Павлодарда 100-ге жуық адам аумақты ауқымды тазалауға қатысты.
«Таза бейсенбі» акциясы: Павлодарда 11 тоннадан астам тұрмыстық және құрылыс қоқысы жиналды
1,258
оқылды

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында бүгін «AMANAT» партиясы апта сайынғы «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын бастады. Павлодарда 100-ге жуық адам аумақты ауқымды тазалауға қатысты.

Экологиялық акцияға «AMANAT» партиясының мүшелері, «Жастар рухы» ЖҚ белсенділері, жергілікті колледждердің оқушылары, өңірдің қоғамдық ұйымдарының өкілдері қатысты. Тазалау орны ретінде Зеленстрой шағынауданында қоқыс, тұрмыстық және құрылыс қалдықтары бірнеше жыл бойы жиналған учаске таңдалды.

«Бүгін қала билігі аумақты тазалау бойынша іс-шаралар өткізіп жатыр, сонымен бірге қызметтерге бүкіл қаланы жедел қамту қиын екенін түсінеміз. Біз елімізде тазалық мәдениетін қалыптастыру және экологиялық жағдайды сақтау мақсатында жастарды барынша тартуға тырыстық. Бұл бірреттік жоба емес, «Таза бейсенбі» акциясы апта сайын тұрақты негізде өткізіледі", – деп атап өтті «AMANAT» партиясының Павлодар облыстық филиалының төрағасы Илья Теренченко.

Павлодар жастары, оның ішінде ақпараттық технологиялар және түсті металлургия колледждерінің оқушылары қаланы тазалау және жинау бойынша партиялық акцияны қолдауға келді. Өткізілетін экологиялық іс-шаралардың маңыздылығы туралы белсенді, блогер, түсті металлургия колледжінің педагогі Исламбек Әлжанов айтып берді:

«Біздің жастарды қоғам тәрбиелеп отыр. Егер олар пайдалы іспен айналыспаса, одан жақсы ештеңе шықпайды. Қоғам біріксе – бірлігіміз нығаяды. Бүгінде жастардың дүниетанымы өзгеруде. Мысалы, студенттермен бірге тазалау орнына жаяу жүріп, ән айтып келдік. Нәтижеден бөлек, оған жетудегі жолдың өзі де қызықты, ол ең жақсы қасиеттерді тәрбиелейді", – деп атап өтті ол.

Партиялық экологиялық акцияның бірінші күнінің қорытындысы бойынша, облыс орталығында 11 тоннаға жуық тұрмыстық және құрылыс қоқысы жиналды. Бүгін Ақтоғай және Ертіс аудандарында, Ақсу және Екібастұз қалаларында осындай тазалау жұмыстары жүргізілді. «AMANAT» партиясының мүшелері акция әр бейсенбіде өткізілетінін еске салып, жұртшылықты тазалық пен тәртіпті сақтауға белсенді қатысуға шақырады.