«AMANAT» партиясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза елмен етене жақын жұмыс істейді.
Жауаптылар бюджеттен бөлінген әрбір теңге үшін жауап беруге тиіс – Самат Нұртаза
1,031
оқылды

Депутаттың айтуынша, өңірлердегі проблемалар туралы тұрғындардан шағым жиі түседі. Әсіресе, аймақтарда инфрақұрылымды дамыту мәселесі өзекті.   

– Сізге депутат ретінде тұрғындар қандай проблеманы жиі айтады? 

– Менің атыма Өскемен мен Семей қалаларының тұрғындарынан түнгі уақытта қала көшелеріндегі жарықтың нашар екені туралы шағымдар келіп түсті.

– Мұның себебі неде? Толығырақ айтып бере аласыз ба?

– 2017 жылы Қазақстанның «Жасыл экономикаға» көшуі аясында «Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі өңірлік орталығы» акционерлік қоғамы мен Еуропа қайта құру және даму банкі арасында «Өскемен қаласында және Семей қаласында көшені жарықтандыру жүйесін жаңғырту» жобасы бойынша құны 4,8 миллиард теңге болатын кредиттік шарт жасалды. Оның ішінде, Еуропа қайта құру және даму банкінің кредиті – 3,6 миллиард теңге, ал жергілікті бюджеттен қаржыландыру 1,2 миллиард теңге болды. 2019 жылы тендер қорытындысы бойынша, Еуропа қайта құру және даму банкінің сатып алу ережелеріне сәйкес мердігер анықталып, онымен «Жобалау» – «Жеткізу» – «Орнату» – «Қызмет көрсету» бойынша шартқа қол қойылды.

– Ал қаражат толық көлемде бөлінді ме?

– Әрине! Қаражат толық бөлініп, ол толығымен игерілді. Сол кезде тұрғындарға жоба іске асқаннан кейін бұл қалалар жергілікті «Лас-Вегасқа» немесе «Макаоға» айналады. Ал өңірдің осы екі қала бойынша жарықтандыруға кететін шығындары 60 %-ға қысқарады деп уәде берген.

Шамдарды ауыстыру жұмысы 94%-ға орындалса да, өзін көтеретін, оқшауланған 335 шақырым кабель тартылып, сыртқы жарықты басқаратын 394 шкаф орнатылса да, бес жылдай уақыт өтті, жоба аяқталған жоқ. Жаңа лампалар істен шығып жатыр. Тіпті, орталық көшелердегі фонарлар да сөніп, айлар бойы жанбай тұрады.

– Ал облыс әкімдігі не дейді?

– Бізге облыс әкімдігінде түсіндіргендей, жобаны іске асыру кезеңінде мердігер ұйым тарапынан шамдардың, құрылыс-монтаждау жұмыстарының, қызмет көрсетудің сапасына қатысты проблемалы мәселелер туындаған. Әкімдік бізді «Қазіргі уақытта қалаларда жарықты қалпына келтіру жұмыстары облыс әкімінің бақылауында», – деп сендірді.

– Депутат ретінде енді қандай жоспарыңыз бар?

– Осыған байланысты біз бұл жағдайды мұқият бақылайтын боламыз. Жауаптылар бюджеттен бөлінген әрбір теңге үшін жауап беруі тиіс. Депутат ретінде мен бұған барынша күш саламын.

– Әңгімеңізге көп рақмет!