Әйеліне ұзақ жылдар бойы зорлық-зомбылық көрсетті деп айыпталған дипломат Сәкен Мамашқа қатысты дауға әлі де нүкте қойылар түрі жоқ.
"Керек болса, сот ашық өтеді": Дипломат күйеуінен 10 жыл бойы таяқ жеген Карина Мамаш ел күтпеген мәлімдеме жасады
2,127
оқылды

Әйеліне ұзақ жылдар бойы зорлық-зомбылық көрсетті деп айыпталған дипломат Сәкен Мамашқа қатысты дауға әлі де нүкте қойылар түрі жоқ. Күйеуінен зәбір көріп, кейін Астанадағы дағдарыс орталығына орналасқан Карина Мамаш дәл осы атышулы оқиғаға қатысты ел естімеген тың деректерді айтып, Stan.kz тілшісіне эксклюзив сұхбат берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

– Карина, дәл қазіргі жағдайыңыз қалай? Соңғы жаңалықтармен бөліссеңіз.

– Жағдайым жақсы, өзімді өте керемет сезінудемін. Мен дәл қазір қауіпсіз жердемін, яғни "Қорғау" атты дағдарыс орталығындамын. Балалар менің қасымда. 

–  Күйеуіңіз Сәкен Мамашқа қатысты қылмыстық іс қозғалды деді. Аталған іс қазір қай кезеңде?

– Тергеу ісі аяқталып қалды. Өкінішке орай, бәрін ашып айта алмаймын. Бірақ соңғы жағдайларға байланысты, оған "қорқыту" фактісі бойынша тағы бір қылмыстық іс қосылды. Себебі оның туыстарының тарапынан мені әжем арқылы қорқыту болып жатыр.

– Соңғы кездері сізге Сәкен Мамаштың туыстары хабарласып, қоқан-лоқы көрсетіп жатқанын ашық айттыңыз. Олар қандай талап қойып отыр?

– Иә, оның туыстары WhatsApp, telegram арқылы маған байланысқа шықты. Олар менің жазған арызымды қайтарып алуымды қалап отыр. Мен олардың сөзіне мән берген жоқпын, жазған хабарламаларын оқыдым да, телефон нөмерін бұғаттап тастадым. Сондай-ақ олар менің әрбір сұхбатыма пікір білдіріп, маған күйе жағып, мені батпаққа тыққысы келеді. Бұрын болмаған нәрселерді жазып жатыр. Мен ондай жағымсыз пікірлерге дайынмын, шындық менің жағымда.

– Сізді Салтанат Нүкенованың тағдырын қайталауы мүмкін еді деген пікір бар. Сіз де солай ойлап, қорықтыңыз ба?

– Иә, Салтанаттың арқасы... Тіпті Салтанат мені құтқарды деп айтсам да болады. Себебі мен оның тағдырын қайталауым мүмкін екенін бірден түсіндім. Себебі күйеуімнің тарапынан қорқыту бірнеше рет болды. Әсіресе, ол алкогольдік ішімдік ішкен кезде неше түрлі қиялға толы әңгімелер айтатын. Оқыс жағдай болуы әбден мүмкін еді. Сондықтан мен өмірімді барынша сақтауға тырыстым, қандай да бір жағдай болса да қашып кету керек екенін түсіндім. Мен қоғамдық резонанс туғанға дейін, яғни бір жыл бұрын анама отбасымыздағы келеңсіз жайттар туралы айттым. Эмоционалды түрде қысым көрсететінін айттым. Ал физикалық түрде күш көрсетіп, қол көтергенін әпкем келген кезде айттым. Ол мені де, менің әпкемді де ұрған еді. Мен сол кезде әпкемнің арқасында аман қалдым. Әпкем мұндай жағдайда қашу керектігін айтты.

– Қоғам Сәкен Мамаштың соты Бишімбаевтың соты сияқты ашық, тікелей эфирде өтсін деп отыр. Сіз бұған қалай қарайсыз?

– Мен алдыңғы сұхбаттарымда ашық сот отырысына дайын емес екенімді айтқан едім. Мен жақ күресіп жатыр. Егер керек болса, ашық сот болады. Мен ашық сот өткенін қаламаған едім. Бірақ адамдар мені қолдап жатыр. Олар ашық сот отырысының өткенін қалап отыр. Тек қана ашық сот отырысы маған көмектеседі әрі сол кезде ғана әділдік болатын сияқты.

– Күйеуінен зорлық-зомбылық көрген әйелдер әлі де көп. Оларға сіз қандай кеңес айтар едіңіз? 

– Жиналу керек, дұрыстап ойлану керек. Агрессордан қашу үшін оңтайлы, ыңғайлы сәтті күту керек. Себебі біз мұндай қорлық пен таяққа көнбеуіміз керек. Біз, әйел адамдар еркектер бізді кемсіту үшін туған жоқпыз. Біз қауіпсіз жерде өмір сүруге құқылымыз, бақытты болуға лайықпыз. "Ұят" дегенді сөзді ұмыту керек. Әрбір адам бақытты болу үшін жаралған әрі қоғамға пайдалы болуы керек.

– Карина Мамаштың алдағы жоспары қандай?

– Керемет жоспарларым бар. Өзімнің армандарымды жүзеге асыра алатынымды білемін. Менің арманым – әуелі менің балаларым қауіпсіз жерде өмір сүру керек. Мен балаларымның қажеттілігін әкесінің қолдауынсыз-ақ өзім қамтамасыз ете аламын. Мен соған қарай ұмтылудамын әрі сенімдімін. Себебі 10 жыл бойы маған қысым көрсетіп, менің жұмыс істеуіме мүмкіндік берген жоқ. Шын мәнінде маған Қазақстаннан да, БАӘ-ден де жұмыс ұсынған кездер болды. Бірақ мен бәрінен бас тарттым. Себебі мен күйеуімнің қалай жауап беретінін білдім. Ол өте қызғаншақ адам. Бірақ 2018 жылдан бастап мен әндерге мәтін жазып, азғантай ақша таба бастадым. Одан түскен ақшаны өзімнің жеке әндерімді жазуға жұмсадым.

– Карина, уақыт бөлгеніңізге, сұхбат бергеніңізге рақмет!
Видео сұхбаттың толық нұсқасын Stan kz YouTube арнасынан көріңіз.