Соңғы кезде еліміздің кейбір өңірлерінде «Жаһандық құзыреттілік» пәні аясында қаржылық сауат бойынша сабақтар өткізіліп жүр.
Мақсат Халық, экономист: Табыс артқанда ғана қаржылық сауатқа бет бұрамыз
6,304
оқылды

Мұндай сабақтарда балаларға қарызға батпау үшін қалай дұрыс несие алу туралы, бюджетті қалай жоспарлау керектігін, максималды кірістілікпен қалай инвестициялау жайында айтады. Бірақ мұндай сабақтарды бейінді емес мұғалімдер, оның ішінде қазақ тілі, тарих, еңбек және дене шынықтыру оқытушылары жүргізеді. Сонымен қатар әзірге балаларды оқытатын арнайы оқу құралы да жоқ. Осы мәселе төңірегінде экономист Мақсат Халықпен әңгімелескен едік.

– Мақсат мырза, елімізде «Қаржылық сауаттылық» пәні енгізілсе, оқу бағдар­ламасында не қамтылуы керек?

– Бірінші кезекте жалпы қаржылық сауаттылықтың өзіне қарапайым түрде келсе деп ойлаймын. Себебі қазіргі кезде бізде қаржы жүйесін банктер, салықтар, мемлекеттік бюджет және т.б. секілді мәселелердің әсерінен күрделі деп қа­былдайды. Шын мәнісінде, біздің күн­делікті тіршілігімізде қабылдап жат­қан шешімдеріміздің барлығы қаржылық шешімдермен байланысты. Сол себепті осы мәселеде жан-жақты сауатты болса, онда өмірімізде қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге қадам басар едік. Де­мек, қаржылық сауаттылық қарапайым ғана алаяқтардан қорғана білу, жеке қар­жыңызды депозитте сақтау, оны қор­ландырып жинақтау және ұлғайту жол­дарын меңгеру, депозиттен де бөлек қар­жылық құралдарымен танысу, соны­мен қатар несиені тыңғылықты зерттеп білу секілді құндылықтардан құралады. Егер несиенің пайыздық мөлшерлемесі тым жоғары болып кет­кенде ол да тиімсіз құралға айналады. Сондықтан тиімді шарттармен алудың да көптеген мүмкін­дігімен танысқан жөн. 

Әсіресе, қазір – әртүрлі қаржы пира­мидалары дамыған және әртүрлі за­манауи техникалық құрылғылар арқылы алаяқтардың шабуылы өршіген заман. Алаяқтар адамның дауысын жазу ар­қылы, оны өңдеп, жалған телефон қоңы­рауларымен адамды адастыратын кезеңде қаржылық сауаттылық олардың осындай қитұрқы әрекеттеріне төтеп беруге кө­мектеседі.

Оқу жоспарын қалай құрамыз? Әрине, ең біріншіден, оқу бағдар­лама­сында экономиканың негізгі заңды­лықтарымен таныстыратын бола­мыз. Сонымен қатар қаржылық есептеудің ең жеңіл формулаларын енгізу жоспарда бар. Егер де ары қарай белгілі бір кә­сіппен шұғылданамын деген мақсаты бар оқу­шылар үшін бизнес жоспар құру үлгісімен таныстыратын боламыз. Әрине, мен қысқаша ғана тоқталып өттім, бірақ осы мәселелерді негізге ала отырып, толық­қанды қолданбалы білім беруге тыры­самыз. Жалпы, экономи­­каның өзі қол­данбалы ғылым. Сон­­дықтан оны жастар арасында көбірек насихат­тайтын болсақ, пайдасы орасан болады деген сенімдемін. 

– Қазір QazBilim лицейіне арнайы «Қаржылық сауаттылық» пәнінің білім бағдарламасын дайындап жатыр екен­сіздер. Сол туралы айтып берсеңіз?

– QazBilim лицейімен бірігіп, «Қар­жылық сауаттылық» курсын енгізуді қолға алып бастадық. Меніңше, бұл дер кезінде жасалып жатқан, дұрыс бағыттағы қадам деп есептеймін. Бұл пән еліміздің кейбір өңірлерінде біршама уақыттан бері қосымша сабақ ретінде өткізіліп келеді. Өзім университетте «Эконо­микалық теориядан» сабақ беремін. Сонда 1-курс студенттерінің арасында көпшілігі мектеп қабырғасында «Эко­номика» пәнін оқығанын айтып жатады. Бірақ еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастардан «не өттіңдер?» деп сұрасаң, «кітапханашы апай немесе география пәнінің мұғалімі сабақ берген еді» дегенді естисің. Демек, ол пәннен нақты ешқан­дай экономикалық білім алмады деуге негіз бар. Тек ішінен бірен-саран Назар­баев зияткерлік мектептерінің түлектері ғана осы пәнді ағылшын тілінде өттік деп ағынан жарылады. Бұдан біз «Қаржылық сауаттылық» пәнін өткізу елімізде әлі де дұрыс жолға қойылмағанын көреміз.

Мұндай мәселемен күнделікті бетпе-бет келіп жүргендіктен, соңғы уақытта еліміздегі қаржылық сауаттылық дең­гейін арттыруға қалай үлес қосуға болады деген сұрақ мазалайтын. Ойлана келе, мұның шешімі мектеп қабырғасынан бас­­тау керек деген ойға келдім. Әрине, осы­ған дейін бастауыш сынып оқушы­ларына арналған «Қаржылық әліппе», 6-7 сыныптарда «Экономикаға кіріспе», 9-10 сыныптарда «Іскерлік негіздері» де­­­ген пәндер өткізілсе деген ұсыныстар­ды жиі-жиі айтып та жүрдім. Олай бол­маған күннің өзінде жоғары сынып оқу­шы­ларына «Қаржылық сауаттылық негіз­дері» деген пәнді жүргізсек деген байлам­ға келіп отырмыз. 9-10 сыныптың бала­ларына жүйелі түрде қаржы қа­ғидаларын үйретер болсақ, өскелең ұрпақты үлкен өмірге дайын болатындай, алаяқтарға оңайлықпен алданбайтындай және де өзінің қаржылық кіріс-шығыс есептерін дұрыс жүргізе алатын, қаражатын басқара алатын азамат ретінде дайындауға үлес қоссақ деген жоспарымыз бар. Сол себепті Аятжан Ахметжан бауырымызбен келісіп, осы мәселені қолға алып жа­тырмыз. Қазір команда болып бірге әлемдік тәжірибеде бұл пән қандай методикалармен жүргізілетінін зерттеп жатырмыз. Күзде осының барлығын бір жүйеге келтіріп, бастап кетсек деген ниеттеміз. Бір жылда бұл апробациядан өтеді. Менің ойымша, жылдың соңында біз өз тәжірибемізге негіздей отырып, қаржылық сауаттылықты жүйелі түрде ұйымдастыру мен жүргізу бойынша арнайы оқу әдістемесін дайындап шы­ғатын боламыз. 

– Бұл пәнді кімдер оқытады, эко­но­мистердің арнайы педагогикалық білімі жоқ. Қосымша курстар арқылы мұға­лімдерді қайта даярлау білім сапасын тө­мендетпей ме? Тиімді жолы қандай? 

– Бұл сұрақ өте өзекті. Бүгінде елі­мізде дәл осы пәнді дайындай алатын және осы сабақтан бере алатын оқыту­шылар бар орталықты көріп тұрған жоқ­пын. Әсіресе, қазақ тілінде қазақы құн­дылықтармен, қазақы мысалдармен жет­кізетін ұстаздар кемде-кем. Сондық­тан бұл мен үшін алдыма қойған үлкен миссия ретінде қабылдап отырмын. Сол себепті біршама уақыт ғылыми зерт­­теулермен айналысқан, шетелде білім алып келген, жоғары оқу орындарында сабақ беретін тәжірибелі азаматтармен осы істі қолға алып отырмыз. Дәл қазір бастап кету үшін бұл бір қиындық туғыза қоятын шаруа емес дегім келеді. Де­генмен методика тұрғысынан, әрине көп ізденіс қажет. Себебі қазіргі жастар – гей­мификацияны жақсы көреді, заманы бөлек Z ұрпақ. Осы тұрғыдан оларға қызықты болатындай, оларды еліктіріп әкете алатындай әртүрлі әдіс тәсілді қазір ойластырып жатырмыз. Бірден алып оны қолданбалы білім ретінде пайдаланып кетудің де жолдарын қарастырып жа­тырмыз. 

– Азаматтардың көп несие алуын қаржылық сауатсыздықпен байланыс­тырып жатады. Бұл қаншалықты шын­дыққа жанасады? 

– Әрине, адамдардың көп несие алуын тек қаржылық сауатсыздыққа телу дұрыс емес. Оған екіжақты көзқараспен қараған дұрыс. Егер де несиенің пайыз­дық мөлшерлемесі жоғары болса, яғни елдегі базалық мөлшерлеменің өзі қа­зіргідей жоғары болса, белгілі бір дәре­жеде әлі де бізде несие алу көлемі жоғары деген сөз. Егер соған қарамастан несие алу үрдісі көбейе берсе, онда ол, иә, қаржылық сауатсыздықтан деуге негіз бар. Мысалы, дамыған мемлекеттерде несие пайызы өте төмен, 2-4 пайыз ша­масында. Ондай несиені алу өте оңай және қайтару да қатты қалтаны қаба бермейді. Сондықтан ондай кезде несиелендірудің артқаны, керісінше, ел экономикасының дамуына, эконо­­­ми­калық өсімге негіз бола алады. Ал не­сиенің қымбаттығына қарамастан несие көлемінің ұлғаюы бұл – халықтың қарызға батуының бірден-бір көрсеткіші. Біздің бүгінгі қоғамдағы қазіргі жағдай соның нақты көрінісі. Бұл жерде, бі­ріншіден, қаржылық сауаттылықтың жоқтығының белгісі, екіншіден, халық табысының төмендігін көруге болады. Сондықтан бәрін бірдей қаржылық сауатсыздыққа әкеп тіреу тағы дұрыс емес. Еліміздегі халық табысының тө­мен­дігіне Үкімет жауапты, яғни өмір сүру сапасын жақсарту бойынша нақты жұ­мыстардың қажет екенін көрсетеді. Ха­лық табысы ұлғайған кезде, азамат­тарда сұрақ туындайды. Оны қалай ұлғайтуға болады, қалай ипотекалық немесе кә­сіпкерлікке арналған несие алуға болады деген секілді мәселелердің барлығы осыдан кейін өрби береді. Сон­дықтан ең бірінші кезекте халықтың төлем қа­білеттілігін арттыру қажет. Елі­мізде ин­фляция төмен болуы керек. Сонда ғана біз қаржылық сауаттылықты кеңінен насихаттай аламыз, сонда ғана оның құндылығы арта түседі.

Сұхбаттасқан Кәмила ЕРКІН