Өнер иесінің айтуынша, қара шаңырақ саналатын мәдениет ордасы бүгінде тозығы жеткен ғимаратқа айналған.
Жайбарақат қарай алмаймын: Танымал әнші Түркістан облыстық филармониясындағы былықтың бетін ашты
3,168
оқылды

Танымал дәстүрлі әнші Наркенже Серікбаева жұмыс істеп жатқан Ш.Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясындағы жұмысынан шығып кетті, деп жазады Aikyn.kz.

“Мен өнерге бір күнде немесе бір күнге келген жоқпын. Қаршадайымнан қара домбырамды арқалап, өмірдің талай соқпағынан өттім. Қанатымның қатаюына ықпалын тигізген Шәмші Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясы екені көпке белгілі. Бұл мекеме –мен үшін қара шаңырақ. Бүгінде сол қара шаңырақ қараусыз қалғандай… Вальс падишасының атындағы сарайдың қазір жай-күйіне жайбарақат қарай алмаймын. Жалақыға жан бағып жүрген өнерпаздар сахнаға шығу үшін киімді неге жалға алуы керек?! Аты дардай мекеме сахналық костюмге неге жарымайды?! Басшылықтың, басқарманың өнерге жаны ашымай ма?”, – деп күйінді әнші. 

Сонымен қатар басшылық өнерпаздарды бөліп-жарып қарайтынын да жасырмады. 

“Таланты барлар тасада қалып, талантсыздар, тамыр-танысы мықтылар неге төрге шығады?! 20-30 жыл адал жұмысын жасағандар еленбей, жылтырағандар жағымпазданғандар, неліктен марапат алады?! Ескірген сахна залын, грим бөлмелерін неге көрмейсіздер?! Талай адам басқарып келіп, кетіп жатыр. Жаны ашитыны қайсысы?! Сұрағым көп. Айтарым да көп…Біраз шындықты айтуға дайынмын. Филармониядағы жұмысымнан өз еркіммен кеттім. Біреулер менің кеткеніме қуанатын да шығар. Бірақ мен көріп тұрып көрмегендей, біліп тұрып білмегендей бола алмаймын. Жалпы Түркістан облысының мәдениеті, руханияты өте төмен деңгейде. Идеология жоқтың қасы. Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!”, – деп ашынды өнер иесі.