Күні кеше ғана сатираның сарбазы болып жүрген Берік Садыр бүгінде осы саланың қанаты қатайып кеткен сардарлары қатарына кіріп, қазақы қалжың ақсақалдарының біріне айналды.Бірнеше топтама жинаққа сатиралық әңгімелері енген қаламгердің 1987 жылы «Не десем екен?!» атты алғашқы әзіл-сықақ кітабы жарық көрсе, одан соң «Қосымша ми», «Біз өсек айтпаймыз», «Ойсоқты», «Ойхой өмір», «Социализм сатирасы» жинақтарын шығарды.
Сатираның сайыпқыран сардары
1,310
оқылды

Аударма саласына да дендеп атсалы­сып, «Әлем әзіл әңгімелері» атты шетел сатириктерінің әзіл әңгімелерін аударып, кітап етіп оқырманға ұсынды.

Сондай-ақ әлемге әйгілі тұлғалар мен қазақ қайраткерлерінің тауып айт­қан тапқыр сөздерін құрап «Бірде...» деп, айтқыштардың айтқандарын құрап «Ауыл­дың айтқыштары» және «Ауыл әзілдері» деп қос жинақты қалың көп­шілікке тарту етті. Бір дұрысы, аталған кітаптар түгелдей тек «мемлекеттік тап­сырыспен» жарық көрді.

Біз сатираның сайыпқыраны Берік Садырды 70 атты мерейлі мерекесімен құттықтай отырып, сұхбат жүргізіп, әзіл әңгімесі мен аудармасын, тағы басқа қыс­қа да нұсқа әзіл-оспақтарын оқыр­манға ұсынып отырмыз.

– Саналы ғұмырыңыз баспасөзбен байланысты екен, журналистикаға бет бұруыңызға не жағдай себеп болды?

– Филологияны бітіріп, тек мұғалім болатыныма сенімді болатынмын. Ал жазып кету үш ұйықтасам түсіме кірген емес.

Бітіріп, Райымбек ауданындағы «Қызылшекара» сегіз жылдық мектептің жоғары сыныбына тіл-әдебиеттен дәріс беру бұйырды да, келесі жылы әкем Алматыдан қазынадан үй алып, мен болсам бойдақпын, ілесіп қалаға келуге тура келді... Ол кезде мұғалімдікке орна­ласу өте қиын екен. Бос жүруге болмай­ды, қара жұмыс істеуге тура келді.

Әкемнің арқасында «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газеті редакторы­ның орынбасары Сағат Әшімбаевқа барып корректорлық жұмысқа тұрдым. Онда 8 ай жұмыс істеп, секретариатқа ауысып, макет сызуға тура келді. Яғни, менің журналистикам осылай басталды. Газет қызметкері болсам да өндіртіп ма­қа­ла жазған емеспін. Қайда жүрсем де тек секретариатта болып, 1996 жылы ғана әзіл-оспақ жанрына бұрылуға мүмкіндік туды. 

– «Жазып кетуге» не себеп болды?

– Университет бітіріп, екі жыл қыз­мет істеп жүріп те сол жазуға құлқым бол­мапты. «Лениншіл жас» газетінің «қаза­нына» тап болған соң бір күні ойы­ма мұғалім болып жүргендегі бір оқиға оралып, соны қағазға түсіруге тура келді.

Әлі есімде, ауылда мұғаліммін. Бір күні менен басқа ұстаз атаулы абыр-са­быр, «Басекең кетті... шығарып сала­йық!..» деп мектепті бір маған табыстап ізім-ғайым тайып тұрғандары бар... Ойы­ма келгені: «Басекең марқұм бо­лып... соны шығарып салуға кеткен екен...» болды. Кейін білсем, басекеңнің (совхоз директоры) қызметі өсіп ауданға барып, ел-жұрты сол кісінің көшін «шығарып салуға» жөңкіген екен...

Содан жазғаным, тұңғыш қолжазбам 1980 жылдың 22 ақпанында «Қолпаш» деген атпен «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрді.

– Кеңес заманы кезінде, «Қазақ әдебиеті» газетінде жұмыс істеп жүргенде бір сатиралық әңгімеңіз «Америка дауысы» радиосынан беріліп, басыңыз дауға қалыпты ғой?..

 – Ертеңгілік бас редактор шақырып: «Үстіңнен Қонаевқа арыз түсіпті!» деп төбемнен ұрғаны... Анау-мынау емес, Қазақстан Компартиясы Орталық коми­тетінің басшысының атына... Сас­қандыкі: «Қандай арыз?...» деп міңгір ете қалыппын. Шерхан Мұртаза кіжірей­ген қалпы: «Өткендегі «Кезек оны­кі...» деген шошалаңды («Қазақ әде­биеті», 11 қаңтар, 1983 жыл) АЗВИ-дің бір студенті оқып, «шопандарды өстіп мазақ­тауға бола ма?» деп арыз жазыпты. Мәселең қиын! Кетуің керек шығар!..» деп бөлмесіне кірген орынбасары Әбіраш Жәмішевке: «Ректорына звондаңыз... ондай студент жоқ болса, онда жоғарыға бұның көркем дүние екенін айтып түсініктеме жазыңыз» деді. Ал керек болса, пәле аяқасты деген осы-ау... 100 жол әңгімесін жариялап, 200 жол түсініктеме жаздырғанды кім жақсы көрсін… 

...Күні бойы қорыққаннан түнеріп, ба­сыма қара бұлт үйіріп, түңілдім де отыр­дым... Түні бойы көз ілмей дөңбекшіп шық­тым де­сем болады... 

Ертесінде қызметтес Әуез Бейсебаев ым­дап шақырып алып: «Пәлекетті естідім... Студенттің арызы ештеңе емес, ана АҚШ-тың «Голос Америки» атты радиосы сенің әңгімеңді аударып беріп, СССР-дағы Ленин орденінің сиқы осы» деп көлдей ғып жыр­лап өтіпті. Ондайды Мәскеу қалт жібере ме, дереу Қонаевқа «мәселенің анық-қанығын анықтаңыз, рас болса, әңгіме авторы, басқалары бар – жаза­лансын» деген бұйрық келіпті» дегені... Төбеден таспен ұрды деген осы, омақаса құламасам да, опырылып отыра қалдым... «Қап, ит-ай ә, бұл әңгімені қайдан ғана жаза қалып едім... қайдан ғана газетке бере қалып едім... анда отырған әшейіндегі қырағы көздер қайда қараған?!» деп далбасалаған боламын... Істерге шараң жоқ, есек судан өтіп кетті, артын күтіп, жазаңды алғаннан басқа амал жоқ...» деп өзіме-өзім басу айтқан бол­дым... «Пәлекет жазаның қатаң түріне соқ­тыртып жүрмесе» деп шошынып та қоямын.

Ертесінде баяғы Әукең тағы ымдап, жүгіріп шыға қойған маған: «Қорықпа, ана жоғарыдағылар ақылдаса келе әңгімең туралы мәселені жылы жауып біржола доғарыпты да, ана әңгіме авторына еш жаза қолданылмасын, қолдана қалсақ, ана дайын отырған радиоға да керегі сол, «ана авторды сөйтіпті де бүйтіпті» деп тағы сайрап шыға келері сөзсіз... Сондықтан ол мәселені қозғаусыз қалдырыңыздар деген тоқтамға келіпті» деп жақсы хабарды айтып, төбемде төніп тұрған бүткіл қара бұлтымды ыдырат­қаны бар... Әукеңді қолтықтап алып «Қа­лам­гердің» таңертеңгі алғашқы қонағы болып отыра қалыппыз... 

– Сатирамен қуғын-сүргін қатар жүреді дейді. Рас па?

– Б.э.д. 43 жылы Рим ақыны Публий Овидий Назон – император Августы келемеж еткені үшін Дунайға 9 жылға жер аударылады. Тәжіктің ұлы ақыны Фир­доуси­дің (934-1025 жылы) «Шахнамасы» сұлтан Махмұдқа ұнамай, пілге таптатып өлтіруге бұйрық беріледі де, ол қашып-пысып жүріп өмірден озған деседі. ХVІІІ ғасырда Вольтер Франциядан қуылған. Жан Поль Маратты памфлеті үшін жарып өлтірген. «Түс» атты сатиралық поэмасы үшін Тарас Шевченко Маңғыстауға жер аударылған. Герцен қудаланды. С.Щедрин 7 жыл айдауда болды. Атақты Чарли Чаплин Швейцарияда өлді.

... Бізден Шорманның Мұстафасы... Жаяу Мұса...

– «Саяси сатира» атты айдар болушы еді бір кездерде. «Фельетонның» көзден бұлбұл ұшқанына не айтар едіңіз? 

– Иә, өкінішке қарай, саяси тақырып­тарға жазылған әзіл-оспақ, сын-сықақ қазір жоқтың қасы деуге болады. Бұл ай­дардың дүрілдеген дәуірі социализм дәуірі еді ғой. Ол кезде империализм-капитализм сияқты «нақты» жауың бар болатын. Сол мықтының шаужайына жармасып оңды-солды сілтеп, саясатты сарқып іше беруге болатын. Қазір қоғам басқа, алды-арты­мыз­ды байқамасақ, күнде құбылып тұрған заманда бүгінгі жауың ертеңгі «үзеңгі» дос болып шыға келеді... 

Ал ішкі саясаттан «сайрап» көрудің де қауқары шамалы. Сен сынап-мінеп міңгірлеп көр, оныңды шыбын шаққан құрлы көрмей жатқан қоғамыңа қарап айта-айта қоясың.

Бір кездердегі фельетон жанрының қай басылымнан болса да көрінбей кеткені рас. Өйткені бұл жауынгер жанр нақты дерек­терге құрылып, мысқылмен сынай отырып әжуалауды мақсат тұтқандықтан, күрделі әрі күрмеуі қиындау күй кешіп қалды. Бұдан фельетон мүлдем жазылмай­ды екен деген түсінік қалыптаспауы тиіс. Өйткені «Фельетон» деп айдар тағылмаса да, жа­рия­ланып жүрген «атышулы» сын мате­риал­дар осы жанрдың міндет-мақсатын атқарып жүргені анық.

–«Ара-Шмель» журналында қызмет етіп жүрген кезіңізде қызық-шыжықтар ал­дыңыздан шыққан жоқ па?

 – «Арада» басшы көп отырмайды. Қалтай Мұхамеджановтан «қыз­метіңіз қалай?» деп сұрағанда, «Жалаңбұт кірпінің үстінде отырғандаймын» деген жауап беріпті. Қалекең өзінің хатшысына «Ана Көпен бір уақыт белгілеп, мені қабылда­сыншы» деген сөзді де сол кез айтыпты.

 Сол Көпекең Қалекең кетіп, орнына Сайлаубек Жұмабек баc редактор болып келгенде «Қожа кетіп, кожа заменитель келді» деген сөзді айтып жіберіпті. 

 Көпекең «Араға» басшы боларлық он бір адамның кандидатурасы бар еді, ой­пыр-ай, соның ішінде жоқ адам Қалдарбек Найманбаев бастық боп келеді деген үш-ұйықтасам да түсіме кірмепті» демекші, сол Қалдекеңе суретші Нағым екеуіміз екі жақтап әзіл суреттердің «күлкісін, астарын» түсіндіретінбіз... Сатира саласында осын­дай да оқиғалар болып еді. 

– Кітапқа ат қою аса тапқырлықты қа­жет ететін шығар. Кітаптарыңыздың атта­рын атап жібермейсіз бе?

– «Не десем екен?» – деп басталды да, «Қо­сымша ми», «Біз өсек айтпаймыз», «Ойсоқты», «Социализм сатирасы», «Ой­хой өмір!», «Әлем әзіл әңгімелері», «Ауыл­дың айтқыштары», «Бірде...деген екен», «Ауыл әзілдері» деп бітеді.

Көпен Әмірбек кітабына ат таба алмай қиналғанда марқұм Оспанхан Әубәкіров «Аты жоқ кітап» деп қойып тапқырлық танытыпты. 

Кітапқа ат қоюдың жанында бала-немереңнің аты жіп есе алмай қалады. Біледі-ау дегендерге бәйге жариялап жар салсаң да «әп бәрекелдіні» таба алмайсың. Өз басым кітапқа кетіп жатқан қарақұрым әңгімелерімнің алты-жетеуіне «кездік қадап» қадалып барып әрең-пәрең біреуіне тоқталамын. Жоғарыдағы аттар соның тікелей жемісі. Шетелдің Гвотни деген беймәлім жас жазушысы алғашқы кітабы өтпей сөреде шаң басып жатып қалғасын, амал-айла ойлайды да газетке мынадай хат-жарнама береді: «Аса бай миллионер жас жігіт жазушы Джеймс Гвотнидің кітабындағы кейіпкер секілді сұлу қызбен танысқысы келеді?»

...Сөйтіп, бір аптаның ішінде бүкіл кітапты қыз-қырқындар талап алып кетеді. Тағы бір Американың ортанқол жазушысымағы өзінің «өлімтік» кітабын өткізе алмай зиян шеккесін, келесі жина­ғы­ның атын «Бұл кітапты оқымаңдар!» деп қояды... Оқырмандар да ит пен бала секілді қорыған жерге өш келеді емес пе?.. «Әй, ішінде не бар екен, мұны неге оқымаймыз?» деп жапа-тармағай жабылып, аз күннің ішінде ада қылыпты...

– Қойыла беретін сұрақ: соңғы кезде не жазып жүрсіз?

– Башқұрт классигі Мұстай Кәрімге: «Мұстай аға, соңғы кезде не жазып жүрсіз немесе не жазуды ойлайсыз?» деп сұрағанда: «Ештеңе жазып жүргенім жоқ, жоспарымда да ештеңе жоқ. Жас та қуатты Мұстайға шау тартқан Мұстай шал қиянат жасап ала ма деп қорыққандықтан да жазбай жүрмін» – деп жауап берген екен... Біздікі де сиреді, сирегенде ақылға сап «нашар әңгіме жазбау керек» деген қағидама қатып қалған жағдайым бар. Жас та алғыр Беріктің бір кезде жазып тастаған әңгімелерінің 93-ін мүлдем жойдым. «Әп, бәрекелді!» дегізер тақырып тақ ете қалса қанеки! Жазып «құтылғанша» тынышым кетеді. Ғажап тақырып ойға келмесе «осы мен «бітіп» бара жатқан жоқпын ба?» деп төменшіктеп, ал аяқасты «шабыт ұстаған­да» «Е, әлі бабымда екем ғой» деп тәубеме келемін. Ылғи да «ғажап» туындыны күтіп жүргендіктен, соңғы жазғандарыма кейде көңіл толмайтын кез де болады. Ал оным газеттің бірінде «Бүгінгі сатира» айдарымен жарық көре қалғанда «Е, бәсе!» деп танауым делдие қалатыны бар. Құдайға шүкір, бір пенде жазар дүниелерді бітірдім, енді ештеңе жазбай кетсем де, осыдан 30 жыл бұрынғымнан бастап газет-журналға бере бастасам да – оның жарияланатынына сенімдімін.

 Александр Блок бірде: «Мен өлең жазу шеберлігінің шыңына жеттім, енді ақын­дықты тоқтатсам да болады» деген екен.

 Өз шама-шарқыңды шамалап дер кезінде тоқтай қалған жөн-ау. Кей осыны ұғынған ақсақал жазушы­лары­мызға іштей риза болсаң, ал кей ағалардың «жанкеш­тілігіне» жаның ашиды.

Жапонның ары бар аса талантты жазушылары берерін беріп, айтарын айтып біткен соң басқа кәсіппен айналысып кетеді екен. Сірә, бұл үрдіс әдебиетті әулиедей баға­лаған­нан шығар.

– Шығармашылықтағы өкінішіңіз бен арманыңыз?

– 300 жылдай орыс империя­сының қоластында болғандық­тан, орыс тілін біліп, соның арқасында шетел сатира­сынан хабардар болып, оны өз тілімізге аударуға мүмкіндік болды. Өкіні­шім – ана Үндістан сияқ­ты бір кездері ағылшын­дардың отары болғанымызда ғой... қа­зір ағылшынша сайрап кеп бе­ріп, ойпыр-ай, мына интер­нет дамыған заманда дү­ниенің төрт бұры­шы­нан хабардар болып отырар едік. Әрі Англия­дан тәуел­сіздігімізді ертерек алар едік те, солтүстік пен оңтүс­тігіміздегі ата­жұрты­мыз өзімізде бо­лып, қазір­гі алаңдап отыр­ған жағ­дайда Англиямыз сонау қиыр шетте болып, қауіп-қатерден ада болып отырар едік...

Арманым – Еуропадағы сатиралық қала Габровада болсам деймін. Ана жол түспеген Түркиядағы Ескішехирге барып келсем, артықтық болмас еді. Және ең негізгісі – дамыған Америка жұрты ма, артта қалған Африка халқына да ортақ, қайсысы оқыса да «әп, бәрекелді!» дегізер­лік – тек аздаған ел мен бір қоғамның кемшілігін дөп басқан дүние емес, жалпы адамзатқа ортақ, қай кезеңде де өз мәнін жоймас біраз әңгіме жазсам арманым болмас еді.

– «Қанағат қарын тойғызады» деген бар. Сізге мол дүние қажет пе?

 – Жарты әлемді жаулаған Александр Македонский – Ескендір Зұлқарнайынның өлген соң табыттан қолы шошаңдап шыға беріпті. Бір білгір оның алақанына бір шөкім топырақ салған соң ғана қолы сылқ етіп табытқа түсіпті.

Сөйтсе Ескендір тірілерге:

– Ей, жарандар, мен дүниенің жарты­сын жаулап, алтыннан тау тұрғызсам да, о дүниеге ештеңе алып бара жатқан жоқпын. Міне, қараңдар! – деп алақанын ашып көр­сеткен екен.

Қайран дүние, тіршілікте кім тойған... Адамның ашқарақ көзі топыраққа ғана тояды.

... Қадыр Мырза Әліге бірде бір мил­лион (ол кезде миллионның құны бар) бұйы­рып, «Неге жаратасыз? Сізге көп ақша керек пе?» деген сұрықсыздау сұрақ қойылғанда: «Бұл жөнін оп-оңай-ақ тауып кетіп отыр. Ал неге жаратасыз дегеніңе, тағы бір миллион бұйыртсаңдар айтайын», – деген екен.

...Анау айтқан мол дүние бізге бұйыра қоймас, негізі тапқаның қажетіңе жетіп жатса қанеки... «Қанағат қарын тойғыза­ды» деген ақылды сөзде көп мағына бар.

– Өзіне-өзі жарнама жасау мен жағым­паздықтың «жай-жапсарын» тілге тиек етіп көрсеңіз?

– Мұхтар Шахановтың үлкен қоғамдық проблемаларды көтерген «Қырғыз эвересі» атты кітабы жарық көрді. Соның ішінде Орталық Азия елдеріндегі жеке басқа табы­ну, жағымпаздық секілді келеңсіздікке арналған тарау бар. Сонда Түркменбашы Сапармұрат Ниязовты құдайға теңеп өлең шығарған ақын туралы сөз болады. Әрине, кезінде бұған көбіміз күлген болатынбыз. Бірақ көп ұзамай өзіміздің де басымызға келетінін байқамаппыз. Ондай ақындар өзімізден де табылып жатыр. Он-он бес жыл бұрын министрлер мен облыс басшы­ларын былай қойғанда, мекеменің дирек­торларына шейін «Президенттің тап­сыр­масы бойынша» демей, сөз сөй­ле­мей­тін болған. Президент тікелей тапсырма бермесе, түк істемей отыра беретін секілді. Мақала жазса болды, мемлекет басшысын көкке көтеріп, мақтау нормаға айналды. Сәл-пәл болса да ыңғайсыздану деген жоқ. Әрине, басшыны сынағаннан гөрі оны мақтау тиімді болуы әбден мүмкін. Бұл арада Президенттің өз басы туралы әңгіме жоқ. Әңгіме қоғамдағы этика жайында. «Мешкей деген жақсы ат емес» деген сөз бар. Ал жағымпаз одан асқан жағымсыз. Жағымпазды көргенде мешкеймен жылап көрісуге болатын секілді. Әдетте жағым­паздық тотали­тар­лық жүйе мен дара биліктің тұсында дамиды. Кешегі кеңес заманында мемлекет басшы­сын жер-көкке сыйдырмай мақтау міндет секілді болатын. Көсемді мақтаған ақын-жазу­шы­лардың атақ-даңқы жер жарды.

Жұрт көзіне түссем деп, алға шықсам деп омыраулап, өзіне-өзі жарнама жасау – өзімшілдіктің сыртында кемістіктің орнын толтырудың амалы деп білемін. Яғни, әлсіздіктің белгісі. Жақсы шы­ғарма жаза білсең, атақ та, даңқ та өзі­нен-өзі келеді. Қолдан жасалған атақтың өмірі бәрібір ұзаққа бармайды. Пастер­нактың «Быть знаме­нитым некрасиво» деген әйгілі өлеңі бар: «Цель творчества – самоотдача, А не шумиха, не успех. Позорно, Ничего нез­нача, Быть притчей на устах у всех» деген. Осы кісінің айтқаны дұрыс се­кілді.

– Күлкінің «күш-қуатына» қосып аларыңыз бар ма?

– «Әр халықтың жан дү­ниесі оның ән-күйінен көрі­неді» деген тұжырым бар. Біз­діңше, әр халықтың жан дүниесі оның сатира, юморынан да, күлкісі­нен де көрінеді. Бұлай деуге негіз де көп, себеп те көп. Бұрын сатира, юморды жамандыққа қарсы қояр қару деп қана түсінуші едік. Бүгінде бұлар­дың дерт дауасы, ауру-сыр­қаудың емі, сауығудың дәрі-дәрмегі екенін білдік. Ғы­лыми зерттеулердің нәтижесіне қарағанда – 5 минуттық риясыз күлкі адамға 40 минут таза ауада демалғанмен бірдей қуат бе­реді екен. Кімде-кім жақсы күлсе, оның дене­сіндегі, тіпті миындағы құрыс-тырысы жазылып, басы ауырғаны қояды екен. Күлкі демікпеге таптырмас дәру көрі­неді. Ғалымдардың айтуынша, күлкі әрі бетке массаж жасап, тынысты кеңейтеді, адамды жасандандырады. Қайғы-қасіретке қайыстырмай, оның басына түскен психологиялық ауыртпа­лықты жеңілдетеді. Яғни, күлкі ─ адам өмі­рін ұзартатын құдіретті күш. Сондық­тан да, қазір америкалықтар «күлкі – витамин» дегенді әдеби термин ғана емес, фармацевтік термин деп те түсі­неді.

 Мұның үстіне және айтарымыз: өмір сүру жолында, күн көру қамында жүріп адам іштей де, сырттай да кірлейді. Сонда тәнді, денені моншада, ваннада жуып тазаласақ, жанды, жан дүниені жуып-шайып ағартатын құрал – осы сатира, юмор, күлкі. Мұның үстіне тағы қосарымыз: сатира, юмор, күлкі – қоғамның рухани хал-жағдайының, қоғам көңіл күйінің көрсеткіштері.

Әңгімелескен 

Ардақ СҰЛТАН