Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті.
Пойызға бір ай бұрын билет жоқ  – Сенат депутаты
1,595
оқылды

Сенат депутаттары қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, депутаттық сауал жолдады. Сенатор Арман Өтеғұлов Батыс Қазақстан тұрғындарының проблемасын айтты. 

Көрші елдерде жүйрік пойыздар жүйткіп, теміржолға инвестиция салып, туризмді дамытып жатқанда, Қазақстанда әлі күнге дейін бір өңірден екінші өңірге жолаушыларды тасымалдау жолға қойылмай келеді. Арман Өтеғұлов өзінің депутаттық сауалында теміржол саласының проблемасы туралы айтып берді. 

Сенатордың айтуынша, саланың негізгі проблемасы – инфрақұрылымның кенже қалуы, вагондардың тозуы мен жетіспеуі, процестерді автоматтандыру деңгейінің төмендігі. Сондай-ақ билеттердің қымбаттығына қарамастан, жолаушылар тасымалымен айналысатын жеке компаниялардың тиімсіз жұмысына байланысты қызмет көрсету деңгейі де мүлде төмен.

«Қазір Орал-Астана бағытындағы жолаушылар тасымалымен айналысатын «Сарыарқа» ЖШС республикалық бюджеттен қарқынды субсидия алып отырса да, өз міндеттерін толыққанды орындамай отыр. Әсіресе, жазғы маусымда билеттерді алу мүмкіндігі қиындап, жолаушылар тарапынан жиі наразылық тууда. Оған жауапты компания қосымша вагондарды қосуға және жаңа вагондар сатып алуға қауқарсыз және шығындалғысы келмейді. Нәтижесінде, қарапайым халық әуе билеттерін алуға қаражаты жетпесе, теміржол билеттері мүлдем болмайды. Мысалы, қазір Орал-Астана, Алматы бағыттарына билет іздесеңіз, 1 айдан аса күндерге билет сатылымы таусылған. Сонымен қатар бірер жыл бұрын іске қосылған Тальго пойызы да, компанияға пайдасынан шығыны көп деген себеппен, мүлдем алынып тасталды», – деді Арман Өтеғұлов.

Сенатор сонымен қатар билеттерді сатып алудағы қиындықтар адамдарды Астана мен Ақтөбе қалаларына бару үшін жеке таксиді пайдалануға мәжбүрлеп, жол апаты қаупін арттырып отырғанын атап өтті.

«Көрші елдер теміржолдарға инвестициялық жобаларды тартып, туризмді дамытып, жоғары жылдамдықты пойыздарды іске қосып жатқанда, біз тиісті деңгейде бір өңірден екінші елді мекенге сапалы қызметті көрсете алмай отырмыз. «Сарыарқа» ЖШС жолаушылар тасымалы компаниясын жеке тұлғадан мемлекеттің меншікке қайтаруды қарастыру керек. Орал бағытына да жаңа вагондарды бөлуге тапсырма беру керек. Пойыздар кешіккен жағдайда, өтемақы қайтару процесін автоматтандыру және  оның мөлшерін көбейтуді қарастыру, ол өз кезегінде жауапкершілікті күшейтіп, себепсіз кешігудің алдын алған болар еді», – деді Арман Өтеғұлов.

Бұған дейін Пойыздар 2 сағаттан 27 сағатқа дейін кешігіп жатқаны туралы жазған болатынбыз.