Disney мен Pixar компаниялары «Ойжұмбақ 2», Disney студиясы «Моана 2», «Муфаса: Арыстан патша» анимациялық фильмдерін өз қаражатына қазақ және орыс тілдеріне аударды.
Dısney тағы қазақша сөйледі
1,094
оқылды

Disney жыл сайын әр фильмнің түрлі тілдегі 30-ға жуық нұсқасын дайындайды. Қазақ тілінің осындай ірі тілдер қатарына қосылуы, сүйікті кейіп­керлердің бізбен бір тілде сөйлеуі – қуантарлық жайт. 

«Ойжұмбақ 2» анимациялық фильмінің басты кейіпкері Райлиді блогер Ақерке Естайқызы, қуа­ныш­ты әнші әрі актриса Гүлнәр Тілебалды, мұңды – кино, театр және дубляж актрисасы Алма Қыл­мұқан, қорқынышты – кино мен театр актері, режиссер Рүстем Жаныаманов дыбыстады. Ninety One бой-бэндының солистері – Азамат Ашмақын мен Батырхан Маликов, дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев жобаға үлес қосты.

Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистрлігі мен Халықаралық «Қа­зақ тілі» қоғамы Disney студия­сының бұл бастамасына қолдау білдірді және оны басқа да контент жасаушыларға үлгі болатын өте жақ­­сы бастама деп таныды. 

«Фильмдерді әртүрлі елге бейім­деп, дубляждау – Disney компания­сын­дағы контент әзірлеу жұмысы­ның ажырамас бөлігі әрі бұрыннан қалыптасқан үрдісі. Сол себепті Disney Character Voices International ұжымы әр фильмнің түрлі тілге аударылған 30-ға жуық нұс­қасын әзірлейді. Осы нұсқалар­дың әрқай­сысындағы кейіпкер­лердің бірегей бейнесін сақтай оты­рып, оны кө­рер­мендерге «жа­қын» әрі түсінікті етіп аударатын, дубляждайтын да­рын­ды шығарма­шылық кеңес­шілер мен техни­ка­лық мамандар тобы жұ­мыл­дырыла­ды, – дейді  Орталық және Шығыс Еуропа, ТМД елдері, Грузия және Моңғолиядағы Disney компания­сының бас директоры Кахабер Аба­шидзе. 

«Қазақстандық көрермен мем­лекеттік тілде көрсетілетін Disney премьераларын қашанда ерекше ықыласпен қарсы алады. Бұл дәс­түр 2024 жылы да жалғасын таппақ. Үлкен экрандардан қазақ тілінде көрсетілген «Моана», «Көліктер 3», «Коконың құпиясы» және «Арыс­тан патша» (2019) фильмдерінің қатары жаңа туындылармен то­лық­пақ. Қазақ тілінде еркін сөй­лейтіндер де, тілді енді үйреніп жүргендер де сапалы дубляждалған фильмдерді тамашалаудан ләззат алары cөзсіз», – деп пікір білдірді Қазақстан ау­мағындағы Disney фильмдерінің ресми дистри­бью­торы, «Меломан» компаниясының бас директоры Вадим Голенко.

«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының негізгі жұмыс бағыты Disney компаниясының ұстанымы­мен үндес келеді. «Қазақ тілі» қоға­мы мемлекеттік тілдегі контент қорын, атап айтқанда, бала тілін қазақша шығаруға қажет құрал­дардан бастап, әр адамның қазақ тілі аясында тұлға әрі маман болып қалыптасуына керек мазмұн қо­рын арттыруға басымдық береді. Әлем­дік анимация жауһар­лары, қазақ тіліндегі кинопрокат бағы­тын­дағы контентті қазақ тіліне ау­дару бастамасын барынша қол­даймыз. Disney компаниясының бұл бастамасы өзге де контент өн­діру­шілерге өте жақсы үлгі деп санай­мыз», – дейді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы.

«Ойжұмбақ 2» фильмі кино­театрларда 14 маусымнан бастап көрсетіледі. Мұнда көрермен бой жетіп қалған Райлимен қайта қауышады. Кейіпкердің санасында күтпеген жерден пайда болған жаңа эмоцияларға орын босату үшін бас бөлімінде күрделі жөндеу жұмыс­тары басталады.

Ал екінші релиз – Disney ком­паниясының «Моана 2» анимация­лық шытырман оқиғасын қараша айынан бастап тамашалай аламыз. Фильм режиссері – кіші Дэйв Дер­рик, музыка авторы – «Грэмми» сый­­лығының жүлдегерлері Эби­гейл Барлоу мен Эмили Беар, «Грэмми» номинанты Опетайя Фоая мен үш дүркін «Гремми» жүл­десінің иегері Марк Манчина. 

Қазақ тілінде көрсетілетін үшін­ші туынды – Disney компа­ниясы­ның «Муфаса: Арыстан патша 2» көркем фильмі. 2019 жыл­ғы «Арыс­тан патша» фильмінде қолданылған заманауи техно­логиялардың көмегі­мен түсірілген бұл картина Муфа­саның балалық және жастық ша­ғын, бауыры Шрам­мен арадағы өшпенділіктің түпкі тарихын баян­дайды. Фильм режиссері – Барри Дженкинс («Ай сәулесі»), сце­нарийін Джефф Ната­нсон («Тер­минал») жазған.

Ұсынылған фильмдердің қазақ тіліндегі дубляжы қазақстандық Movie Dalen студиясында жасалды.

С.БЕГІМБАЕВА