Батыс десе, аузымызға балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған Жайық өзені, аймақтың інжу-маржаны саналатын Шалқар көлі түседі. Облыс туристік саланы дамытуға қолайлы аймақ болғанымен, өңірдегі ішкі туризмнің өзі сын көтермейді.
«Батысқа саяхат» неге жанданбайды?
1,056
оқылды

БҚО – тарихқа бай өлке. Әр ғимаратын сөйлетсеңіз, ежелгі ғасырдан сыр шертеді. Ал даласы  тұнған қазына. Сарқырамасы, ақ құм, өзен-көл дегенге бай. Бірақ осы ғаламатты көру үшін келетін турист саны өте аз. Ғажайыбы көп мекенге турист неге аялдамайды? Туризм неге тұралап тұр? Біз осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік. Оған түрткі болған Бөкей Ордасына барған сапарымыз. Иә, кәдімгі Бөкей хан іргесін салған Бөкей Ордасы деген жерді айтып отырмыз. Аядай Хан ордасы ауылының өзінде 8 музей бар. Қала орталығынан 600 шақырым қашықтықта жатқан осы мекенді көру үшін арысы Астрахань, Дағыстан, Шешенстан, берісі Атырау мен Алтайдан туристер келеді. Себебі Бөкей Ордасына Астрахань тиіп тұр. Оның ар жағында  Дағыстан, одан әрі  Шешенстан. Бірақ біздің облыс үшін туризмнен түсетін табыс өте төмен, тиынды құрайды. Себебі биліктің өзі де сол туризмді дамыту үшін тек тиын бөліп отыр. Мәселен, БҚО бойынша туризмді дамыту үшін тек 15 млн-дай қаржы қарастырылған. Әлбетте, аз бергесін, аз аламыз. 

Бөкей Ордасы ауданы – тарихи жер. Бұл жерде Жәңгір хан билік құрған тұстан қалған жәдігерлер бар. Жәңгір хан ашқан тұңғыш қазақ мектебі, Жәңгір ханның өзі тұрған хан сарайы, әйелі Фатима анамыздың ұстаған ыдыстары, киген киімдері, Жәңгір ханның жеке дәрігері болған адамның тұрған үйі, Қазақстандағы тұңғыш газет «Қазақстан» газеті басылған баспа үйі осы аядай ғана Хан ордасы ауылында орналасқан. Тіпті, Жәңгір ханның өзі де осы Хан ордасында жерленген. Басына барып тәу етемін дегендер үшін арнайы кесенесі бар. Осындай тарихи жерге келемін дейтіндер бұрын жол азабын тартатын. Себебі жол жоқ еді. Батпаққа батып, маң далада көлігі сынып, талай қазақ аңыраған бетпақ дала ғой бұл. Бетпақ дала деп текке айтып отырғанымыз жоқ. Бөкей Ордасы ауданы – өзі бір құмды өлке. Даланың бәрі  кәдімгі қызыл құм. Айтпақшы, осы Хан ордасы ауылы маңында қарағайлы орман бар. Ол жерге кезінде ағаш егуді Жәңгір хан бастаған. Жәңгір хан ауылды құмнан қорғау үшін әдейі жыңғыл, қарағай, емен секілді ағаштарды егіп, ауыл маңын орманға айналдырған. Сол Жәңгір отырғызған қарағайлы орман бөкейліктерге әлі қызмет етіп тұр. 

Бұл мекенді тұңғыштар мекені деп атайды. Себебі қазақ даласындағы алғашқы газет пен мектеп, тіпті пошта қызметін де осы Бөкей Ордасында Жәңгір хан бастап жүзеге асырған. Туристерді қызықтыратыны да осы. 

Бірақ бұл ауылда туристер үшін жағдай жасалмаған. Біріншіден, бұл жерде жібі түзу қонақүй жоқ. Қазір қызмет етіп тұрған «Жас құс» қонақүйі аз адамды қабылдауға арналған. Жазда турист көп, орын жоқ. Мәселен, біз барған күні қонақүйде орын болмай, ауыл ішіндегі бір хостелге қондық. Енді хостел деуге келмейді. 

Рухани азық аламын, ел көрем, жер көрем деген турист үшін не жағдай керек деп ойласаңыз қателесесіз. Турист үшін тым құрығанда жуынып, шайынатын, бір кесе шайын ішетін орын болуы тиіс. 

Ал Бөкей Ордасында ең керек деген осы қажеттіліктер жоқ. Бізде туристік нысандардың басындағы әжетхана мәселесі бір шешілмей қойды. 

Туризмді дамыту үшін жайлы жол қандай керек болса, үзіліссіз байланыс та сондай қажет. Аттың жалында, түйенің қомында жүре беретін баяғының заманы емес, уақытқа сай қызмет көрсетілмесе болмайды. Бұл ретте де БҚО ұяттылау енді. Көп нысанда әлі күнде дейін байланыс дұрыс ұстамайды. Сеть бір кетіп, бір шығып жүйкеңді жұқартып жібереді. 

Айболат Құрымбаев деген азаматты батысқазақстандықтар өте жақсы біледі. Себебі ол өңірдегі тарихи жерлерге турист апарумен айналысатын қоғам белсендісі. Біз Айекеңмен аз-маз әңгіме дүкен құрдық. 

«Билік туризмді дамытуға құлықсыз, қанша идеямыз жүзеге аспай жатыр», – деп қынжылады Айболат Құрымбаев. 

– Бәрі келіп қаржыға тіреледі ғой, біздің облыста туризмді дамытуға деп тек 15 млн қаржы бөліп отыр. Атырау облысы 50-60 млн бөлді. Ал көршілес Маңғыстау облысы туризмге деп 1 млрд қаржы құйып отыр. Енді осыдан кейін туризм бізде қалай дамиды? Туристік нысандарды кәсіпкерлерге уақытша беріп, турист тартуға да болады. Бірақ оның екінші жағы да бар. Туристік нысандарды туризмді түсінетін бизнесменнің қолына беру керек. Тек ақшаны, табыс табуды ғана көздейтін қызыл саудагерге туристік нысандарды беруге болмайды. Иә, кәсіпкердің ақшасы бар, ол сол жерді жайнатады. Барлық жағдайды жасайды. Бірақ сауда орнына айналдырмау керек. Ондай жерге қоғамдық бақылау күшейтілуі керек, – дейді қоғам белсендісі Айболат Құрымбаев. 

Айына 4-5 нысанға турист апаратын Айболат мырзаның айтуынша, бізде туристік мәдениет деген жоқ. Туристер көліктен түсе сала қоқыстарды лақтырып, айналаны ластап бастайтын көрінеді. 

– Мен туристік орталықтарға өте көп адам апарамын. Күні кеше ғана бір топ адамды Бөкей Ордасына апарып келдім. Көліктен түскен бойда бәрі судан босаған шөлмектерді айналаға лақтыра бастады. Дереу тоқтаттым, кері жинаттым. Туризм, турист мәдениеті деген – балабақшадан бастап қауға сақал шалға айналған уақытқа дейінгі аралықта жүруі тиіс тәрбие процесі. Соның ішінде экологиялық тәрбиені енгізу керек. Табиғат аясында, қасиетті жерлерде адам өз-өзін қалай ұстау керек деген мәдениетті бала күннен бастап үйрету керек, өкінішке қарай, бұл бізде үйретілмейді, мүлде жоқтың қасы. Сондықтан да туристер барып кеткен жерден кейін тау-тау қоқыс шығатыны. Бұдан бөлек, біздің туристерде тыңдау мәдениеті жоқ, гидті мүлде тыңдамайды. Бір-екі кітап оқып алып «мен бәрін білемін» деген ұғыммен жүреді. Басқаларды да, өзін де сыйламайды, – деп қынжылады Айболат Шамұратұлы. 

БҚО-да туризмді дамыту үшін атқарушы билік істеуге тиіс жұмыстар бар. Өкінішке қарай, өңірде ең қарапайымы туристер баратын жерлердегі ақпарат тақталары мен тазалық мәселесінің өзі күйіп тұр. Жол, су, қонақүй, шайхана, сапалы байланыс, туристің қауіпсіздігі үшін жасалатын дүниелер туралы айтудың өзі ұят. 

Жоғарыда атап өткеніміздей, өңір – тарихқа бай өлке. Музейге де баймыз. Бірақ жібі түзу, тарихты терең білетін, үш тілді гид табу қиындығы бар. Мұны мамандардың өздері де мойындап отыр. 

– Бізде гид тапшылығы сезіледі. Кез келген адам гид бола алмайды. Оның да талабы бар. Бұл қызметке де тілі таза, шешен сөйлейтін, түрі келісті адамдарды таңдайды. Өкінішке қарай, қазір тілі таза жас табу да оңай емес, ал оны шешен сөйлету деген үлкен мәселе. Бұл аздай, біздің облыста гидтерді дайындамайды. Біз қазір өзіміз қолдан келгенше оқытып, үйретіп отырмыз. Былайша айтқанда, өзіміз тәрбиелеп аламыз. Және гидтердің жалақысы өте төмен, оларды тапқан күнде де ұстай алмаймыз. Себебі олардың жұмысы тынымсыз жүреді. Дамылдамай сөйлейді. Себебі туристер көп келетін Бөкей Ордасы секілді орындар бар. Гид деген музейдің жүрегі ғой. Шетелдерде гидтер бірнеше тілде сөйлейді. Ал бізде өзге тіл білетін жастар музейде жұмыс істеймін деп келмейді. Тіл білетін жастар жалақысы жақсы шетелдік фирманы таң­­­­дайды, – дейді БҚО тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев. 

БҚО тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаевтың айтуынша, Бөкей Ордасы ауданындағы музей – республикалық статусы бар музей. Олар облыстағы басқа музей қызметкерлеріне қарағанда жалақыны көптеу алады. 

Бірақ біздің түсінгеніміз, музей қызметкерлері деген арнайы бір статус жоқ. Сондықтан да үй алу, үйге кезекке тұру, баланы балабақшаға беру деген істерде елмен бірдей. Музей қызметкерлеріне экскурсоводтарға ерекше жағдай жасалмаған. Осыдан келіп алыс ауылдарға музей қызметкерлерін табу қиындығы шығады, – дейді БҚО тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев. 

Жаз шығып, күн қызған уақытта демалушылардың басым бөлігі Шалқар көліне ағылады. Әсіресе, сенбі, жексенбіде көлге келушілер саны 2 500 адамға дейін артады. Шалқар көліне келіп демалушыларға қызмет көрсететін де осы ауылдың адамдары. Көпшілігі жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жаздың екі айында демалушыларға қызмет көрсетеді.

Көл басында нақты қожайын жоқ. Ұзақ уақытқа жалға алушылар келмейді. Қазіргі қызмет көрсетіп жүрген жеке кәсіпкерлердің нақты орны белгіленуі керек. Ол жер бөлінгеннен кейін био әжетхана, тамақ қалдықтарына арналған арнайы контейнер, пластик бөтелкелерге, целлофан қалташаларға арнайы қорапша қажет. От жағу орындары белгіленгені дұрыс. Әлі күнге дейін қаншама рет айтылса да, округ әкімдігі, учаскелік полиция, кезекші медбикенің байланыс нөмірлері, төтенше жағдай қызметі, жедел жәрдем, такси қызметінің байланыс нөмірлері жазылған билборд ілінбеген. Жағажай аумағы 4,5 шақырымды құрайды. Бұл аралықта бес волейбол алаңы, екі футбол алаңқайын салуға болады. Еуропалық стандарт болмаса да, бар мүмкіндікпен алаңқай орнын дайындауға болады. Арнайы сауда-саттық орны жоқ. Шалқарға шамамен жаз мезгілінде 50-60 мың турист келеді. Оларға сапалы қызмет көрсету әлі жолға қойылмаған. Және бір айта кететін жайт, байланыс та нашар. 

– Актив байланысы мүлде жоқ боп кетеді. Теле 2 оператор қызметіне де көңіліміз толмайды. Кейде 4G-ге зар боп қаламыз, – дейді бізбен тілдескен ауыл тұрғындары. 

– Шалқардың проблемасын жылда айтамыз. Бірақ нәтиже жоқ. Су жыл сайын тартылып барады, лас. Ал билік сол үшін түк те істемейді. Ең қарапайымы, Шалқардың басында ұйымдастыру шарасы жүрмейді. Адамдар киіз үйді ойына келген жерге құрады, қазан-ошақ құрады. Киіз үйлер қиқы-жиқы, қатар деген түсінік жоқ. Бірі құлап жатыр, бірінің төбесі жоқ, жалбырап тұр. Әжетхана деген атымен жоқ. Адамдар қажетін сол судың маңында өтей салады. Суды күзету деген түсінік жоқ. Адамдар машинамен судың үстіне кіріп тұрады. Машина жуады, кілем жуады. Шалқар – жай көл емес. Ол – емдік қасиеті бар көл. Ол тұзды су, адам денесіндегі түрлі жараларға ем. Бірақ сол Шалқардың жағасында ақпараттық тақта жоқ. Мысалы, судың жағасында «Шалқар көлінің суы – емдік қасиеті бар су. Оның құрамында пайдалы элементтер көп. Су мынадай тері ауруларына ем, кімдерге бұл суға түсуге болмайды» деп қарсы көрсетілімдерді жазып қоюға не кедергі?! Екіншіден, ондай жерде әкімінің телефоны, жергілікті учаскелік полицейдің нөмірі, төтеншеліктердің нөмірі тұруы тиіс. Ал ол жерде ештеңе жоқ. Бір даладағы жабайы мекен құсап тұр, – деп қынжылады эколог-белсенді Айболат Құрымбаев. 

Турист үшін қолайлы жағдай жасауда қалыс қалып отырғанымыз жасырын емес. Қанша айтылса да ескерілмей келеді. Қазір өңірде туризмге қызығатын адамдар саны артып келеді. Кешегі Ресейдегі мобилизация кезінде де облысқа келмеген адам жоқ. Соғыстан қашып келді десек те, олар да қонақ. Аз отырып, көп сынайды деген. Сол қонақтарымыз да қаланы аралап жүргенін талай көз көрді. Баяғы қажетті ақпараттар жазылған тақтайшаға жарымай-ақ қойдық. 

– Туризмді дамыту үшін арнайы бір басқарма ашып, штатқа адам қоюдың қажеті жоқ. Бұл шығын. Тек әкімдік тарапынан тиісті маршруттар сызылып, жағдай жасалып отырса жеткілікті. Мысалы, Қаратөбе ауданында «Құныскерейдің үңгірі» бар. Біз соның ішін тазалап, ақпараттық тақта қойып, жол сілтемесін қою керек деп қанша айттық, бірақ жер­гілікті әкімдік соны әлі істеген жоқ. Енді осыны істеу үшін не керек, ақша да қажет емес, адамдарды жұмылдыру ғана қалады. Біздің билік туристік нысандарға табыс көзі деп қарамайды. Міне, бәрі осыдан келіп шығады. Осының кесірінен біз туристерден айырылып жатырмыз. Біз бес жолдың торабында тұрмыз. Үстімізден өтпейтін адам жоқ, бірақ олар тоқтамайды, себебі ақпарат жоқ, сілтемелер жоқ. Шекарадан өткен бойда «Сіз Орал қаласынан мынаны көре аласыз» деп жолы, телефоны, туристік нысан туралы ақпараты бар тақтайша ілініп тұруы керек, – деген ойын айтты Айболат мырза. 

БҚО Ресейдің бес облысымен шектеседі. Тоғыз жолдың торабында тұрған мекен. Егер қажетті көңіл бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылса ел экономикасы үшін Батыстың туризмінен түсетін табыс та артар еді. 

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы