Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды.
Асыраушысынан айырылған адамның мүддесін қорғау үшін жесір санаты енгізілді – Мәжіліс депутаты
Фото: parlam.kz
923
оқылды

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Ұлықбек Тұмашиновтың айтуынша, аталған заң жобасы былтыр қараша айында бірінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Отбасы банкін «толыққанды даму институты» етіп, азаматтарды есепке қою мен тұрғын үйлерді бөлуді орталықтандыруға бағытталған нормалар көзделген. 

«Тұрғын үймен қамту орталығы» жаңа электрондық мәліметтер базасын құру қөзделеді (ол тұрғын үйге мұқтаж, Отбасы банкінде тіркелген азаматтар туралы мәліметтерді қамтитын болады).

Жергілікті атқарушы органдардан тұрғын үйді тіркеу, есепке алу және бөлуді Отбасы банкінің құзыретіне беру ұсынылады. Заң жобасында әскери қызметті атқару, құқықтық тәртіпті қорғау кезінде, сондай-ақ адам өмірін құтқару кезінде қаза тапқан адамдардың отбасын бір жылдан кешіктірмей тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша норма енгізілген.

Заң жобасын 2-оқылымға дайындау барысында толықтырулар енгізілді. Біріншіден, Отбасы банкі екінші деңгейдегі банктер жүйесінде және депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінде сақталып қалды. Сондай-ақ, Отбасы банкінің қызметін лицензиялау да сақталатын болады. Үкіметтің мәліметінше, «Отбасы банкінде» 2,7 миллион адамның несие портфелі – 3 200 млрд теңге (01.02.2024 жылғы дерек ).

Екіншіден, заң жобасына «сатып алу құқығынсыз» азаматтарға жалға берілген тұрғын үйлерді – енді «жекешелендіру құқығын беру» туралы ұсыныс енгізілді. Осы ұсыныс қолдау тапты. Бүгінгі таңда сатып алу құқығынсыз берілетін тұрғын үйлер – халықтың әлеуметтік осал топтарына ғана берілетіні белгілі.

Бұл азаматтарға жалға берілетін баспананы жекеменшік ретінде қалдық құнымен алуға мүмкіндік береді. Мұндай жаңа жекешелендіру құқығын – барлық өңірде 51 мың халықтың әлеуметтік осал топтарының азаматтары пайдалана алады. 2017 жылдан бері қайтарымсыз негізде жалға берілетін тұрғын үй құрылысына республикалық бюджеттен 418 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен өңірлерде 51 мың пәтер салынып, пайдалануға берілді.

Үшіншіден, жалғыз баспанасы «апатты тұрғын үй» деп танылған үйдің орнына берілген тұрғын үйді жекешелендіру құқығын беру енгізіліп отыр. Ол қолдау тапты. 

Бұл ұсыныс 1600 астам азаматтардың мәселесін шешуге бағытталған.

Төртіншіден, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 13-бабының 8-тармағына сәйкес, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрып жатқан үйлерді 11 санатқа «меншігіне өтеусіз алуға» қолданыстағы құқық сақталды.  Атап айтқанда, 11 санат: соғыс ардагерлері; І және ІІ топтағы мүгедектер; қызмет барысында қаза тапқан әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің отбасы мүшелері; ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтар және т.б.

Бесіншіден, асыраушысынан айырылған адамдардың мүдделерін қорғау мақсатында жесір санаты – жеке дербес санатқа бөлінді. Ол халықтың әлеуметтік осал топтары тізіміне жаңа санат ретінде қосылды.

Асырауында кәмелетке толмаған балалары бар және күндізгі бөлімде оқитын студент баласы бар әйел жесір санатына жатады. Бірақ олар көмекті баласы жиырма үш жасқа толғанға дейін ала алады.

Жалпы, заң жобасы бойынша 557 ұсыныс енгізілді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.