Ән өнерінің алып асқар тауы, бергі ғасырдағы әншілік өнер­дің тұтқасы – Кенен Әзірбайұлы­ның өмірге келгеніне биыл 140 жыл.
Ән кеніші – баба Кенен
789
оқылды

Кенен өзінің болмысын мәңгі өлмес ән-жырымен сом­дап кетті. Бала күнінен қара шанақ домбырамен Қордай даласын жаңғырта шыр­қаған Кенекенің ән-жыры – уақиғалы та­рих. Ғасырға ұласқан ақын тағдыры бей­нет пен зейнетке құралған том кітап­тай.

Жігіттің бойындағы ерекше дарын ата тегінен, нағашы жұртынан дарыса ке­рек. Шешесі Ұлдар үлкен әнші, ақын адам болған деседі. Туған топы­рақ­тың да кие­сі бар. Жетісу дәстүріндегі ақын­­дық­тың жайылуы Кененге жақсы әсер етеді. Ауыл­ға келген қонақ түстене жа­тып, жыр жыр­­лаған, өлең айтқан өнер­паздар Ке­нен­­нің санасында үлкен із қал­дырды. «Жас­тайынан зерек бала есік ал­дында, кей­де үй сыртында жүріп-ақ олар­­дың мар­жандай сөздері мен күмістей ән­дерін кө­кірегіне түйіп алады» деген зерт­теулік де­ректер – осының айғағы. Ке­неннің ән өне­ріндегі алғашқы ұстазы – өзі айтқан­дай, сүйікті анасы Ұлдар анадан бастап, сауық­шыл халық ортасы, сезімтал түй­сігі­не үнемі сыбырлап, сыр ақтарып тұра­тын өзі өскен табиғат аясы. Ананың әлди әуе­німен бой жазған ақын туған таби­ғат­тың саф ауасымен әндете ержетті.

«Ри, қойым» – Кенен Әзірбайдың ең ал­ғаш­қы шығарған тырнақалды әні.

«Қозыны айдап жүріп, сайға барсам,

Талқан шекер татиды шайнап қалсам.

Шерімді ішімдегі мен төгемін,

Басылғандай жүрегім әнге салсам», – деп жыр­лаған әнінде жоқшылық пен кедей­ші­­­ліктен көрген қиындықты мелодия те­рапиясы арқылы жеңілдеткендей. Тағ­дыры тауқыметке толы баба Кенен му­зы­каның құдіретімен ғасыр жасады. Ба­ла­лық шағы ашаршылық, конфискация, сұм соғыспен астасқан тұста жалпы ха­лық­­тың өмірі қыл үстінде еді. Анасынан ерте қалды. Әкесі – қарт кісі. Сол себеп­тен де әндерінің көпшілі зарлы-мұңды. Мақала басында уақиғалы тарихи өмір деуіміздің бір себебі осы.

Есі кетіп, ойыны қанбаған көңілден осы сарынды әндер айтылды. Қозы ба­ғып, қой соңында жүрген бала Кенен «Боз­­­торғай» әнін сайын дала төсінде тудырды. Шығарма жұртшылыққа бірден танылды. Бұл әнді Кенен небәрі он бір жасында шы­ғарған екен. Ертеден қара кешке дейін мал соңында еңіреп жүрген өзі сияқты қой­шы-қолаңның көңілінде қалып кеңі­нен тарады. «Қойшы Кенен» енді «әнші бал­а» атана бастады.

«Бозторғай, шырылдайсың, шіркін-ай!

Құтылар күн бар ма екен, осы қойдан бір күн-ай» деп әндеткен дауысы жаңғы­рық секілді бүкіл қазақ даласына тарап жат­­ты. Кез келген өнерпаздың әуелгі мұ­­ра­ты танымал болу болса, Кененнің ата­­ғын шырылдаған бозторғайы арт­тыр­ды.

Қой баққан жетім балада қандай сауат бол­сын. Музыкалық білімі болмай-ақ туын­дыларды ақ қағаз беті, нотаға түсір­мей есінде сақтап, халық әндерін, ауыз әде­биетінің туындыларын бipіне-бipін ша­тастырмай, орындағанына таңғаламыз ғой.

К.Әзірбайұының орындауындағы жыр­­лар, айтыстар, дастандар бip төбе бол­са, оның әндері, өзi шығарған әнде­рі­не жазған өлеңдері – мол дүние. Жалпы, Кенен ел ішіне ақындығымен қоса, әнші­лі­гімен кең танылып, үлкен қадір-құр­мет­ке ие болған.

Қазақтың дәстүрлі поэзиясының ая­сында жырлаған өлеңдері күнделікті тұр­мыстық, тіршіліктік жағдайларды ди­дак­ти­­­калық, публицистік сарында баян­­­­­­дайды. Өзі куә болған елеулі оқи­ғалар жүрегін тол­­қытып, көңiлiнe қозғау салған құбы­лыс­­тарға ол үн қатпай қалған емес. Бұл ең алдымен, оның азаматтық борышы са­нал­ғандай. Жеке бастық ceзім, толға­ныс­тар жалпы халықтық мәні бар ipi, мол құбылыстарға ұласып, жалғасып кетіп отырды.

Кенен – қазақтың сал-серілерінің дәс­түрін сақтаумен қатар, ескіден келе жат­қан ақындық, жыраулық дәс­түрін, со­ның стильдік сипатын берік сақ­таған ақын­дардың бірі. Көрнекті ға­лым-жазу­шы Ақселеу Сейдімбектің: «Ғасырлар тұң­ғиығынан басталатын сал-се­рілік дәс­түрдің ең соңғы шыңы Кене­кеңдер екен­дігін мойындау керек. Қазақ сал-сері­лерінің көп белгі-нышандары бар. Соның бір парасы, қазақтың сал-се­рілері әрі ақын, әрі жырау, әрі ән шы­ғару­шы, әрі сол әнді келістіріп айтушы, зер­делі қара­сөз­дің де көсемі болып келеді» деуі – осы­ның дәлелі.

Кенен ақындық өнерде ұстазға кенде бол­ған кісі емес. Мұхтар Әуезовтің айтуы бойын­­ша, «Жетісу ақындарының алтын діңгегі» атаған Сүйінбай мектебі, сол мек­теп­тің дүлдүл жүйрігі Жамбыл – Кене­кең­нің ет жақын бауыры, кемеңгер ұста­зы болды. Жамбыл арқылы жыр­­­шылықтың тағылымын, Жетісу топы­рағында туын­даған тасқынды өнердің өнеге-үлгісін бал­ғын шағынан бойына сіңірді. Өнер, әсі­ресе ақындық өнер асыл құрыш сияқ­ты қақтығыс-қайрауда шыңдалатынын ес­керсек, Кенекең таланты өзі тұтас за­мандастарымен, Жамбыл төңірегінде шо­ғырланған үркердей ақын құрбыла­ры­мен өнер сайыстары кезінде үнемі шың­да­лып, шымырланып отырғанын бай­қай­мыз. Көрші қырғыз елінің төкпе жы­­­­­­­рау­л­арымен таңды таңға жалғастырған жыр­шы-ма­насшылары Кенен өнеріне қо­­сымша қыр мен сипат қосты. Міне, осы­­лардың бар­лы­ғы Кенекеңің ақын, жы­­рау ретінде қа­лыптасуына үлкен ық­пал жасады. Ке­нен өзi шығарған әндер­мен қоса, кыр­ғыз­дың «Манасынан», «Кө­рұғылыдан» үзін­ділер, «Қобыланды батыр» эпосынан Тай­бурылдың ша­бы­сын, Әсеттің «Әсе­тін», Балуан Шолақтың ән­дерін, грузин, орыс, украин, қырғыз, дүн­ген, татар ән­де­рін өз тілдерінде нақы­шына келтіре орын­даған екен. Талай ұлттың өзі сияқты жыр­шыларымен жанр жа­ғынан жақын бо­ла тұра, еліктеуге ұшы­рамай өзіне ғана тән өнер туғызды.

Кенен – халықтың әншілік дәстүрінің бұ­­зылмаған, ешқандай қоспасы жоқ ең соң­ғы өкілі. Ән-жырын Алатауға әкеліп шы­рқаған әншінің көкірегі – алтын сан­дық. Кенен әндерінің астарынан уа­қыт­тың тынысымен қоса, әнші-ком­по­зи­тор­дың ғажайып зердесін, азаматтық бағ­­дарын, акындық-сазгерлік көре­ген­дігін аңғарамыз. Кез келген шығар­ма­сын­да ерге лайық жалтақсыз сенім, ақын­ға лайық оптимизм, ақылгөйге лайық па­­расат жатады.

Әдебиеттанушы-ғалым Мырзатай Жол­дасбеков ағамыздың: «...Ке­некеңнің болмыс-бiтiмi де, жүріс-тұрысы да бөлек, табиғи дарын-таланты да еш­кім­ге ұқсамайтын, Алатаудың шыңындай ойы да биік, бойы да биік, әсем үнді ділмәр тілді мінезге бай, көпшіл, қонақ­жай ерекше жан еді. Кенекең ғасыр бойы жасаған байтақ мұрасымен, армандай әншілігімен, аққудың қанатындай әдемі ап­пақ жібектей сақалымен, бәйтеректей бойымен көзге де, көңілге де өзгеше бip жұм­бақ жандай, данышпан абыздай бо­лып көрінетін», – деп жазған ой-пайым­дары Кененнің бет-бейнесін одан сайын асқақтата түседі.

Шынында өнepiнe үңілсек, әндерін са­раласаң, Кененнің дүниетанымы бө­лек. Кенен әндері уақыт талғамайды. Қа­зақ ұлтында әр онжылдықта он мың әнші-ақын туса аз тумас. Сонша өнер­паздың ішінде шығармалары ұмытылмай, жойылмай түгел жеткен бірден-бір ба­қыт­ты автор – Кенен Әзірбайұлы. Бала кү­ні ауыр өтсе де, қарттық шағы шұр­қы­раған бала-шағасымен шаттықта өткен. Ол бақытқа да оңай жетпегені белгілі ғой. Алғашқы некесінен бала тоқтамай шеті­ней берген. Кейін екінші рет төсек жаң­ғыр­тып бала сүйді. Баласының ішінде шы­ғар­ма­шылығына тікелей араласқаны – қызы Төрт­кен Кененқызы. Ол кісінің ай­туы бойын­ша, әкесі қызына хат тани бастаға­лы бар шығармасын қағазға жаздырған екен. «Баламын ғой, жаза қолым талады, көзім шаршайды. Сонда әкем бар үмітім өзің­сің деп отыратын» деп еске алады. Кейін кітапқа түсіп, қартайған шағында жез­таңдай дауысы таспаға басылды. Өз ту­ған ауылы (қазіргі Алматы облысына қа­расты Мәтібұлақ ауылы) Кенен ақса­қал­дың денсаулығына жарамай, қоныс ау­даруына тура келеді. Содан қазіргі Жам­был облысына қарасты Кенен ауы­лы­на (ол кезде Киров колхозы) көшіп ке­ліп, дертінен айығып 1976 жылы 92 жа­­­сында дүние салады. Бүгінде Қордай ау­даны Кенен ауылында Әзірбайұлы атын­да әдеби-мемориалдық мұра­жайын­да зираты, өзі тұрған үйі музей ретінде қал­ды. Таудың етегінен орын тепкен ауыл­дың ауасы саф, желі майса.

«Eкі Кенен тумайды, Алатауға ексен де», – дейді Кенен атамыз. Киелі тұлға­сы­ның қайсысы да өз атын аттанға қосып ұран­дайтын халықтанбыз ғой. Сөз жоқ, өнер аспанында бітімі дара, болмысы оқ­шау.

Бабамызға арнап сипаттық талдау­дан тұратын мақала арнадық. Бү­гінде газет беттерін ақтаратын халық­тың жадына жаңғыру болсын деген ниет қа­на. Кенен Әзірбайұлы жайында тереңі­рек білуге құмартқан иісі қазақ баласы бол­са әуелі басына зиярат етсін, одан кейін кең танылған шығармасына қанық­сын. Әдебиеттану, фольклортану, өнер­тану, музыкатану ғылымдары тұсында зерт­теуі терең ғылыми зерттеулер өмірге кел­се екен деген тілегіміз және бар. 

Карима АХАН,

өнертанушы