Қасым-Жомарт Тоқаев испаниялық клубтың футбол әлеміндегі беделі зор екенін атап өтіп, Қазақстанда спорттың осы түрін дамытуға және тәжірибе алмасуға қызығушылық танытқаны үшін Энрике Сересо Торреске алғыс білдірді.
Мемлекет басшысы «Атлетико Мадрид» футбол клубының президенті Энрике Сересо Торресті қабылдады
907
оқылды

Президентке елімізде «Атлетико Мадрид» футбол академиясын ашу жобасы таныстырылды, – деп хабарлады Ақорда.

Қасым-Жомарт Тоқаев испаниялық клубтың футбол әлеміндегі беделі зор екенін атап өтіп, Қазақстанда спорттың осы түрін дамытуға және тәжірибе алмасуға қызығушылық танытқаны үшін Энрике Сересо Торреске алғыс білдірді.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанда футболды дамытуға айрықша назар аударылады. Қазір еліміздегі спорт мектептерінде, футбол секцияларында 40 мыңға жуық бала жаттығады. Сондай-ақ инфрақұрылым жақсартылып, жаңа стадиондар салынуда.

Қасым-Жомарт Тоқаев футболды дамытуға бағытталған бұл бастамаға мемлекет жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.

Өз кезегінде Энрике Сересо Торрес «Атлетико Мадрид» футбол академиясы әлемнің көптеген елінде ашылғанын жеткізді. Академияда дарынды футболшыларды тәрбиелеумен қатар, оларды әлемдік футбол лигаларына шығару үшін үздік тәжірибелерді енгізуге, жаттықтырушылар мен тәлімгерлердің біліктілігін арттыруға мән беріледі.

«Атлетико Мадрид» футбол академиясы Алматы облысы Талғар қаласындағы  Akbulak  олимпиада орталығының базасында құрылмақ.

Кездесу соңында Энрике Сересо Торрес Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Атлетико Мадрид» ойыншыларының қолтаңбасы қойылған жейде сыйлады.