Қойылымның қоюшы режиссері Ұлан Қабылдың айтуынша, басты идеясы кедейлікке негізделген.
"Войцек" қойылымы сахналанды
986
оқылды

Жақында Астанада Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының «QALLEKI театр лабораториясы» екі күн бойы «Войцек» спектаклін ұсынды. Жастардың театр саласындағы мүмкіндіктерін кеңейтетін өнер кеңістігі ретінде ашылған «QALLEKI театр лабораториясы» 2021 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Ондағы мақсат – шығармашыл жандар үшін байланыс ортасын құру және өнерге өзгеше көзқарас жасап, тың дүниені сахналау. 

Жанры – драма. Авторы – Георг Бюхнер. Қазақ тіліне аударған – Ләззат Қайратқызы. Режиссер – Ұлан Қабыл.

Қойылымның қоюшы режиссері Ұлан Қабылдың айтуынша, басты идеясы кедейлікке негізделген.

– «Кедей адамның қарны аш болса, оның ойы қайдан ашық болсын?!» деген бір жақсы сөз бар. Өлім, сатқындық барлығы дерлік кедейліктен туады. Сондықтан бұл әлемде кедейлер азайса екен деп армандаймын. Таңдауым «Войцекке» жайдан-жай түсті деп айта алмаймын. Себебі шығарманы біз емес, ол бізді таңдайтын кездер болады. Студенттік шақта неміс философиясына қызығатын едім. Кейіпкердің жай-күйі өмірімнің белгілі бір кезеңіне ұқсайды, – деді ол.

Қоюшы суретші – Шынар Елембаева.  Спектакльде Войцектің рөлін жас актер Ақжол Мамыр сомдайды. 

– Бұл қойылымға 3 ай бойы дайындалдық. Режиссер осы рөлді бергеннен бастап кейіпкердің өмірін, мінезін, тіпті ата-анасын зерттедім. Дайындық барысында Войцектің жанына батқан ауыртпашылықпен таныстым. Бастапқыда эмоциямды шығару қиын болды. Кейде әсірелеп жіберемін бе деп те қорықтым. Кейіпкерімді ойдағыдай алып шығу үшін бар күшімді салдым деп ойлаймын. Бағасын көрермен өзі бере жатар, – дейді жас актер.

Сонымен қатар, спектакльге жас актриса Аяужан Малғаждарова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейрам Қайсанов, Мәдениет саласының үздіктері  Жәнібек Мұсаев, Дастан Әлімов, жас актер Марғұлан Наменов қатысады.

Спектакльде А.Байтұрсынұлы, Ш.Құдайбердіұлы, С.Торайғыров, Омар Хаям мен М.Жұмабаевтың өлеңдері оқылды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.