Акцияның алғашқы күнінде өңірдегі 3 мыңнан астам аманаттық қатысты.
Алматы облысында «Таза бейсенбі» акциясы басталды
578
оқылды

«AMANAT» партиясы тазалық мәдениетін қалыптастыратын «Таза бейсенбі» жобасын қолға алды. Бұл акция елді мекендер аумағын қоқыстан тазартуға, абаттандыру мен инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.

Мәселен, бүгін акция аясында Іле ауданына қарасты Байсерке ауылының 200-ге жуық азаматы таңертеңнен түске дейін көше бойын тазартып, 40 тоннадан астам қоқыс шығарды.

«Бүгін ауқымды шара өтіп жатыр. Аманаттықтардың ұйытқы болуымен басталған бұл акцияны «Таза Қазақстан» жобасының жалғасы деп білемін. Алдағы уақытта да тәртіп пен тазалықты сақтауға бағытталған бұл істі жалғастыруымыз қажет», – дейді Байсерке ауылдық округінің ақсақалдар алқасының мүшесі Хамит Абдин.

Ал облыстық партия филиалының төрағасы Қуат Байғожаевтың айтуынша, еліміздің тазалығы мен әсем табиғатына қамқорлық жасайтын экологиялық қоғам құруымыз қажет.

«AMANAT» жетекші партия ретінде тазалық мәдениетін қалыптастыратын «Таза бейсенбі» жобасын қолға алып отыр. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бірреттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізілмек. Мәселен, бүгінгі шараға облыс бойынша 3 мыңнан аса тұрғын  қатысуда. Біз қоғамдағы вандализмнің көріністеріне төзбейтін заң мен тәртіптің үстемдігі қағидатына сәйкес келетін саналы қоғам құруымыз керек», – дейді Қуат Байғожаев.

Айта кету керек, партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасы аясында 2027 жылға дейін барлық аудан орталықтарындағы және Қонаев қаласында рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою міндеті тұр. Онымен қоса, өңірде полигон және кешенді қоқыс тиеу мен сұрыптау төрт алаңы салынбақ. Сондай-ақ барлық ауылдарда қоқысты бөлек сұрыптауға және құрамында сынап бар қалдықтарды жинауға арналған кемінде 1 мың контейнер орнатылады.