Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Корея Республикасының Прези­ден­ті Юн Сок Ёль кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Екіжақты байланыстың жаңа белесі
847
оқылды

Екі ел делегацияларының қа­тысуымен өткен келіссөз барысында еліміздің Президенті Юн Сок Ёльдің Қа­зақстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапарын тарихи оқиға деп бағалады. Сон­дай-ақ бүгінгі келіссөздер қазақ-корей ықпалдастығының аясын кеңейтіп, екі­жақты байланысты жаңа белеске көтеретінін айтты.

Мемлекет басшысының пікірінше, Оңтүстік Корея жаһандық ауқымдағы нағыз экономикалық және технологиялық локомотивке айналды. Ал әлемге әйгілі корей корпорациялары халықаралық аренада елдің «негізгі жаһандық мемлекет» ретін­дегі позициясын ілгерілетуге елеулі үлес қосып ке­леді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев екі­жақты қатынастарды дамыту мәселелеріне тоқ­талды. Оның айтуынша, Сеул – Қазақстанның Азия-Тынық мұхиты аймағындағы маңызды стра­тегиялық серіктестерінің бірі. Корея сыртқы сау­да айналымы бойынша төртінші орында және елі­міздегі ең ірі шетелдік инвесторлардың онды­ғына кіреді.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Кореяның отыз жылдан астам уақыт ішінде жоғары дең­гей­дегі саяси диалогқа қол жеткізгенін, табысты эко­номикалық ынтымақтастықты және берік гуманитарлық байланыстарды жолға қойғанын атап өтті. Екі ел парламентаралық, үкіметаралық, ведомствоаралық деңгейде және басқа да түрлі салаларда ықпалдастық орнатқан. Іскерлік кеңес пен Сауда-экономикалық және ғылыми-тех­ни­калық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық ко­миссия табысты жұмыс істеп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел кәсіпкерлері арасындағы тығыз қарым-қатынасты жолға қою ісінде тұрақты байланыстар аса маңызды рөл атқаратынына тоқталды. Сондай-ақ Қазақстанда Оңтүстік Кореяның капиталы бар 700-ден астам компания жемісті жұмыс істеп жатқанын ерекше атап өтті. Бұдан бөлек, тараптар мәдени-гумани­тарлық байланыстарды дамыту мәселесіне назар аударды.

– Қазақстанда тұратын 120 мың этникалық ко­рей ұлтының өкілдері екі ел арасындағы қа­тынастарды нығайтуда маңызды рөл атқарады жә­не оған өлшеусіз үлес қосады. Кореяда білім алып жатқан мыңнан астам қазақстандық жас мем­лекеттер арасындағы «достықтың алтын кө­пірі» саналады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Юн Сок Ёль қазақ жерінде құрмет көрсеткені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, биыл Корея Республикасы мен Қазақстан арасында стратегиялық серіктестік орнағанына 15 жыл толғанын атап өтті.

– Корея Республикасы өзінің басты стратегиялық серіктесі – Қазақстанмен бірге жарқын және кемел келешекке қатар қадам басуға ниетті, – деді Корея Президенті.

Келіссөз барысында энергетика, инфрақұрылым, өнеркәсіп, машина жасау, сауда, көлік-логистика, цифрландыру, аэроғарыш өнеркәсібі, қаржы секторы, білім беру, денсаулық сақтау, фармацевтика, туризм, мәдениет, экология және басқа да салалардағы екіжақты ықпалдастықтың перспективалары талқыланды. Келіс­сөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Корея басшылары Бірлескен мәлімдеме жасады. Екі елдің ресми делегация мүшелері бірқатар құжаттарға қол қойды.

Екіжақты келіссөздерден кейін Мемлекет басшысы мен Корея Республикасының Президенті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады.

– Біз Корея басшысының осы мемлекеттік сапарына айрықша мән береміз. Бұл екіжақты қарым-қатынастың деңгейі жоғары екенін көрсетеді. Мен елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты жоғары бағалаймын. Бүгін біз кеңейтілген стратегиялық әріптестігімізді одан әрі дамытуға уағдаластық. Өзара ықпалдастықтың жаңа бағыттарын айқындадық. Ең бастысы, бір-бірімізге әрқашан тілеулес екенімізді таныттық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті екі ел сауда-экономика және инвестиция салаларына баса мән беретінін, Корея Қазақстанның ең ірі бес инвесторының бірі саналатынын жеткізді.

– Былтырға дейін осы елден тартылған инвестиция көлемі 9,6 миллиард долларға жетті. Бұл көрсеткішті ұлғайтуға екі тарап та мүдделі. Қазақстанда корей капиталы бар 700-ден астам компания қызмет етеді. Мысалы, Samsung, Hyundai, Kia, Lotte, Doosan, Posco сияқты алпауыт корпорацияларды атап өтуге болады. Олар елімізде табысты жұмыс жүргізіп жатыр. Біз Президент Юн Сок Ёль мырзамен жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға келістік. Әсіресе, инфрақұрылым, өндіріс, қаржы, энергетика, экология, автомобиль мен аэроғарыш өнеркәсібі, IT, цифрландыру және басқа да салаларға басымдық беріп отырмыз. Қазір Doosan Enerbility компаниясы Түркістанда бу-газ қондырғысы арқылы жұмыс істейтін электр стансасын салып жатыр. Сонымен қатар Samsung Electronics компаниясы елімізде тұрмыстық техника шығаратын өндіріс ашуға ниет білдірді. Біз мұндай бастаманы барынша қолдаймыз. Сондай-ақ GL Ralpha компаниясы Астанада биофармацевтика зауытын салуды жоспарлап отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Келіссөз барысында сирек кездесетін металдарды бірлесіп зерттеу және өндіру мәселесі де қарастырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан нарығына кіргісі келетін корей компанияларына қолайлы жағдай жасауға дайын екеніне назар аударды. Оның пікірінше, мұны жүзеге асырудың нақты жолдары бар. Үкіметаралық комиссия, Іскерлік кеңес пен бизнес қауымдастық арасында жұмыс тобы құрылған. Бұл құрылымдар екіжақты экономикалық байланысты нығайтуға зор септігін тигізеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Банктік қадағалау саласын­дағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойыл­ғанына тоқталды. Жаңа құжат арқылы инвестициялар қауіпсіздігін бақылаудың тәртібі реттелмек. 

Қазақстан Президентінің айтуынша, тараптар ғылым және білім салаларындағы ынтымақтастықты ұдайы нығайтып келеді.

– Қазіргі таңда Кореяның жоғары оқу орындарында мыңнан астам қазақ жастары білім алып жатыр. Өздеріңізге мәлім, Қазақстан техникалық мамандар даярлау мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Бұған корея­лық әріптестеріміз қолдау көрсетіп отыр. Елдеріміз ғылым және технология саласындағы ынтымақтастықты дамыта түсуге келісті. Осыған орай Түркістанда Корея­ның Усонг университетінің филиалын ашу мәселесі пысықталады, – деді Президент.

Сонымен қатар келіссөздер барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі кеңейтуге айрықша назар аударылды.

– Қазақстанда тұрып жатқан корей диаспорасының өз тілін сақтап, дамытуына қолдау көрсетіледі. Осы мақсатпен екі ел аумағында тұрақты түрде мәдени шаралар өткізуге уағдаластық. Қазіргі таңда Қазақстан азаматтары Кореяға 30 күнге дейін визасыз бара алады. Таяу арада Астана – Сеул бағытында тікелей рейс ашылады. Әуе рейстерінің ұлғаюы екі ел арасындағы байланысты нығайта түсетіні сөзсіз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы ынтымақтас­тықты одан әрі дамытуға бағытталған маңызды әрі мазмұнды келіссөздер жүргізілгенін жеткізді.

– Астана мен Сеулдің өзекті мәселелерге қатысты ұстанымдары ұқсас. Көпжақты ықпалдастықты нығайтуға екі ел де мүдделі. Біз Орталық Азия бестігі мен Корея диалогын одан әрі дамытуға келістік. Қазақстан Корея Республикасының K-Silk Road тұжырымдамасын қолдайды. Бұл мәселе бойынша бүгінгі келіссөздер барысында кең ауқымды әңгіме болды. Мен корей тарапының осы форматтағы алғашқы саммитті келесі жылы Сеулде өткізу туралы ұсынысын қолдаймын. Бұл бастама екіжақты және көпжақты ынтымақтастыққа тың серпін берері анық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Корея Респуб­ликасының Президентімен халықаралық және өңірлік мәселелер жөнінде пікір алмасқанын, сондай-ақ жаһандық үдерістерге қатысты ой бөліскенін айтты.

– Біз әлемдегі түрлі қақтығыстарға байланысты алаңдаушылық білдірдік. Кез келген жанжалды диалог арқылы, дипломатиялық жолмен шешу қажет екенін атап өттік. Оның мызғымас негізі – Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы және халықаралық құқық нормалары болуға тиіс. Осы ретте жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті қамтамасыз ету тәсілдерін жетілдіру туралы ой бөлістік, – деді Қазақстан Президенті.

Юн Сок Ёль Қазақстан мен Корея арасындағы экономикалық және стратегиялық ынтымақтастыққа назар аударды.

– Қазақстан Президентімен келіссөздер барысында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған уақыттан бері қарқынды дамып келе жатқан екі ел арасындағы ықпалдастық мәселелерін кеңінен талқыладық. Сонымен қатар Қазақстан мен Кореяның стратегиялық серіктестігінің тиімділігін арттыра түсуге уағдаластық. Бүгінгі сапар аясында электр энергетикасы, маңызды минералдарды жеткізу салалары бойынша бірқатар келісімге қол жеткіздік, – деді Корея Республикасының Президенті.

Сондай-ақ Қазақстан–Корея бизнес форумы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев BNK Financial Group компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Бин Дэ-Инмен кездесті.

Мемлекет басшысы компанияның өз иелігіндегі BNK Finance Kazakhstan микроқаржы ұйымын толық­қанды екінші деңгейлі банкке айналдыру ниетін құп­тады. Оның пікірінше, Оңтүстік Кореядағы жетекші банк­тің Қазақстанда қызмет етуі екі ел арасындағы сауда-инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның микроқаржы ұйымын банкке айналдыру рәсімі аяқталған соң, корпоративтік несие беруге күш салуға шақырды. Сондай-ақ банк саласында озық IT-шешімдерді пайдаланудың маңыздылығына назар аударды.

BNK Financial Group Inc. – Оңтүстік Кореяның қаржылық тобы. Оның құрамына Busan Bank, Kyongnam Bank, BNK Capital және басқа да компаниялар кіреді. Компанияның активі – 129 миллиард доллар. Ал таза табысы – 504 миллион доллар. Қаржылық топ әлемдегі ең ірі компанияларды есепке алатын Forbes Global 2000 тізіміне енген.

Содан кейін Мемлекет басшысы Doosan Group компаниясының төрағасы Чжеонг Вон Пак пен Doosan Enerbility басқарма төрағасының орынбасары Ён Ин Чонгті қабылдады. Кездесу басында Президент су тасқыны кезінде елімізге көрсеткен көмегі үшін корей компаниясына алғыс білдірді. Мемлекет басшысының айтуынша, осындай қиын-қыстау жағдайда кәсіпкер­лердің халықты қолдауы олардың әлеуметтік жауап­кершілік деңгейі жоғары екенін көрсетті.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Түркістан облысында қуаты 1 ГВт болатын бу-газ электр станциясын салу жобасының жүзеге асырылу барысы, сондай-ақ компанияның Атырау облысында «Қарабатан» газ турбиналы электр стансасын кеңейтуге қатысу перспективалары туралы мәлімет берілді. Doosan Enerbility компаниясы Doosan Group құрамына кіреді. Бұл кәсіпорын атом электр стансаларын салуға, жылу электр стансаларын, турбиналар мен генераторлар, су тұшытатын қондырғылар өндіруге маманданған. Компанияда 5 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. 2023 жылы өнім сату көлемі 17,5 миллиард долларды құрады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы KIGAM президенті Пёнг-Ку Лиді және SK Ecoplant вице-президенті Хансоль Пэкті қабылдады. Кездесуде Қазақстанның Оңтүстік Кореямен геологиялық барлау және тау-кен өндірісі салаларындағы ынтымақтастық перспективасы талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Корея Геологиялық зерттеу және минералды ресурстар институтының (KIGAM) Шығыс Қазақстан облысындағы «Бакенное» литий кен орнында жүргізген барлау жұмыстары жөнінде мәлімет берілді.

Мемлекет басшысы литий өндірісін жолға қоюдың, оны өңдеудің және дайын өнім шығарудың маңызды екенін атап өтіп, «шикізат орнына инвестиция мен технология» прагматикалық формуласына сай ынтымақтастық орнату мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. 

Президент SK Ecoplant компаниясының қал­дық­тарды игеру және су тазалау бағытындағы инновациялық тәсілдеріне жоғары баға берді. Оның пікірінше, кореялық компаниялар қалдықтарды кәдеге жарату жөніндегі бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қатыса алады. Хансоль Пэк Мемлекет басшысына компа­нияның «жасыл» сутегі өндірісі саласында қол жеткізген табыстары жөнінде баяндады.