Комиссия мүшелерінің ортақ шешімімен Сарайшық деген атау таңдалды.
Елорданың алтыншы ауданына атау таңдалды
Фото: eurasiamagazine.com
593
оқылды

Елордада Алматы ауданын екіге бөліп, алтыншы әкімшілік ауданды құру жұмысы қолға алынған сәттен бастап түрлі ұсыныстар түсті. Бұл туралы Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп мәлім етті,  – деп хабарлайды Aikyn.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Басқарма басшысының айтуынша, зиялы қауым өкілдерімен, тарихшы ғалымдармен және қоғам қайраткерлерімен алтыншы ауданның атын қою жөнінде арнайы кеңес өткен. Басқосуда бірқатар ұсыныс айтылды.

"Әр ұсыныстың тарихи, мазмұндық астарына үңілдік. Айтылған 15-ке жуық ұсыныстың ішінен басым дауыспен ерекшеленген негізгі төрт нұсқаны қалалық ономастика комиссиясының қарауына алып шықтық. Әр атаудың өз ерекшелігі, тарихи негізі бар. Ол төрт ұсыныс – Сарайшық, Тұран, Сауран, Жерұйық болды. Жаңа ауданның шекарасы айқындалғаннан кейін қалалық ономастика комиссиясының отырысын өткізіп, жоғарыда айтылған төрт ұсынысты комиссия мүшелерімен бірге талқылап, дауысқа салдық. Комиссия мүшелерінің ортақ шешімімен Сарайшық деген атауды жаңа ауданға беру жөнінде тоқтамға келдік", - деді Сәкен Есіркеп.

Сондай-ақ ол елорданың әр ауданының топонимикалық атауларды иеленгенін мәлім етті.

"Астананың қазіргі бес ауданы Қазақстанның әр өңіріне қатысты топонимикалық атауларды иеленген. Мәселен, Алматы оңтүстік-шығыста болса, Байқоңыр оңтүстік-батыста орналасқан. Ал Сарыарқа Қазақстанның тұтас орталығын қамтып тұрса, Нұра Қарқаралыдан бастап, Қарағанды, Ақмола облыстарын қамтиды. Есіл өзені Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын қамтып жатыр. Осы орайда Қазақстанның батыс бөлігіндегі ірі тарихи қаланың атын қала ауданына әкелудің мазмұндық, идеялық, ұлтты ұйыстыратын маңызы зор деп білеміз.

Осыған орай, Астананың жаңа алтыншы ауданына Сарайшық атауын беру ұсынысын қолдауды сұраймыз", - деді басқарма басшысы.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.