Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарау барысында Ұлттық қордың салынған қаражатынан облигациялық заемдарға түсетін сыйақы түріндегі түсімдердің қаншалықты тиімді екеніне назар аударды.
«Халық қаражаттың қалай жұмсалатынын мұқият қадағалап отыр»: Әшімбаев Ұлттық қордың жұмысын сынға алды
550
оқылды

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарау барысында Ұлттық қордың салынған қаражатынан облигациялық заемдарға түсетін сыйақы түріндегі түсімдердің қаншалықты тиімді екеніне назар аударды.

Мәулен Әшімбаев «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағалы бері Қор қаражатының жұмсалуына халықтың назары күрт артқанын айтты. Қазір Ұлттық қордың салынған қаражатынан отандық компаниялардың облигациялық заемдарына түсетін сыйақы түріндегі түсімдердің мөлшері төмен деңгейде. Осыған байланысты баламалы тетіктерге қажеттілік артып келеді.

«Ұлттық қорды әртүрлі тетіктер арқылы белсенді пайдалануымыз қаншалықты дұрыс: кепілді трансферт, нысаналы трансферт, квазимемлекеттік сектордың облигацияларын сатып алу – бұл бюджеттен тыс қаржыландыру. Парламенттің бұған қатысы жоқ екенін атап өткім келеді. Енді біздің флагмандық компаниялардың акцияларын Ұлттық қорға сату сияқты тетік пайда болды. Бұл ретте шағын пакет емес, ҚазМұнайГаз-ға қатысты жағдай сияқты өте ірі көлемде – 20 пайыз. Осындай бірнеше тетік пайда болды және оларды Үкімет соңғы жылдарда белсенді қолданып отыр. Облигациялар да жаман емес. Бірақ мұндай облигациялардың шығын екенін көріп отырмыз. Басқалары бойынша купонның аз пайыздары бар. Әрине, бұл заңды тетік болуы мүмкін. Дегенмен  квазимемлекеттік секторды осылай қаржыландыру салдарынан Ұлттық қор баламалы тетіктер арқылы алуға болатын қаражатты тиісті деңгейде ала алмайды», – деді Сенат Төрағасы.

Сонымен қатар Палата Спикері бұл акциялар сатылған жағдайда қаншалықты өтімді болатыны да күмәнді екенін тілге тиек етті. Сондықтан Қор портфелінің барынша әртараптандырылуын, пайдалы болуын және өтімділігін қамтамасыз ету қажет.

«ҚазМұнайГаздың 20 пайыздық пакеті. Иә, заңды тетік. Бірақ осы ретте Ұлттық қордың портфелі қаншалықты әртараптандырылған деген сауал туындайды. Ұлттық қордың қаражатын пайдаланудың мәні – бір активке бірден бірнеше миллиард инвестиция салмай, оны әртараптандыру, әртүрлі активтерге салу. Әрине, ҚазМұнайГаз – тұрақты компания. Ол бойынша проблема болмайды деп ойлаймыз. Бірақ бәрібір бұл дербес қордың қаражатын инвестициялау принципін бұзады. Екіншіден, бұл акциялардың өтімділігіне қатысты да мәселелер бар. Ұлттық қор оларды сатқысы келсе де сата алмайды. Ешкім оларды сатқызбайды. Осыған байланысты Ұлттық қор инвестицияларындағы өтімділік қағидаты тағы бұзылады. Сондықтан мұндай үлкен пакетті Ұлттық қорда ұстау қисынсыз. Осы мәселені тиімді шешу қажет», – деді Мәулен Әшімбаев.