20 жастағы сарбаз әскер қатарына Алматы қаласынан шақыртылған.
"Осындай сұмдық бола ма?": Абай облысында қаза тапқан сарбаздың туыстары жанайқайын айтты
Өсербай Ерзатұлы. Фото: туыстарының жеке мұрағатынан
3,603
оқылды

13 маусымда Абай облысы Аягөз қаласындағы 10810 әскери бөлімінде қаза тапқан 20 жастағы сарбаз Өсербай Ақанның туыстары әділдік талап етіп отыр. Қара жамылған туыстары ұлы әскери техника астына түсіп қаза тапқанына сенбейді, – деп хабарлайды Aikyn.kz KAZ.NUR.KZ-ке сілтеме жасап.

20 жастағы сарбаз әскер қатарына Алматы қаласынан шақыртылған. Оның Отан алдындағы борышын өтеп жүргеніне сегіз ай болған. 13 маусымда Өсербай Ерзатұлы оқу-жаттығу кезінде қаза тапқаны туыстарына хабарланды. Қаралы хабарды естіген бойда Аягөз ауданына шұғыл жеткен жақындары әскери қызметкерлер баланың өлімін түсіндіруге құлық танытпады деп наразы. Олар аурухана мен мәйітхананың ортасында сабылғанын айтады.

"Мен командирдің нөмірін сұрадым. Өзім хабарластым. Неше рет хабарласып, ол кісіні шақыра алмадым. Аурухананың алдында бір жарым сағат күттім. Командирінің орынбасары командирдің нөмірі деп басқа біреудікін берген. Осындай сұмдық бола ма? Командирді ұрсысып жүріп әрең шақыртып алдым", – дейді туысы Бану Ақанқызы.

Одан бөлек жақындары мәйітханадағы сарбаздың жансыз денесін көруге әрең кіргенін айтады. Олар Өсербай Ерзатұлын әскери техника басып қалды дегенге сенбей отыр.

"Ұзақ жолдан келіп, менің айғайыммен, ұрысыммен, жанжалмен әрең дегенде мені, жалғыз өзімді мәйітханаға кіргізді. Баламды көрдім. БТР-дың астына түсіп қалған дейді. Білмеймін, мына жағдайды. Баламыз сол қалпында жатыр. Егер шынжыр табанды трактордың астына түскен болса бала езіліп қалмай ма? Кімнен көмек сұрап, қалай айтарымды білмей отырмын", – дейді Бану Ақанқызы.

Сарбаздың жақындары әскери бөлім қызметкерлерінің жаппай жазаға тартылуын талап етіп отыр. Бүгін көз жұмған сарбаздың денесі арнайы ұшақпен Алматыға жеткізілді.

Еске сала кетейік, 13 маусымда Қорғаныс министрлігі Аягөз гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінің мерзімді қызметтегі әскери қызметшісі оқу-жаттығу барысында қауіпсіздік ережелерінің сақталмауына байланысты жарақат алып, көз жұмғанын хабарлады. Бұл факт бойынша қызметтік тексеріс тағайындалып, қылмыстық іс қозғалған. Ведомство өкілдері кінәлі және лауазымды тұлғалар Қылмыстық кодекс және Тәртіптік жарғы аясында тиісті жауапкершілікке тартылады деп сендірді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.