Партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасында өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту бойынша ауқымды міндеттер тұр.
«AMANAT»: «Таза бейсенбі» акциясы – тазалыққа сеп
1,269
оқылды

Мемлекет басшысының 12 сәуірден бастау алған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын қолдау мақсатында «AMANAT» партиясы бірнеше бағыт бойынша жұмыс жүргізе бастағаны белгілі, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Жалпы аталмыш жұмыстар экология саласындағы заң нормаларын шығару қызметі, «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы, «Таза Qazaqstan» road-эстафетасы, Қазақстанның тарихи, мәдени және табиғи мұрасын вандализмнен қорғау жөніндегі қоғамдық науқаны және жасыл волонтерлік деп аталатын 5 бағыт бойынша жүргізу жоспарланған. Соның негізінде 6 маусым күні партия тарапынан «Таза бейсенбі» акциясы қолға алынғаны белгілі. Оның басты мақсаты – тазалық жұмыстарын жүргізу ғана емес, еліміздің тазалығы мен әсем табиғатына қамқорлық жасайтын, қоғамдағы вандализмнің көріністеріне төзбейтін заң мен тәртіптің үстемдігі қағидатына сәйкес келетін саналы экологиялық қоғам құру.

«Акция аясында алдын ала барлық ауданға қарасты елді мекендердің ластанған аумақтарының карталары әзірленіп, әрбір учаскеге партияның бастауыш партия ұйымдары мен филиалдары бекітілген. Соған сәйкес ай сайын бекітілген учаскелерде тәртіп пен тазалықты сақтауды қамтамасыз етіп, абаттандыру мен инфрақұрылымды дамытуға байланысты мәселелерді шешетін болады. Облыс халқын тазалық акциясына бір кісідей үн қосуға шақырамыз», – дейді «Абзал» бастауыш партия ұйымының төрағасы Фарида Қалиева.

Негізінен партияның облыстық филиалы акцияның алғашқы күні облыс орталығындағы азаматтардың демалыс орны, Б.Шөкенов атындағы саябаққа тазалық жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ акция барысында тазалық жұмыстарымен қатар азаматтардың қауіпсіздігі үшін қурап, құлауға айналған ағаштарды кесіп, орнына жаңа ағаш отырғызу қолға алынды. Бұл жұмыстарға партияның бастауыш ұйымдары, фракция мүшелері, «Жастар рухы» Жастар қанаты мүшелері мен «Жасыл Қызылорда» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұжымы жұмылдырылды.

«Жалпы ауыл-аймақты, туған жерімізді абаттандырып, таза ұстау барша халыққа ортақ міндет деп білемін. Сондықтан қоршаған ортаны таза ұстап, әсем табиғатымызды күтіп-баптауымыз керек. Бұл акцияның негізгі мақсаты да осы. Соған орай ауыл тұрғындары тазалық шарасына бір кісідей жұмылдырылды. Алдағы уақытта да жалпыұлттық бастамаға қолдау білдіріп, тиісті жұмыстарды тыңғылықты жүргізуге күш салатын боламыз», – деді «Қарауылтөбе» бастауыш партия ұйымының төрағасы Ербол Шүменов.

Бұл аптада «Таза бейсенбі» акциясы аясында тазалық жұмыстары Жаңақорған және Сырдария аудандарында жоспарланып, алдын ала картаға енген ластанған аумақтар қоқыстан тазартылды.

Айта кету керек, партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасында өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту бойынша ауқымды міндеттер тұр. Соның бірі Арал теңізінің құрғаған ұлтанына 2027 жылға дейін 750 гектардан астам аумаққа сексеуіл егу. Өткен жылы осы мақсаттағы жоспар толық орындалса, биыл 250 мың гектар жерге сексеуіл егу жоспарланып, бүгінгі күні 65 мың гектар жерге фитоорманмелиорациялық жұмыстар жүргізілді. Қалған көлем агротехникалық талаптарға сәйкес күз мезгілінде жалғасатын болады.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.