Қай кезде де қоғам қауіпсіздігін сақтау назардан тыс қалған емес. Бұл жайында Мемлекет басшысы қаңтар айында өткен алқа мәжілісінде «Заң және тәртіп» қағидатын біржола орнықтыруда полиция айрықша рөл атқаратынын, мемлекетте заң талаптары мүлтіксіз орындалуы керектігін және заң бұзған кез келген адам жазасын алуға тиіс екенін атап өткен болатын.
Қауіпсіз қоғам құру – басты талап
678
оқылды

 Жалпы, ел Президенті Мәжілісте заң үстемдігін жоққа шығаруға жол берілмейтінін, заңға деген құрмет әрбір азаматқа ортақ міндет ретінде дәріптелуі қажет екенін шегелеп тапсырды. Соған орай бұл – мемлекеттік органдарға ғана емес, барша халыққа ортақ міндет деп санайтынын жеткізді. Сондай-ақ қылмыспен күресу және қоғамдық тәртіпті сақтауда заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету – Әділетті Қазақстанды құрудың басты шарты екенін айтып, құқық қорғау органдарына құқықбұзушылықтың алдын алу мәселесіне баса мән беруді міндеттеді. Бұдан бөлек, кәмелетке толмаған азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аударып, полицияға білім беру басшылығымен бірлесе жұмыс атқаруды міндеттеді. Сонымен қатар Президент есірткінің таралуына батыл түрде тосқауыл қоюды, киберқылмыспен және интернет-алаяқтықпен күрес шараларын күшейту жөнінде тапсырма берді.

Осы ретте, біз Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін сапалы орындауда, елімізде заң үстемділігі мен әділдікті сақтауда нақты нәтижелерге қол жеткізуге барлық шара қабылдауымыз қажет. 

Негізінен бүгінде елімізде жаңа технологиялардың қарқынды даму кезеңі белең алды. Бұл бірінші кезекте заманауи, халықтың сұранысына бағытталған полиция қызметін қалыптастыруды көздейді.

Қазір департамент пен полицияның күнделікті қызметінде заманауи технологияларды кеңінен қолдану басты назарда тұр. Атап айтқанда, полицейлер күнделікті жол жүрісі қағидаларын автоматты тіркеу жүйелерін, кеудеге тағылатын бейнетіркегіштерді, бейнебақылау камераларын белсенді қолдануда. Сондай-ақ қылмыстық, әкімшілік процестер толықтай электронды форматта жүргізілуде. Бұл жүйе азаматтарға тергеп-тексеру барысын қадағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар былтыр қоғам қауіпсіздігін сақтау мақсатында облыс орталығында 15 жерде полицияны шұғыл шақыру үшін «Дабыл батырмалары» іске қосылды. Аталған құрылғылардың батырмасын басып құқыққа қайшы әрекеттер туындаған жағдайда полицияға дереу хабарлау мүмкіндігі артты. Сонымен қатар құқықбұзушылыққа куә болған жағдайда болған дерек туралы фото және видеоны хабарлама түрінде жолдау үшін «102 SOS» арнайы қосымшасы іске қосылып, жұмыстар атқарылуда. 

Сол сияқты Қызылорда қаласында орналасқан жылдамдық өлшегіш құрылғылары мен интеллектуалдық камералар «Қорғау» мобильді бағдарламасына қосылды. Атап айтқанда, жаңадан енгізілген бағдарлама көлікті жалған нөмірмен басқаратын жүргізушілерді, техникалық байқаудан өтпеген немесе сақтандырусыз жүргендерді анықтауға мүмкіндік береді. 

Алдағы уақытта жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, облыс орталығында қылмыс пен құқықбұзушылық көп болатын жерлерде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қосымша 1400 бейнекамера, 19 зияткерлік қиылыс, 58 стационарлық жылдамдық өлшегіш құралдарын қою жоспарлануда. Сонымен қатар қала ішіндегі қоғамдық орындар мен көпқабатты үйлердің ауласында қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар күшейтіліп, полиция қызметкерлері тек қызметтік автокөліктермен ғана емес күнделікті 10 бағыт бойынша белгіленген орындарды жаяу аралап, қызмет атқаруда.

Жалпы, осындай жұмыстар нәтижесінде қылмысқа қарсы күрес және құқық тәртібін қамтамасыз ету ісінде оң көрсеткіштерге қол жеткіздік деп айтуға болады. Нақты мәліметке сәйкес, өңірде тіркелген қылмыстар 9 пайызға төмендеді. Оның ішінде ұрлық, мал ұрлығы, тонау, бұзақылық саны азайды. Сонымен қатар бөтеннің мүлкін ұрлау, мал ұрлығы, пәтер, ұялы телефон ұрлығы, бұзақылық қылмыстарын ашу көрсеткіші жақсарды. Қабылданған профилактикалық шаралардың нәтижесінде қоғамдық орында, көшеде, отбасы-тұрмыстық салада жасалған қылмыстардың болуы төмендеді. Соның ішінде 10 мың тұрғынға шаққандағы құқықбұзушылық деңгейі 6 пайызға азайды. 

Қазір Қызылорла облысы республика бойынша ең қауіпсіз аймақ болып табылады. Атап айтқанда, биылғы жылы пәтер ұрлығы 5,7 пайызға азайды. Аталған қылмысты ашу барысында жедел уәкілдер мен криминалист мамандардың еңбегін ерекше атап өткен абзал. Олар қызмет атқару кезінде ұрлық болған әр пәтердегі кіреберіс есіктегі саусақ іздерінен бастап, иіс үлгілеріне дейін айғақ зат ретінде алуда. Соның нәтижесінде облыста болған пәтер ұрлығының 25 фактісін жасаған Түркістан облысы Қазығұрт ауданының 26 жастағы тұрғыны, кезекті пәтер ұрлығын жасау кезінде ұсталып, қамауға алынды. Тергеу барысында, күдікті үй иелерінің жоқтығын пайдаланып, терезелерді күштеп ашу арқылы үй ішіне кіріп, ақша мен алтын бұйымдарды ұрлайтыны әшкереленді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ұрланған алтын бұйымдар мен өзге де заттар егелеріне қайтарылды.

Осы орайда пәтер ұрлықтарының алдын алу мақсатында әрбір тұрғын үйіне темір есік, терезеге темір торлар және дабыл құрылғылары мен бейнебақылау жүйелерін орнатуға кеңес береміз.

Ал мал ұрлығы бойынша қараусыз жүрген ауылшаруашылық жануарларының ұрлануы, олардың үлкен тасжолдарға шығып жол-көлік оқиғаларына себепкер болатыны жөнінде иелеріне көрілетін әкімшілік жауапкершілік туралы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы тұрақты түрде ақпараттандырылып келеді. Соған қарамастан тұрғындар өздерінің ірі және ұсақ малдарын қараусыз жаюда. Яғни, көп жағдайда мал жайылымдық жерден ұрлануда. Мысалы, қызметкерлермен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде Қазалы ауданының 23, 28 және 29 жастағы азаматтардың жалпы 11 бас түйені жайылымдық жерден ұрлағандары анықталып, қамауға алынды. 

Қазір отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбы – ең өзекті мәселелердің бірі. Көбінесе тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары – әйелдер мен балалар.

Соған орай тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейін төмендету бойынша белсенді қадамдар жасалуда. Бұған дейін 102 арнасына тұрғындардан отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастар бойынша 596 қоңырау түсіп, шешім қабылданды. Нәтижесінде, құқыққа қарсы әрекет жасаған 342, денсаулыққа қасақана зиян келтірген 106, ұрып-соғу бойынша 95 тұлға жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен 90 адам әкімшілік қамауға алынып, 143 құқық­бұзушыға ерекше талаптар белгіленді. Ал 441 тұлғаға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылды. Есепке алынған 102 қолайсыз отбасының ішінде әйелі мен балаларын ұратын, араққа құмар азаматтар да бар. 

Өңірде қылмыс пен құқықбұзу­шылық­тарға жол бермеуге бағытталған «Тұрмыс», «Квадрат», «Көрші бақылауы», «Учаске», «Зорлық-зомбылықсыз қоғам» профилактикалық шаралары ұйымдастырылды. Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде облыста осы бағыттағы қылмыстар саны 82 пайызға азайғаны байқалады.

Жалпы, біздің қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылықты үй ішінен сыртқа шығармау әдетке айналған. Алайда бұқаралық ақпарат құралдары және әлеуметтік желілер арқылы зорлық-зомбылық фактілері туралы полицияға дереу хабарлау қажеттігі туралы мақсатты жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп жатырмыз. 

Келесі өзекті проблемалардың бірі – соңғы 3 айда 4 жасөспірімдер қылмысы тіркеліп, 2 мектеп оқушысы, 2 колледж студентіне қылмыстық шара тағайындалды. Соның ішінде түнгі уақытта бақылаусыз жүрген 1 486 жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал міндеттерін орындамаған 121 ата-анаға әкімшілік хаттама рәсімделіп, полиция есебіне 46 жасөспірім алынды. Сондай-ақ рейдтік шаралар барысында жасөспірімдердің түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген 101 кәсіпкер, жасөспірімге темекі бұйымдарын сатқаны үшін 10 сатушы анықталды.

коллаж: Елдар ҚАБА

 

Қылмыстың алдын алу мақсатында «Жасөспірім» іс-шарасы мен «Абайлаңыз, балалар!» атты акциялары өткізілді. Соның негізінде әрбір адамның өмірде толыққанды тұлға болып қалыптасуына құқықтық тәрбиенің алар орны ерекше екендігін ескеріп, департаментпен білім беру орындарында 1313 лекция және семинарлар жүргізілді.

Бұдан бөлек, балалардың жолда жүру қауіпсіздігі мәселесі де өзекті. Соған орай бүгінде оқу орындарында мұғалімдермен бірлесе жол қозғалысы ережелерін сақтау бойынша дәрістер жүргізді. 

Осы орайда қазіргі жастар мен балалардың қызығушылығын туындатып тұр­ған мотоцикл, скутер, мопед, самокаттардың қаншалықты қауіпті екеніне назарда ұстаған абзал. Сондықтан да аталған құралдарды пайдалануға ата-ана тарапынан шектеу қойылуы тиіс.Бүгінде скутер мен мотоцикл пайдалану барысында белгіленген тәртіпті сақтамағаны үшін 431 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылған. Ал оның 19-ы жасөспірімдерге қатысты екені анықталды.

Жалпы, республикалық талдауға сүйенсек, жыл басынан мопедтердің қатысуымен 171 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Осы орайда мопед, скутер тектес құралдардың жүргізушілері барлық ережені сақтауға міндетті екенін айтқым келеді. Соның ішінде жол жиегімен, тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруге тыйым салынады. Жол жүру ережелерінде мопед, скутерді басқару құқығы он алты жасқа толған адамдарға беріледі. 

Тағы да маңызды мәселе – нашақорлық. Соның ішінде синтетикалық есірткінің жастар арасында таралуы болашақ ұрпақтың әл-ауқатына аса қауіп төндіріп тұр. Соған орай елімізде 2023-2025 жылдарға арналған есірткі бизнесіне қарсы күрестің ведомствоаралық ауқымды кешені әзірленіп, бекітілді. 

Қазір жасөспірімдер есірткі сатушылар үшін оңай олжа болып тұр. Өйткені жасөспірімдер жауапкершілікті толық түсінбей, жеңіл табылатын ақшаға алданып қалып жатады.

Соған орай есірткіні жарнамалау және насихаттағаны, яғни графити жазуларын салу, хабарландырулар, QR кодтарды тарату немесе мессенджерлерде есірткі туралы оң пікірлер қалдырғаны үшін қыл­­­­мыс­тық жауапкершілік қарастыр­ылғанын айта кеткен абзал. Сондай-ақ есірткі айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталатынын қаперде ұстаған жөн. Ең бастысы, ата-аналар тарапынан балаларының қосымша қаражатқа мұқтаждығына аса назар аудару қажет.

Соңғы жылдары синтетикалық есірткі дерті дендеп барады. Бұл кеселдің адам психологиясына санаулы секундта өте қатты әсер ететінін неврология ғылымы ертеден дәлелдеп берген. Полиция есірткінің бұл түрімен күресудің қиындығын, «синтетика» саудасының белең алып бара жатқанын ескертіп, дабыл қағуда. Синтетикалық есірткілер, негізінен, интернет арқылы сатылады. Ал елімізде кез келген азамат үшін интернет дүкендері қолжетімді екені белгілі. Яғни, осы арқылы сатып алушы мен саудагер бір-бірімен бетпе-бет кездеспейді. 

Жыл басынан департаментпен әлеуметтік желіде мониторинг жүргізу барысында «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесіне синтетикалық есірткіні жарнамалайтын 20 сайттың жұмысы тоқтатылды. Облыс аумағында 45 есірткі қылмыстары анықталып, заңсыз айналымнан 9 келі 795 грамм есірткі тәркіленді және 1 фито-зертхана анықталды.

Сондықтан жастар еліміздің болашағы екенін ескеріп, жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанып, бос уақыттарыңызда тиімді істермен айналысуға шақырамыз. 

Бүгінде аса назар аударатын фактордың бірі – киберқылмыстар. Қазір заманауи киберқылмыстың алдын алу, онымен күресті одан әрі күшейту мақсатында «Киберпол» арнайы тобы жұмыс атқаруда. Соның негізінде интернет-алаяқтықтың 52 дерегі тіркеліп, іздеуде жүрген 1 тұлға интернет алаяқтықпен ұсталды. Тергеу барысында жәбірленушілерге 1 млн 500 мың теңгеден астам материалдық залал өтелді. 

Интернеттің мүмкіндігін қылмыстық іс-әрекеттерін жүзеге асыру үшін оңтайлы пайдаланып жүрген алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн сайын өзгеріп отырады. Соның ішінде қылмыскерлердің әлеу­меттік желілерге жалған хабарландырулар орналастыру, интернет арқылы сауда жасау және қызмет көрсету, инвестицияға пайда көру мақсатында ақша салу әрекеттері жиі қолданылады. Сондай-ақ мессенджерлерге күмәнді сілтемелер жолдау арқылы банк немесе құқық қорғау органдарының қыз­меткері ретінде азаматтарға қоңырау шалып, жеке деректерді иемденіп, бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу және алаяқтықтың жаңа түрлері туралы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы халыққа хабардар етілгенімен, тұрғындардың алаяқтардың құрығына түсіп жатқан жағдайлары жиі кездеседі. 

Бүгінде өзекті мәселенің тағы бірі – жол қауіпсіздігі болып табылады. Бұл тұрғыда жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін сақтамауы жол-көлік оқиғаларының 85 пайызға, дене жарақат алғандардың 75 пайызға өсуіне жол берілді. Десек те, қаза тапқандардың саны – 14 пайызға төмендеді. Айта кетсек, жолда жүру ережесін бұзудың 47 мыңнан аса дерегі анықталса, оның 20 958-і немесе 44,3 пайызы жол апатына тікелей әсер ететін өрескел құқықбұзушылықтар саналады. Ал жүргізушілер арасында көлік құралын масаң күйде басқару дерегі әлі күнге дейін азаймауда. Есепті мерзімде 150 азаматтың мас күйінде көлік жүргізгені анықталып, тиісті шаралар қабылданды. 

Конституцияда көрсетілгендей – мем­лекетіміздің ең қымбат қазынасы –  адам және адамның өмірі. Қай кезде болмасын масаң күйде көлік басқарған адам жол-көлік оқиғасына ұшырап, апатқа себеп болатыны анық. Сондай-ақ бұрын масаң күйде көлік жүргізіп, сот қаулысымен жүргізуші құқығынан 7 жылға айырылған  14 азамат автокөлікті құжатсыз мас күйінде басқарғаны анықталып, өмір бойына көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Бұл дегеніміз жүргізуші азаматтардың жауапкершілікті сезінбеуі мен заң талаптарына бағынбауының айқын көрінісі. 

Бүгінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу, адамдардың өмірін сақтау мақсатында тұрақты түрде «Қауіпсіз жол», «Бала сіздің жолаушыңыз», «Автобус», «Тасымалдаушы» жедел профилактикалық іс-шараларымен «Мотоцикл акциясы» жүргізілді.

Жалпы, полиция қызметінің негізгі жұмыс критерийі – ол сіздердің бізге деген сенімдеріңіз. Сол үшін де қауіпсіз қоғам құру жолында аянбай қызмет атқара беретін боламыз. 

Махсудхан АБЛАЗИМОВ,

Қызылорда облысы ПД бастығы,

полиция генерал-майоры