Мемлекет басшысының "Таза Қазақстан" жалпыұлттық науқаны бастамасын қолдау мақсатында республиканың барлық өңірінде 6 маусымнан бастап «AMANAT» партиясының "Таза бейсенбі" акциясы бастау алды.
"Таза Қазақстан" науқаны өңірлерде бастау алды
1,084
оқылды

 "Таза бейсенбі" акциясы "Таза Қазақстан" жобасы шеңберінде жалпы мақсаттарға қол жеткізу үшін, Қазақстандағы экологиялық жағдайды жақсарту және өмір сүру сапасын арттыру жолындағы маңызды қадам болары сөзсіз. 

Акция елді мекендер аумағын қоқыстан тазартуға бағытталған. Негізінен акция бірреттік емес, тұрақты және жалпыұлттық түрде өтіп тұрмақ. Енді әр аптаның бейсенбісі тазалық күні болмақ. Әрбір азамат айналасының тазалығына атсалыса отырып, қоршаған ортаның тазалығына мән беріп,  экологиялық әдеттері қалыптаса бастайды. Бастысы, тазалық сақтаудың маңыздылығын түсінеді.  

Сондықтан "Таза бейсенбі" экологиялық акциясы аясында барлық өңірлердегі елді мекендердің ластанған аумағы анықталып, сол бойынша карта жасалды. Әр бейсенбі сайын партия мүшелері, белсенділер, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері сол аймақтарды қоқыстан тазалауға көмектеседі. Кейіннен әрбір ластанған учаскеге "AMANAT"-тың бастауыш партия ұйымдары мен аудандық филиалдары бекітіледі. Олар ай сайын бекітілген учаскелерде тәртіп пен тазалықты сақтауды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ урналарды орнату, аумақтарды көгалдандыру, жолдар мен тротуарларды жөндеу сияқты инфрақұрылымды абаттандыру мен дамытуға байланысты мәселелерді шешеді. 

Акцияға Батыс Қазақстан облысы да тыс қалмай, атсалысып жатыр. Бүгін "AMANAT" партиясы Шыңғырлау аудандық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Таганиязов, Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, партия ардагері Сабыр Самиев, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер кеңесінің мүшелері, партия қызметкерлері, аудандық "Жастар рухы" ЖҚ белсенділері, бастауыш партия ұйымдары мен БАҚ өкілдері қатысты. 150-ден астам акцияға қатысушы Шыңғырлау аудандық паркті қоқыстан тазартты. Нәтижесінде, 20 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.

Сонымен қатар  республика көлемінде тазалықты сақтауға үндеген акцияға сырбойылық аманаттықтар да үлес қосып жатыр. Олар қала орталығындағы азаматтардың демалыс орны, Б.Шөкенов атындағы саябақты тазалап шықты. Партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова өңір тұрғындарының экологиялық мәдениетін арттыру үшін қоршаған ортаны таза ұстауды күнделікті өмір салтына айналдыру  керегін жеткізді.