, дәрігерлер кәсібі ең үлкен сен­­ім­ге ие, сауалнамаға қатысқандардың 64%-ы оларға сенеді. Әлем тұр­ғындары ғалымдар (61%) мен мұғалімдерге де (55%) үлкен сеніммен қарайды. Ал ең аз сенім тудыратын кәсіптер – жарнама менеджерлері (15%), министрлер (14%) мен саясаткерлер (10%).

Елімізде халықтың ең көп сенімін тудыратын кәсіптер арасында көшбасшылар: білім беру және педагогика, ауыл шаруашылығы және аграрлық кәсіптер, қызмет көрсету саласы, авиация және аэроғарыш саласы, IT және бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу, ғылым мен зерттеулер. Ал респонденттердің сенім деңгейі төмен мамандықтар – құқық және құқықтану, мемлекеттік қызмет және басқару, маркетинг және жарнама (маркетолог, таргетолог, SMM-менеджер, PR-маман), әлеуметтік желі­лердегі блогерлер.

Белгілі бір кәсіп өкіліне сенім болмауына тұрғындардың жеке теріс тәжірибесі, сондай-ақ сол салаларда сы­байлас жемқорлық немесе моральдық құқықбұзушылықтар жағдайының жиілігі ықпал етеді. Медиа, қоғамдық пі­к­ір және әлеуметтік желілерде тал­қыл­ау арқылы да теріс көзқарас қалып­тасады. Мысалы, құқық қорғау органы­ның өкілдері немесе мемлекеттік қыз­меткер, блогер және жоғарыда а­т­ал­ған салалардың басқа да өкілі тур­алы жағымсыз жаңалықтар жалпы пікірге кері әсер етуі мүмкін. 

 

ТҮЙІН: 

Қазақстанның еңбек нарығына демография, көші-қон және жұмыс күшін бөлудегі өңірлік теңсіздіктер, оның ішінде құрылымдық жалпы өзгерістерге алып келетін ішкі және сыртқы факторлар үнемі әсер етуде. Кейінгі уақытта сарапшылар әсіресе жұмыс орындарын цифрландыру және автоматтандыру, жасанды интеллект енгізу сияқты жаңашылдықтар еңбек нарығын түбегейлі трансформациялайды дегенді айтып жүр. Заман талабын табандай алсақ жетістік болар еді, әрине. Әйтсе де, әлеуметтанулық зерттеу ел тұрғындарының сұранысындағы кәсіп түрлерін көрсетті, сәйкесінше, алдымен  осы маман иелерінің көсегесін көгертетін тетіктерді туралау маңызды. 

Айдана НҰРМҰХАН