Іс-шараға «1 команда – 1 облыс» қағидаты бойынша құрылған командалар қатысады.
«Таза Қазақстан» road-эстафетасы: Волонтерлер Астана-Алматы тасжолын қоқыстан тазартады
1,481
оқылды

«AMANAT» партиясы бүгін ауқымды экологиялық акция – «Таза Қазақстан» Road-эстафетасын бастады. Осы аптада партияның жүздеген белсендісі мен «Жастар рухы» Жастар қанатының волонтерлері «Астана – Алматы» тасжолы бойының аумағын тазартады.

Іс-шараға «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Қазақстанның қайталама шикізатты қайта өңдеушілер қауымдастығының басқарма төрағасы Батырбек Әубәкіров және Мәжіліс депутаттары қатысты. Road-эстафета «Жасыл даму» АҚ және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ қолдауымен өтуде.

Акция аясында белсенділер мен волонтерлер жол бойында, сондай-ақ жолға іргелес автотұрақтар мен кемпингтер аумағында тазалық жұмысын жүргізеді. Тазалық жұмысы квадрокоптерлерді пайдалана отырып, әуеден барлау деректері негізінде жүзеге асырылады. Жиналған қоқыс полигондарға жеткізіледі.

– «Таза Қазақстан» өзімізден басталады. Еліміз, ең алдымен, өз отандастарымыз үшін таза әрі жайлы болуы керек. Сондықтан Мемлекет басшысы бұл мәселені жалпыұлттық деңгейге көтерді. Тазалық пен тәртіп – өмір сүру нормасына айналуға тиіс. «Таза Қазақстан» Road-эстафетасы тасжолдардағы қоқыс мәселесін шешіп қана қоймай, қоғамды біріктіреді, экологиялық мәдениет пен сана қалыптастырады», – деді «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек.

7 күнде партия белсенділері мен «Жастар рухы» Жастар қанатының волонтерлері Ақмола, Қарағанды, Жамбыл және Алматы облыстары арқылы өтетін ұзындығы 1200 шақырымнан астам тасжолды тазалайды.

Іс-шараға «1 команда – 1 облыс» қағидаты бойынша құрылған командалар қатысады. Командалардың құрамына Мәжіліс және мәслихат депутаттары кіреді. Сондай-ақ олар ірі елді мекендерде жастар қауымымен жүздесіп, азаматтармен қоғамдық қабылдау өткізеді. Road-эстафетаның жабылу салтанаты Қонаев қаласында ұйымдастырылады.

Еске сала кетейік, бұған дейін «AMANAT» партиясы Президенттің «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында әр апта сайын өткізілетін «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын бастаған болатын. Елді мекендердегі ластанған аумақтардың картасы әзірленді. Соның негізінде еліміздегі жол бойындағы аумақтардан, өнеркәсіптік аймақтардан, тұрғын аудандардан, әлеуметтік нысандардан және басқа да көптеген аумақтардан 475 учаске анықталды.

Айта кетейік, су тасқынының қауіпті кезеңі аяқталғаннан кейін «AMANAT» партиясының 4 мыңға жуық белсендісі мен «Жастар рухы» Жастар қанатының волонтерлері қарғын судан зардап шеккен тұрғындардың баспанасын ретке келтіруге көмектесті. Еліміздің барлық өңіріндегі барша партиялықтар саябақтарды, скверлерді, аулаларды тазартып, тарихи-мәдени және табиғи ескерткіштерді тазалауда. Сондай-ақ сенбілікке шығып, ағаш егеді және өзге де іс-шараларды ұйымдастырады. Мәселен, 27 сәуірде, яғни небәрі бір күнде ел аумағында партиялықтар 55 мың түп ағаш екті.

Сондай-ақ, экологиялық мәселелерді шешу – «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында қамтылған маңызды басымдықтың бірі. Сайлауалды уәделерді жүйелі жүзеге асыру жұмысы аясында былтыр мемлекеттік орман қоры аумағына 302,7 млн түп ағаш егілді. Сонымен қатар, 39 ірі өнеркәсіптік кәсіпорында ауаны ластауын бақылайтын автоматтандырылған жүйе орнатылды.

2027 жылға қарай партияның сайлауалды бағдарламасы аясында тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесін 36%-ға дейін ұлғайту, Жайық өзенінің экожүйесін қалпына келтіру, Балқаш көліне тұрақты су ағынын қамтамасыз ету, ауа сапасының индексін енгізу, ластанған елді мекенде кәсіпорынның ауаны ластау нормативтерін 40%-ға дейін төмендету, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған 16 су қоймасын қайта жаңарту және жаңадан 14 су қоймасын тұрғызу жоспарлануда.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.