Қазақ даласынан жойылып кеткен Пржевальский жылқылары қайта оралды. Үш бас қылқұйрық Қостанай облысы аумағындағы «Алтын дала» табиғи резерватына жіберілгенінің куәсі болып, тарихи сәтті фотоға түсіріп алдық. Жануарлар жерсініп кетсе, алдағы уақытта тағы 40 шақты бас әкелінеді деп жоспарланып отыр.
Қайта оралған Кертағы
927
оқылды

Ғалымдар «Керқұлан-Кер­тағы» деп ресми түрде ат бер­ген Пржевальский жылқы­сы­ның байырғы мекені – Орталық Азия, оның ішінде қазақтың кең са­харасы екені әмбеге аян. Тарих­шы­лардың айтуынша, осы ұлы да­ланың шөлді, шөлейтті айма­ғын­да, Ертіс пен Іле, Есіл мен То­был өзендерінің бойын мекен ет­кен  осынау жабайы жылқылар за­манында ақ бөкенше жосылып, үйір-үйірімен жортқан деседі. Ең өкініштісі, сол қазақ сахарасынан керт­ағыны 1930 жылдардан кейін еш­кім кездестірмеген екен. Ұлы да­­­ладан жануардың жойылып ке­туін ғалымдардың бір тобы қазақ­тың басына төнген ашаршылық­тың салдары деп пайымдайды. Ал зерт­теушілердің енді бірі сол за­ман­да алқаптарда тараған түрлі ви­рустық инфекцияның бол­уы­нан тұқымы тұздай құрып кеткен дей­ді. Тіпті, аңшылар бірін де қал­дырмай қырып тастаған деген тұ­жырым да жоқ емес. Бірақ соң­ғы нұсқа ұлтымыздың ұлық дәс­тү­рі мен танымына сай келмейді. Не дегенмен де қазақ даласына қай­та оралып жатқан керқұлан, кер­­тағының ендігі тағдыры өз қо­лы­мызда.  

Былтырғы 24 сәуірде Астанада өт­кен Қазақстан – Чехия бизнес фо­румында  еліміздің Орман ша­руа­шылығы және жануарлар дү­ние­сі комитеті мен Прага  хайуа­нат­тар бағы «Жойылып кету қаупі тө­ніп тұрған жануар түрін  (Пр­же­вальский жылқысы / Equus Przewalskii) қорғау туралы» мемо­ран­дум­­ға қол қойды. Аталған ме­­­­­мо­­­рандум аясында Чех Рес­пуб­ликасы мен Германия Федеративті Респуб­ли­касынан 2024 жылдың маусым айын­да барлығы  8 жануарды (Че­хия­дан 4 бас, Германиядан 4 бас), Қа­зақстанға алып келіп, Қостанай облысының аумағындағы «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резер­ваты» РММ-на реинтродукциялау жоспарланған болатын.  Бүгінде сол белгіленген жоспардың ал­ғаш­­қы қадамы сәтті жүзеге асып отыр. 

Чехиялық Әуе қарулы күш­те­рінің арнайы ұшағы Арқалық қа­ласының әуежайына келіп қон­ған­да шынымен де тебірендік. Ал­­ғаш­қы рейспен барлығы 4 бір­дей жылқы келеді деп айтыл­ға­ны­мен, бұл жолы үш жануар борттан тү­­сірілді. Себебі жылқыларды ұшақ­­­қа тиеу кезінде біреуі өзін жай­­­сыз сезініп, өзгеше мінез та­ныт­­қан. Содан соң ұрғашы биенің біреуін қалдырып кетуге тура кел­ген екен. 

Қайта оралған қазақтың кер­тағысын қарсы алуға Экология жә­не табиғи ресурстар министрі Ер­лан Нысанбаев, Қостанай об­лысының әкімі Құмар Ақсақалов, Чехия Республикасының Қазақ­стан­дағы елшісі Павол Шепеляк бас­таған Чехия Республикасынан кел­ген де­легация мүшелері және жер­­гі­лікті қоғам белсенділері мен ға­­лым­дар келді. 

Білуімізше, қазақ даласына қылқұйрықтының бұл түрі бірінші рет жеткізіліп отырған жоқ екен. Бұған дейін «Алтын емел» табиғи қорығына бірнешеуі әке­лінген. Бірақ ол жануарлар екі-үш рет құлындағанымен, саны еш өспеген. Себебі олар бір-бірі­мен туыс болып кеткен. Сол се­беп­­ті өсіп-өнуі мүмкін болмаған.

Қалай сақталып қалды екен?

6000 шақырымдық жолды арт­қа тастап, Торғай даласына тұяғы тиген жануарлар Еуропа­дағы ең ірі хайуанаттар бағынан әкелінді. Әлем ғалымдары қылқұйрықтыны хайуанаттар бағында баптап, жо­ға­лып кетуден аман алып қалған.

Бұл түр 1932 жылы әлемде жойы­лып кету қаупі төнген жа­нуар­лар қатарына енгізілген. Дүние­жүзілік генеалогиялық кітапқа тізімі жасалып, құлындарға дейін жіті бақыланып, ерекше жағдайда ғылыми араласулар басталған. Осылайша, Прага хайуанаттар ба­ғында көбейтілген. Әрине, бұ­ған дейін де жылқының осы түрін чех­тар өзге де елдерге жіберіп бай­­­­­­қаған. Бірақ жерсіну болмаған көрінеді. 2011 жылы Моңғолия мен Чехия бірлесіп бағдарлама жа­­салып, жануарларды байырғы мекеніне қайта жерсіндіру жо­ба­сын бастайды. Жоба сәтті жүр­гі­зіл­гендіктен, ол елдегі жылқы са­­­­ны қазір мыңның үстінде екен.  

15 сағатқа созылған ұшу уа­қыт­ында жануарлар сағат сайын мал дә­рігерінің бақылауында болған. Ал­ғаш рет ресейлік ғалым Ни­ко­лай Пржевальский Азияға жасаған саяхаты барысында 1881 жылы құжат жасап, «қолға үйрен­бейтін ерекше мінезі бар жылқы тектес жабайы аң не жылқы түрі» деп патшаға есеп береді. Содан бері жануардың бұл түрі ғылыми тілде Пржевальский жылқысы атанып кеткен. Қазір дүниежүзілік популяциясы 2000-нан асады. Оның жартысынан көбі бүгінде Моңғолия мен Қытай еліндегі жабайы табиғатта жайы­лып жүр. 

Еліміздегі Зоология инсти­ту­тының 2023 жылғы 14 қарашадағы №30-П бұйрығына сәйкес Жануарлардың қазақша атау­лары және зоологиялық тер­ми­нологиялар жөніндегі комис­сия құрылған. Қазақстан Қызыл кітабындағы жануарлардың тізі­міндегі  бұл түрге қазақша атау беру туралы түскен ұсынысты қа­рау үшін 10 мамырда комиссия құрамы қайта жиналады. Құ­ра­мына тарихшылар мен этног­раф­тар, өлкетанушылар да тартылады. Комиссия жан-жақты тұжырым жа­сай келе Пржевальский жыл­қы­сының қазақша атауын «Кер­құлан» ғана емес, оған «Кертағы» деген синоним қосады. Тарихи деректер мен көптеген әдебиетте со­лай берілген екен. Енді коми­сия­ның шешімімен Қазақстан Қы­зыл кітабында Лошадь Прже­вальс­кого – «Керқұлан, Кертағы» деп аталатын болды. Негізі, бұл қо­­сарлы атаудың ішіндегі кер­та­ғы дұрыс екеніне илануға болады. Атауға байланысты ел арасында түрлі даулы әңгіме көп. Керқұлан, тарпаң, құлан, жабайы жылқы деп жа­тады. Жылқы тарихын зер­­де­леп, этнографиялық материал­дар­ды, көне жазбаларды, аңыз-әң­гі­ме­­лерді, батырлар жырын, архив жә­не ауызша деректерді көз майын тауыса салыстырып «Қа­зақ жылқысының тарихы» атты ке­шенді еңбек жазған ғалым Ах­мет Уәлиханұлы қылқұй­рықты­ның бұл түрін «тарпаң» не «тағы» деп көрсетеді. Моңғол халқы бұл түр­ді «Тахийн» дейді екен. Киіз туыр­лықты моңғолдың «Тахийн» сө­зін қазақ тіліне аударсақ, «жа­байы», «тағы» дегенді білдіреді. Жа­зушы, тарихшы Мұхтар Ма­ғауин да осы тағы ұғымын нақты­лай­ды. Демек, «Кертағы» деп атау жаң­сақ болмас деген ой түйдік.

Торғай даласы – ең қолайлы аймақ

Кертағыны Прага және Бер­лин хайуанаттар ба­ғы­нан Торғай да­­­ласындағы «Алтын Дала» мем­лекеттік табиғи резерватына реинт­родукциялау (тарихи мекендеу орын­дарына жіберу) үшін мұн­да­ғы мамандар да үлкен дайындық жа­саған екен. Жабайы табиғатқа ба­рынша беймделіп кету мақса­тын­да суы мол, шөбі шүйгін аумақ ар­найы таңдалып отырған көрі­неді. 

«Бүгін біз Қазақ­стан дала­сы­­ның байыр­­ғы ме­­кен­­деу­ші­сі – кер­­та­­ғы­ны ер­кін­дік­ке жі­бе­ріп, та­би­­­ға­­ты­мы­з­дың асыл­­­­дарын то­­­­­­­лық­­­­­­­ты­рып, жабайы та­биғатты сақ­­­тап қалу­дың жаңа ке­зеңін бас­тап отырмыз де­сем бо­лады. Бұған Чехия Рес­пуб­­ли­ка­сы, Германия Федеративтік Рес­пуб­ликасы ел­шіліктері, Прага мен Берлиннің хайуанаттар бағы және Франк­фурт зоология қоғамы ерек­ше үлес қос­ты. Сонымен қо­са, еліміздің таби­ға­ты үшін мем­ле­кетіміздің де жа­сап жатқан қам­­­қорлығы зор деп т­ү­сінген дұ­рыс. Біз бұған дейін де бір­неше жабайы жануарды мо­лайт­тық. Олардың өсіп, еркін жайылуына жағдай ту­ғыз­ған­быз. Сон­дықтан тәжірибеміз жет­кі­лік­ті, ға­­лым­да­ры­мыз дайын. Кер­тағы да біз­дің Тор­ғай-Тобыл да­­ласында ер­­­­кін өсіп, кең та­райды деп се­­­­не­мін», – де­­ді шара ба­­­­рысында   Эко­­­­логия жә­не табиғи ресурстар ми­нистрі Ерлан Нысанбаев. 

Қылқұйрықтың екеуі ұрғашы бие болса, қалған біреуі ZORRO есім­­ді айғыр. Прага хайуанаттар пар­­кі «Алтын Дала» мемлекеттік та­­биғи резерватының ерек­ше­лік­те­ріне сәйкеседі екен. 

«Кертағы – бұл таза қанды жыл­қы текті жабайы жануар. Ол кә­дімгі өзіміздің жылқылармен бу­дандасып кетуі әбден мүмкін. Сол себепті біз қанды таза сақтау ма­қ­сатында Кертағы, Керқұланды ар­найы бақылауда ұстаймыз. «Ал­тын Дала» мемлекеттік табиғи ре­зерваты – қол жылқылары жоқ ме­кен. Екіншіден, бұл алқап қо­рек­тік алуантүрлілікке өте бай жә­не суы тұщы әрі мол болып отыр. Шетелдік ғалымдар да осы мә­­селеге жоғары деңгейде мән бер­ді. Жануарларды бір жыл бойы­­­на 51 гек­тар ал­қап­та бақы­лау­да ұстай­мыз. Одан кейін аумақ кө­­­лемі де ке­зең-кезеңі­мен ұлғай­ты­ла береді. Ол уақытта түр­­лі ма­ман мен бақы­лау­­­шы­ның саны ар­тады», – дейді Қазақ­стан­ның биоалуантүрлілікті сақтау қауым­­дастығының атқарушы ди­рек­торы Вера Воронова. 

Айта кететіні, бұл жоба Қазақ­станның биоалуантүрлілікті сақ­тау қауымдастығы мен Чехиядағы Прага жануарлар паркі арасында 2017 жылдан бері жүргізіле бас­таған. Нәтиже жүзеге асып жат­қанына қуанған Вера Воронова Кер­тағыны далаға жіберген сәтте көзіне жас келгенін жасыра ал­­­мады. 

«Жақын арада Берлиннен бор­тында төрт жабайы кертағы бар тағы бір ұшақ Арқалық әуежайына келіп қона­ды. Осылай­ша, біз мұн­да­ғы жыл­­­­­­қы­лар са­­нын қы­рық­­­қа жет­кі­­­­земіз. Әри­не, 20 сағат әуе­де болу – жан­уар­­лар үшін стрес­тік жағ­дай. Сон­­дықтан жыл­­­­қылар­дың бұл ме­кенге үйре­ніп, қа­лып­та­сып кетуін Прага зоопаркінің мамандары мен қазақстандық мамандар бір­лесе оты­рып қолға ала­ды. Бұл үй жануары емес, жа­байы жылқы бол­ған­дық­тан, үне­мі ба­­­қы­лауда болуы маңыз­ды», – деді Прага зоопар­кі­нің директоры Мирослав Бобек.

Бастысы, заманында жойы­лып, далада тұяқ ізі қал­ма­ған төл жануардың қайта оралуын жақсылыққа жорыдық. Мыңдаған шақырымды артқа тастап, аспанға жол салып келген Кертағы қазақ даласына еш кедергісіз үйрене­ті­ні­не сенім мол. Бұған ғалымдар да, мамандар да, тіпті Чехия зо­опар­кінің өкілдері де сеніп отыр. Өсу қарқыны тұрақты болса, даланың кер­тағысы қазақ сахарасында әлі-ақ жосыла шауып жүретін болады.

Бердібек ҚАБАЙ