Ақын Нұрболат Абдуллин орындайтын “Сен қорқақсың” әні үшін небәрі 20 мың теңге алған.
«Жыладым»: Нұрболат Абдуллин өзіне хит ән жазып берген ақынға мардымсыз ақша берген
Фото: видеодан кадр
12,889
оқылды

Мақпал Жүнісова, Мейрамбек Бесбаев орындап жүрген әндерге, сонымен қатар Нұрболат Абдуллин айтатын “Сен қорқақсың” және  “Ұлыма тілек”, “Еркекпін мен” әндеріне сөз жазған ақын Ершат Қайболдин бүгінде қара жұмыс істеп жүр, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Айтыскер ақын “Уақыт көрсетеді” арнасына сұхбат беріп, өнер өкілдеріне реніші бар екенін жасырмады.

“Талай қазақ әншілердің бағын аштым деп ауыз толтырып, кеуде керіп айта аламын. Бірақ бір жаман жерім, қай әнге сөз жазғанымды тез ұмытып қаламын. Көшеден жұрт танып, “Мына әннің сөзін сен жазған жоқсың ба?” деп айтқанда ғана есіме түседі. Мақпал Жүнісова орындайтын “Күліп жүр, күлдіріп жүр, күлкі болма” деген ән қазіргі тойдың хиті екен. TikTok әлеуметтік желісі шыққалы ескі әндер жаңарып, қайта тіріліп жатыр екен. Осыдан 5-6 жыл бұрынғы жазылған әндеріме видео түсіріп жүргендерін көрдім. Осы күнге дейін қаншама әншілермен жұмыс істесем де, “гонорарымды дұрыстап бересің” деп келіскен емеспін”, – дейді ақын. 

Ақын Нұрболат Абдуллин орындайтын “Сен қорқақсың” әні үшін 20 мың теңге ғана алған. Оны да ән хит болған соң беріпті.

“Нұрболат Абдуллин орындайтын “Сен қорқақсың” әні үшін 20 мың теңге алдым. Бірден берген жоқ. "Хит болып кетсе, беремін, еңбегіңді жемеймін" деді. Бұл тойларға шығып, хит болғаннан кейін берген ақшасы. Жыладым. Адал еңбегімнің ақысын алғым келеді. Ақша табу үшін дәретхана тазалаудан да арланбаймын", – дейді ақын. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.