Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп Астана әкімдігінің технологиялық колледжінде болды.
Нұртөре Жүсіп кітапханалар қорын қызықты кітаптармен толықтыру қажеттігін айтты
563
оқылды

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп Астана әкімдігінің технологиялық колледжінде болды. Сенатор кітапхананың материалдық-техникалық базасымен және кітап қорымен танысты, сондай-ақ білім беру мекемесінің басшылығымен және педагогикалық құрамымен кездесті.

Кездесуге қатысушылар колледж базасында креативті индустрия орталығын құру, жастардың бастамаларын қолдау, білім беру үдерістеріне цифрлық сипат енгізу, оның ішінде жасанды интеллект құралдарын қолдану мәселесін талқылады.

Нұртөре Жүсіп мемлекет жүргізіп жатқан реформалар туралы айта келіп, ол білім беру деңгейінің сапасын арттыруға, педагогтар мен білім беру мекемелері қызметкерлерінің әлеуметтік кепілдігін жақсартуға, сондай-ақ олардың рөлі мен мәртебесін арттыруға бағытталғанына тоқталды.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында білім және ғылым мәселесіне ерекше назар аударған болатын. Мемлекет басшысы білім беру жүйесі еңбек нарығының қажетіне орай, зәру мамандар тізімін ескере отырып өзгеруі тиіс екенін атап өтті. Ұлттық экономиканың көптеген салаларында, әсіресе техникалық және жұмысшы мамандығына кадр жетіспейді. Сондықтан керек болатын мамандық бойынша білім беру ісімен мақсатты түрде айналысу қажет. Оқу орындары әлеуетті жұмыс берушілермен ұзақ мерзімді серіктестік қарым-қатынас орнатуы тиіс. Сенаторлар Президент айтқан барлық міндеттер мен мақсаттар тез өзгеретін әлем жағдайында және өскелең ұрпаққа жайлы болашақ қалыптастыруға қажет деп санайды. Әрине, бұл үлкен еңбекті қажет етеді. Алайда, Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы әрі уақытылы орындау бәрімізге ортақ міндет болып табылады», – деді Нұртөре Жүсіп.

Депутат сонымен қатар өскелең ұрпақтың оқырмандық сауатын арттырудың маңызы мен кітапханалардың кітап қорларын қызықты кітаптармен толықтыру қажеттігін атап өтті. Ол сондай-ақ ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы кітап оқудың маңыздылығына ерекше назар аударғаны айтылды. Нұртөре Жүсіп осыған орай өз коллекциясындағы сүйікті 100 кітабын колледждің кітап қорына тапсырып, олардың оқырмандарына пайдалы әрі қызықты болатынына үміт білдірді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.