Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мә­диев Алматы облысына арнаған жұмыс сапары барысында осыдан біраз бұрын ғана қала мәртебесіне ие болған Алатау шаһарының тұрғындарымен кездесті және аза­маттарды қабылдады.
Алатау – «Ақылды қала»
918
оқылды

Министрмен жүздесуге Цифрлық даму министрлігі құры­лымдық бөлімшелерінің басшылары, Алматы облысы мен Алатау қаласы әкімдігінің өкілдері, сондай-ақ байланыс операторлары мен «Азаматтарға арналған үкімет» мем­лекеттік корпорациясы өкілдері жиналды.  

Халықпен кездесуде министр облысты қолжетімді интернетпен және байланыспен қамтамасыз ету, сондай-ақ өңірде IT саланы дамытуға қатысты  жүргізіліп жатқан жобалар мен жұмыстар туралы жан-жақты  айтты. 

Мемлекет басшысы Алатау қаласының ертеңін  флагмандық жобамен айқындағанын бәріміз жақсы білеміз. Нақтырақ айтқанда, аталған елді мекенді негізге ала отырып, дәл осы жерде жетекші халық­аралық іскерлік хабқа айналатын жаңа интеграция­ланған мегаполис салу жоспарланған. Сондықтан Алатаудың болашағы аса айшықты болары анық. Осы орайда Цифрлық даму министрі Алатау қаласы «Ақылды қала» екенін атап өткенін де айта кеткен жөн.  Оның айтуынша, цифрландыру және автомат­тандыру барлық маңызды процесті қамтиды. Ақпа­раттық-коммуникациялық технологиялар денсаулық сақтау, жол және көлік, қауіпсіздік, құқық қорғау  және басқа да көптеген салада қолданылатын бола­ды. Жоғары жылдамдықты интернетті кеңінен енгізу сымды, талшықты-оптикалық және сымсыз қол жеткізу арналарын қамтиды.

«Алматы облысында қазірдің өзінде ақылды технологиялар енгізіліп, Smart City тұжырымдамасы іске асырылуда. Қазір Қонаев қаласында «109» бірыңғай байланыс орталығы, «Алсеко» бірыңғай есеп айырысу орталығы жұмыс істейді, барлық автобуста электронды билеттеу жүйесі іске асырылды. Мектептерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін по­ли­цияның жедел басқару орталығына қосылған  басқару және бақылау камералары орнатылған», – деді Жаслан Мәдиев.

Сондай-ақ министр Алматы облысында IT индустрияны дамытудың жаңа кезеңі өңірлік Alatau Hub ашу екеніне тоқталды. Ол Astana Hub білім беру және инкубациялық бағдарламаларын тарататын болады. Жақын арада хабта ойын әзірлеу және дизайн негіздері бойынша білім беру курстарын өткізу жоспарлануда. Сонымен бірге компьютерлік сауат­тылық, цифрлық маркетинг және электронды ком­мерция бойынша арнайы курстардың бірлескен бағдарламасын іске қосу жоспарлануда.

Қазір Алматы облысында 11 ХҚКО жұмыс істейді, оның ішінде 1 арнайы ХҚКО, 42 өзіне-өзі қызмет көрсету секторы және 32 мемлекеттік кор­порацияның БЭК-офисі бар. Былтыр «Азаматтарға арналған үкімет» филиалының қызметкерлері 798 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетсе, биылғы жылдың 4 айында 295 мыңға жуық мемлекеттік қызмет көрсеткен.

«Әзірге  Алатау қаласы халқының қажеттіліктерін «Қазпошта» бөлімшесі ішінара жабады, онда 27 қызмет түрі көрсетіледі. Халыққа  қолайлы жағдай жасау мақсатында әкімдікпен бірлесіп Алатау қаласында ХҚКО бөлімшесін ашу мәселесі пысық­талды, онда азаматтар мемлекеттік қызметтердің барлық түрін ала алады», – деді «Азаматтарға ар­налған үкімет»  Мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ басқармасының төрағасы Арман Кенжеғалиев.

Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Ержан Мейрамов ұялы байланыс пен интернетті дамыту жоспарларымен бөлісті. Бүгінде Алматы облысында 384 елді мекен бар, оның ішінде 319 ауыл 4G-ге қосылған.

«Министрлік Алматы облысының әкімдігімен және ұялы байланыс операторларымен бірлесіп 2023-2027 жылдарға арналған байланыс және мобильді интернет сапасын жақсарту бойынша «Жол  картасын «әзірлеп, қол қойды. Сондай-ақ шекаралас 52 ауылда ұялы байланыс пен интернеттің сапасын жақсартпақ», – деп атап өтті Ержан Мейрамов. 

Болат АБАҒАН, 

Алматы облысы