Заманында сирек кездесетін кені­­нің арқасында дәуірлеп тұрған Текелі қаласының қазіргі жағдайы да жаман емес.
Текелі таза суға қашан жариды?
701
оқылды

Кен-байыту комибнаты жұмы-с­ын тоқтатқан соң, шағын ша­һар­да кә­­­сіп­тің балама түрлері дам­ып, ша­ғ­ын және орта кәсіпкерлік өр­кен­деді. Туризм қанат жайды. Тау­­дағы табиғат байлығын пайда­ла­ну өрістеді. Соның арқасын­да жұрт­шы­­лық көштен қал­май, елмен бірге арбаларын сүй­реп кел­еді.

Дегенмен Текелі тұрғындарын жылдар бойы мазалап келе жатқан бірнеше мәселе бар. Соның басында тұрғандардың бірі – қалалықтардың таза ауызсудан тарығып қалатыны. Әсіресе, көктем мен күзде үй­лерге тартылған құбырлармен келетін су лайланып кетеді. Бұл жылда қайталанатын жағдай. Асқар шыңдардан бастау алатын Қора және Шажа өзендері кесіп өтетін, тауының баурайын түртіп қалсаң бұрқырап бұлақ шығатын Текеліде таза ауызсудан тапшылық көру деген тіптен ақылға да сыймайды. Кейінгі жылдары ауызсулары жиілеп кеткен облыс басшылары да, қала әкімдері де халықпен кездескенде таза сумен қарық қыламыз деп  уәдені үйіп-төккенімен, соларының біреуі де жүзеге асқан жоқ.  Тағы бір мәселе – ол табиғи газ­­дың тартылуына қатысты. Бұл да жыл сайын шешіледі дегенмен, әлі күнге сиырқұймышаққа салынып келеді. 

Күні  кеше Текеліге арнайы барып, бар­лық мәселемен жете танысып, тұрғын­дар­мен жүздескен облыс басшысы Бейбіт Иса­­баев халықты мазалаған сауалдарға жауап берді. Облыс әкімінің айтуынша, Текелі қаласында жылдар бойы күрмеуі шешілмей келе жатқан ауызсу мен табиғи газ мәселесі биылғы күзде түпкілікті шешіледі. Газ тарту жұмыстарының бүгінде 80 % жуығы аяқталған. Ал бұрын ашық өзен суынан алынатын ауызсу енді арнайы қазылған 3 ұңғымадан тартылады, сүзгі стансасының ішкі қондырғылары жөнде­ліп, текеліліктер таза ауызсуға қол жеткізетін болады. 

Облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов Текелінің газдандырылу барысынан хабардар етті. Оның баяндауынша, қалаға газ тарату желісінің құрылысын «Алия Сервис» ЖШС мердігер мекемесі жүр­­гізуде. Газ желісінің жалпы ұзындығы – 194,3 шақырым, бүгінде соның 142 шақырымы төселіпті. Қаладағы 190 көпқабатты үйдің қазір176-сы газ желісіне қос­ылған.  Жалпы, жобаның сметалық құ­ны – 5,6 млрд теңге. Былтыр 3 млрд тең­геге жу­ық сома игерілген, ал биыл қал­ған қаражат бөлінді, ол қараша айында түгел игер­і­ліп, тұрғындар табиғи газға қол жеткізеді. 

Ауызсу мәселесі жөнінде қала әкімі Ал­мас Әділ хабарлама жасады. Оның баяндауынша, күрделі  мәселенің күрмеуін тар­қату мақсатында қалада сумен қамту инженерлік желілерінің құрылысы жүргіз­іліп, жоба жоспарға сәйкес аяқталыпты. Ендігі  жұ­мыстар  бұрыннан қолданыстағы су құбыры желілерінің едәуір тозып кетуіне байланысты, ондағы 400-ге жуық ысырманы ауыс­тыруға қатысты жүргізілуде. Бұл жұмыс осы маусым айында басталады. Су со­р­ғы стансасына ағымдағы жөндеуден өт­­кіз­іледі. Құрылыс жұмыстарының бәрі қыркүйек айында аяқталып, таза ауызсу беріледі деп болжанып отыр. Оған қоса, кезең-кезеңі­мен қаланың магистралды су желісіне, сол сияқты «Металлург», «Достық», «Алатау» шағынаудандарындағы су құбыры желілеріне қайта жаңғырту жүргізу жоспарланған.

– Текелі қаласы халқының жылдар бойы шешілмей келе жатқан екі күрделі проблемасы – газдандыруы мен ауызсуға қатысты мәселе биыл шешіледі. Газдандыруды жоспар бойынша қараша айында аяқтасақ, «Текелі Энергокешені», «Текелі тау кен байыту кешені», «Электромарганец» сияқты жүйе құраушы ірі кәсіпорындардың барлығына, жалпы қала халқына газға қосы­л­­­­уға мүмкіндік жасалады. Бұған дейін Текелі халқына ауызсу Шажа мен Қора өзен­дерінен, яғни жер бетіндегі су көздер­інен алынып, ескі сүзгі стансасы арқылы тазаланып, беріліп келді. Халықтың тарапынан объективті түрде арыз-шағымдар түсетін, әсіресе көктем-жаздағы жауын-шашын кездерінде су лайланып, сапасы төмендейді. Сондықтан біз былтыр 3 ұңғыма қазып, су шығардық, 16 шақырым желіні жаңадан тарттық. Сонымен бірге әрқайсысы 3 мың текшеметр болатын 2 резервуар салынды. Биыл жергілікті бюджеттен қаржы бөліп, сүзгі стансасының ішіндегі қондырғыларын жөндейміз. Соның нәтижесінде сағатына 600 текшеметр  су сүзгіден өткізіліп, таза су беруге мүмкіндік туып, текеліліктер тазарған ауызсуға қол жеткізеді. Мұның бәрі халық­тың өмір сүру сапасына, тұрмыс жағдайына оң әсер етеді. Сондықтан нысандардың құрылыс жұмыстары ең бастысы сапалы жасалуға тиіс, – деді облыс әкімі сапар қоры­тындысында.

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы