Екі азамат ұлттық және әлеуметтік араздықты қоздыратын жарияланымдар жасап, үгіт-насихат жүргізген.
ШҚО-ны Қазақстаннан бөліп алғысы келген екі тұрғын бас бостандығынан айырылды
Фото: istockphoto.com
1,478
оқылды

Өскемен қаласының екі тұрғыны сепаратистік әрекеттерді насихаттағаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

ШҚО прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, екі азамат ұлттық және әлеуметтік араздықты қоздыратын жарияланымдар жасап, үгіт-насихат жүргізген.

«Тергеу барысында олардың 2024 жылдың ақпан айында интернет-ресурстарды (чат-рулетка) пайдаланып, Шығыс Қазақстан облысын Қазақстаннан бөлу мақсатында референдум өткізу қажеттігі туралы ойын білдіргені белгілі болды. Референдумда оң нәтижеге қол жетпеген жағдайда облысты күштеп басып алу қажеттігін насихаттаған», – деп хабарлады ведомстводан. 

Өскемен қалалық № 2 сотында қаралған сот ісінде айыпталушылар өз кінәларын толық мойындап, өкінетінін жеткізді.

«Сот үкімімен сотталушылар 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енді. Мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мәселелері құқық қорғау және арнайы органдардың ерекше бақылауында», – делінген хабарламада.

 Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.