Ой еркіндігі мен оның тар­алуына шектеу қойған цен­зу­ра­ның талабынан өтпей қал­ған құн­дылықтардың тағ­ды­ры ту­ра­лы білетініміз там-тұм ғана.
Қайшыға түскен құндылық
коллаж: Елдар ҚАБА
1,163
оқылды

Десе де, қолымызға ти­­ген кей ең­бектер түп­нұс­қа­дан  өзге­ріс­ке ұшырап, баз бір шы­ғармалар бас­паға жет­пей «желкесінен қиыл­ғаны» айт­паса да белгілі. Ба­қылауы мен қанауы қатаң жүр­ген цен­зура азуын ақситып тұр­ған кез­де қазақ әдебиетінің ас­­тары да, қат-қабаты да маз­мұ­н­ын өзгертуге мәжбүр бол­ды, ал өзгермегені таралуына тыйым салынды. Осындай шы­ғар­­малардың анық-қаны­ғына көз жеткізіп,  зерттеп жүр­­­­­­­ген зерт­теушілер жетер­лік. Олар­дың қолға алған ісі нә­ти­же­сіз қал­маса екен де­ген ниет қана біз­дікі. Әлі күн­ге дейін түп­нұс­қасын толық тап­паған, халық қо­лына  ти­ме­ген қандай еңбек­тер бар ек­енін білу үшін алаш­танушы ғалым­дардың пайым­ды пікір­іне сүй­ендік.

Тағдырлы «Тас түлек»

Ең бірінші цензураның сынына ұшы­раған авторлардың бірі – Мұхтар Әуезов. Яғни, әйгілі «Абай жолының» да тағдыры оңай болған жоқ. Жақында «Абай жолы» роман-эпопеясының алғаш жарық көріп, кейін цензураға ұшы­раған нұсқасы  қайта шықты. Абай туралы жазылған ең құнды шығарма Мұх­тар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпо­пеясы екеніне дау жоқ. Оның ал­ғаш­қы нұсқасы шыққанына да 82 жыл өтіпті. Алғаш кітап 1942 жылы, сосын 1947 жылы романның алғашқы екі томы жарық көрген. Сол 1947 жылы шыққан нұсқасын Marfu Press баспасы қайта шы­ғарып отыр.

Кітапты шығарған баспагер Мар­фуға Шапиян бұл кітаптың «Абай жо­лы­ның» түпнұсқасы екенін айтып отыр. Иә, Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет жә­не өнер институты кезінде жазу­шы­ның шығармаларының 50 томдық жи­нағына енгенін, бұл жинақ «Жеті жар­ғы» баспасынан жарық көргенін айт­қан-ды. Дегенмен Marfu Press баспасы бұл жинақты тегіннен-тегін қолға алып отырған жоқ. Өйткені кеңестік цензура та­лай кітапты қидалап, қайшымен қи­ға­нын ешкім жоққа шығара алмасы анық. 

Цензурадан өтпей қалған нұсқаны сол қалпында, ешқандай редакторлық жұмыс істемей, жазушы қалай жазды, солай шығарған. Алғашқы том 400 бет болса, екінші кітабы 416 беттен тұрады. Екеуі де қалың кітап. 

Марфуға Шапиян бұл туралы: «Бейсембай Кенжебаев деген мықты ғалым ағамыз бар. Ол кісі басын қатерге тігіп, жауапкершілікті өзіне алып, ешкімге айтпай, баспаға тапсырып жібереді. Автор Мұхтар Әуезовтің өзі кітаптың басылып шыққанын қолына тигенде барып біледі. Себебі екі жыл бойы баспа қабылдамаған туындыдан үміт те үзіл­ген болса керек-ті.

Содан кейін Бейсембай Кенжебаев сө­гіс алып, тіпті жұмысынан қуылады. Бірақ осы кітаптың халыққа жетуіне солай қызмет етіп кетеді. Міне, солай 1942 жылы кітаптың алғашқы томы жа­рық көреді. Халық өте жылы қабыл­дай­ды. Бауыржан Момышұлы да соғыста жү­ріп кітапты оқиды. Авторға кітаптан алған әсерін жазып, хат та жолдаған екен. Әуезовтің цензураға ұшыраған жалғыз шығармасы бұл емес. Ғалым, филология ғылымдар­ының кандидаты Санагүл Майлыбай «Астана ақшамы» газетінде М.Әуезовтің «Тас түлек» шығармасы туралы мақала жариялады.

Онда автор: «Жазушының бұл шығар­масы ешқайда басылып, жарияланбаған, оқырман қауымға белгісіз қолжазба күйінде мұражай қорында (80-бума, 37-48-б.) сақталған  – «Тас түлек» әңгімесі. Тақырыптың астына автор өз қолымен «ұзақ әңгіме», соңына «Жалғасы бар» деп арнайы жазылған мұраның жалғасы мұражай қорынан табылмады. 1930-1932 жылдар аралығында НКВД абақтысында отырып, 1932 жылы 20 сәуірде «Үштіктің» бұйрығымен 3 жылға кесіліп, шартты мерзіммен мамыр айында түрмеден босап шыққан жазушы «Тас түлек» әңгімесін түрмеден шыққан соң жазған. Оқиғада колхоздастыру науқаны кезіндегі ел арасын­дағы ауыр күйзелісті көрсетуге тырысқан. Жазушының негізгі нысанаға алған тақырыбы 1932 жылғы Қазақ­стандағы жаппай етек алған аштықтың себеп-салдарын көрсетуге негізделген. Ол кезеңді айтуға тыйым салынғандықтан, әңгіме аяқталмай, кейбір беттері қолды болғанға да ұқсайды» деген ой айтады.

Қиып, қидалаудың өзі авторға оңай тимесі анық, ал шыққан кітапты өртеп жіберсе ше? Бұл да кеңестік идеологияның «жеңісі». 20 мың таралыммен шыққан кітапты бір түнде өртеп жіберу – сұмдық емес пе? Иә, әңгіме Өтебай Қанахиннің «Қарт сарбаз хикаясы» туралы. Біз бұл туралы бұған дейін де «Өтебайдың кітабын неге өртеді?» деп жазғанбыз. Тіпті, бұл кітап жөнінде көрнекті жазушы Мұхтар Мағауиннің жазғаны да бар. «Өтебай Қанахиннің «Қарт сарбаз хикаясы» романы сол беті жойылып кетпеуге тиіс еді. Қатарға жай ғана роман емес, қасіретті 1916 жылғы қарусыз Алаш жұртының ұлт-азаттық көтерілісінің қазақ әдебиетіндегі ең толымды, ең мәнді сипат тапқан үздік көрінісі. Тар заманда жазылуы, керек десеңіз, өз кезінде түрмеге жабылып, өлімге кесілуі – бұл кітаптың құнын арттыра түссе керек. Кейін еркіндік дәуірде осы тақырыпта қандай және қанша шығарма туса да, Өтебай Қанахин­нің «Қарт сарбаз хикаясы» анда­ғайлап, оқшау тұрмақ» дейді қалам­гер. Бұл оқиға авторға да оңай тимеді. Қатты күйзеліске түсіп, жүрек ауруына шалдығады. Кейін «Қарт сарбаз хикаясы» қайта жарық көрді. Бірақ бұл шығарма араға 30 жыл салып қана оқырманына жете алды. 

Цензура ма, әлде белгілі бір себептер болды ма, көп айтыла бермеген, тәуел­сіздік алғаннан кейін, оның өзінде бертінде ғана кітаптары шыға бастаған жазушының бірі – Бекежан Тілегенов. Оның «Тұйық өмірдің құпиясы» мен «Сек­сен алтыншы жыл» туындылары ұзақ жыл оқырманын күтіп, шаң басып архивтерде қалып қойды. 

Тау-тасқа аманатталған кітаптар

Кейбір кітаптардың өзгеріске ұшырап, қайта жазылған нұсқасы қолымызға тисе де, кейбірі баспаға жетпей, тау мен тастың астында қалды. Тіпті, зират басынан, іргесінен қазылған қуыстардан  табылған авторы белгісіз кітаптар жаңбырдан шіріп, оқуға жарамсыз қалыпқа түсіпті. Тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев 1980-жылдары жасаған экспедициясы нәтижесінде шолақ белсенділерден қорыққандар Шоқан Уәлихановтың екі арба кітабын суға ағызып жібергенін айтты. Бұл – Баянауылда, Көкшетауда болған оқиғалар.

«Көп құнды дүние 1938 жылғы репрессия кезінде жойылып кетті ме деп ойлаймын. Мәселен, зерттеушілер Әбубәкір Диваевтың біраз еңбегі жоғалып кеткенін айтады. Қарқаралы, Баянауыл, Көкше­тауға барған экспедиция кезінде шолақ белсенділерден қорқып кітаптарды жойып жіберген адамдармен кездестім. Баянауылда молдаларға, бірқатар ғалымға шәкірт түскен ақсақалмен сөйлескенімде ұстазымен бірге біраз кітапты таудағы бір үңгірге жасырғанын айтқан-ды. Қателес­песем, бұл Қырықжылдық совхозы еді. Көкшетаудың Қарасу ауылында соғысқа қатысқан Жанғали төре деген кісі «Шоқан­ның екі арба кітаптарын көлге тастадық» деді. Мұндай көп әңгіме естідім. Әсіресе, араб емлесімен жазылған кітаптардың тағдыры өте аянышты. Бейіт басынан табылған кейбір кітаптарды жинап алып та жүрдім», – деді тарихшы.

Кеңес заманынан бұрын, одан кейін де жарыққа шықпай қалған еңбектерге әлі де толық зерттеулер жүргізілген жоқ. Мәселен, Шәкәрім Құдайбердіұлының тарихқа қатысты жазылған «Түрік, қыр­ғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» атты кітабының екінші жөнделген нұсқасы әлі күнге дейін қолымызда жоқ. Ж. Артық­баевтың айтуынша, бұл еңбекті Алматы­дағы Сәбит Мұқановтың атына жіберген, бірақ жоғалып кеткен. 

«Ұстазым Оразақ Смағұловтың «Қа­зақ­­­­станның этникалық геногеографиясы» атты кітабы қысқартылғанын көрдім. Бұл кітап 1974-1975 жылдары жарыққа шық­ты. Ішінде қазақ тарихы, қазақ халқының құрамына кірген төл рулар туралы мәлімет бар еді. Кітаптың менің қолымдағы экземпляры дүкен сөрелеріне ілінген кітап нұсқаларынан өзгерек. Оны Оразақ ағайдың өзі тығып жүріп берген. Ол кісімен бірге экспедицияларда жүрген­де осы кітап жөнінде көп айтушы еді. Одан кейін Ермұхан Бекмахановтың «XIX ғасырдың 20-40-жылдарындағы Қазақ­стан» атты кітабын студент кезде көп іздедім. Осы кітап пен 1943 жылы шыққан Қазақстан тарихы оқулығын себеп қылып 1951 жылы Е. Бекмаханов 25 жылға сотталды. Дәл осы кітапты Қарағанды университетінен ешкім тауып бере алмады. Тауып бере алады-ау деген адамдардың өзі қатты қорықты. 1986 жылы аспиранту­раға түс­кенімде бұл еңбекті Қазақстан ғылым академиясының кітапханасындағы сирек кездесетін кітаптар қорынан тауып оқыдым. Бекмахановтың кітабын іздеген кезде сол заманның адамдарымен де сөйлестім. Солардың біреуі «Бекмаханов ісінің сот процесі басталысымен-ақ авторлық кітаптың барлығын құртып жібердік» деп айтып еді», – деді Жамбыл Артықбаев. 

Ойын жағымсыз кейіпкер арқылы жеткізген

Қабағы түйіліп, цензураның алды қатайып тұрған кезде арнайы цензуралық топтар, мекемелер ашылып, қызметін жандандырып тұрды. Алаштанушы, ғалым Тұрсын Жұртбай «қазақ даласында шы­ғатын мұсылмандық кітаптарды қатаң бақылаудан өткізетін топтар 1770 жылдың маңайында Қазанда, Петерборда пайда болған» дейді. Айтуынша, Иорганский мен Катанов цензуралық мекемеде істеген және олар өле-өлгенше цензурадан бас тартпаған. Соның нәтижесінде қаншама кітап басылмай қалды. Катановтың өзі шығарғысы келіп, бірақ амалсыздан жариялауға тыйым салынған кітаптар­ының тізімі Ахмет-Заки Валиди Тоганның «Хатиралар» ішінде бар.

«ХХ ғасырдың басында Әлихан Бөкейханов түрмеге қамалған кезде тартып алынып, сол күйі табылмай отырған Абайдың қолжазбалары бар. Әлихан түрме бастығына былай жазады: «Менде қазақ­тың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың қолжазба өлеңдер жинағы бар. Оны бес мың сомға бағалаймын. Соны жоғалтпау­ыңызды өтінемін». Бірақ ол қолжазба қайтып Әлекеңнің қолына тиген жоқ. «Қазақ» газетінің сандары ішінара үнемі қудалауға түсіп, баспаға шықпай немесе кешігіп шығып отырған. Сол 1905 жылдары Сейдалиннің «Автономия», Мұхамеджан Тынышбаевтың «Автономия және қазақ жерінің тағдыры» атты қолжаз­ба­л­ары цензура арқылы шықпай қалған. Менің білетінім, Кеңес тұсында, 1925 жылы цензуралық мекеме құрылып, соның Орталық комитеті оқу министр­лігінің қаулысымен 40-50 кітапқа тоқтау салынған. Солардың қатарында Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ мәдениетінің тарихы» атты үлкен монографиялық еңбегі, Ж. Аймауытовтың Кеңес үкіметі келген кездегі күрестер туралы романы, Мұхтар Әуезовтің Абай туралы жазған қолжазбаларының бірінші, екінші томы, Ғ. Мүсіреповтің «Қос шалқар» повестері бар. Кейінгі кезде І. Жансүгіровтің «Құлагер» дастанының екінші нұсқасы архивте сақталған дейді. Бірақ мен ол кісінің архивін түгел қарап шықтым, сақталмапты. Сол күйінше кетті. Сондай-ақ Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романының 1932 жылғы ашаршы­лықтан кейін қайтадан түзетіліп жазылған қолжазба нұсқасы сол күйі қайта басылмады, тәркіленіп кетті», – деді Тұрсын Жұртбай. 

Алаштанушы 40-жылдардағы ең даулы үлкен мәселе ретінде 1943 жылы Кенесары туралы алғашқы арнайы кеңес өткізіп, бүкіл қазаққа салым жариялап құрастыр­ылған «Хан Кене» жинағын атады. Бұл жинақта бұрынғы дастандар, өлеңдер, халық ауыз сөздері, жекелеген ақындардың өлеңдері: Қ. Аманжоловтың, Қалижан Бекхожиннің дастаны бар. Олар сол күйінше тәркіленген. Осы сияқты үлкен тәркілеуден өтіп, 1951 жылы жаңадан өзгеріп шыққан  Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының екінші кітабы. Бірінші кітап та өзгеріске ұшырады. Бірақ екінші кітапта образдар бір арнаға түскен, өзінің тарихи өмірлік тұрғысында бейнеленген тараулар мен бөлімдер тұтасымен алынып қалыпты. 1997 жылы М. Әуезовтің 100 жылдығы тұсында «Абай жолы» романының текстуралық аясын жасаған – Тұрсын Жұртбай мен Талғат Әкімбеков. Романда Әйгерім мен Діл­даның, балаларының орындары ауысып кеткен жағдайлар аз емес. Мекемтас Мырзахметов «Авторлық цензура» деп аталатын мақаласын жазды. Сол мақалада Семейдегі Ақмешіт, оның қазақты шо­қын­дыруы туралы пікірталастары түгелі­мен қысқарған. Сонымен қатар Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз», «Еңлік-Кебек», «Хан Кене», «Кінәмшіл бойжеткен» сияқты әңгімелері дерліктей бұрынғы нұсқадан мүлдем өзгеріп, 1936 жылы қайтадан басылды. Оның өзі тағы да өзгерді. Сондықтан Әуезовтің осындай шығармаларының бұрынғы үзінділері қалғанымен, ең соңындағы көркемдік шешімдері өзгеріске ұшырап отырған. Мысалы, «Қаралы сұлу» адалдықтың қырдағы, өмірдегі қазақ әйелінің таза­лығын көрсетсе, ол артынан көңілшек әйел болып шығады. 

«Ал екінші бір шығарма – Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романы. Сол романның екінші кітабының тең жартысы түгел басылым­дарға кірмеген. Қысқарып кеткен. Бұл қысқарудың негізгі себептері – 1932 жылы ашаршылық пен 1937 жылғы қысым. Бердібек еңбектерінің бәрін туралығымен, адалдығымен жазды. «Қысқартсаңдар – қысқартыңдар. Маған өтірік жаз деп айттыңдар, өтірік жазбаймын!» деді. Соған ерегескендей болып «Ергежейлілер еліне саяхат» атты повесін фантастикалық мағына қылып берді. Ғажайып дүние. Кеңес үкіметінің барлық кемшілігі айтылған. Сол повеске бірде-бір сыншы пікір айтпады, Бекең соған қатты мазасыз болып, біраз ішқұса болып жүрді. Жалпы, цензура Кеңес үкіметінің ең қырағы ой қарақшысы бола алды деп ойлаймын. Бұл қудаланған, цензурадан өтпей қайта жазылған еңбектер аз емес. Бірі – Сәбит Мұқановтың «Өмір мектептері» атты трилогиясы. Мен оның үш түрлі нұсқасын 40-жылдардың аяғында, 1956 жылы бас­ылған, кейінгі 60-жылдары басылған нұсқаларын салыстырып шықтым. Тіпті, бір-біріне қарама-қарсы айтылған ойлар бар. Өзге өзге, Сәбит Мұқановтың өзі осындай цензураға түскенде өзге жазушы­ларының күні не болатынын құдай білсін. Сондықтан жалпы кеңес жазушылары, соның ішінде қазақ жазушылары өзінің айтайын деген ойын жағымсыз кейіпкер­лердің аузына салған. Мысалы, «Абай жолындағы» Әзімханды, «Өмір мектебіндегі» Мағжанды жамандай отырып жақсылығын айтуы, Ғабит Мүсіреповтің «Қос шалқардағы» ең соңғы сөйлемдері, Бердібектің жалпы ашып айтатын тұстары сөзсіз қанауға ұшырады. Жалпы, кеңес тұсындағы шығармаларды оқимын деген, оның идеясын түсінемін деген оқырман сондағы жағымсыз кейіпкердің аузынан айтылатын сөздерді бағу керек. Сол жерде жазушының басты идеясы тұр. Сәкен Жүнісовтың «Жапандағы жалғыз үй», Оралхан Бөкеевтің «Өз отыңды өшірме» атты романдарындағы басты идея сол жағымсыз кейіпкерлердің бойынан табылады», – дейді ғалым. Ойланарлық-ақ дүние. 

Әлі жазылмаған еңбек көп

Өткенге үңілмей-ақ, бергіден іздесек, әлі де баспаға жетпей, жазылуы керек болған еңбектер көп-ақ. Қазақ даласының ядролық сынақ алаңына айналған кезіндегі оқиғалар түскен еңбектер сол қал­пында қолымызға тимеді.

– Өзгені былай қойғанда, менің екі өлеңдер жинағым да цензураның қанауы­нан өткен. Соның ішінде «Аза» деген дас­тан чили ақыны Пабло Нерудан «Тағ­­дыр» деп өзгертілді. Қаншама ой, мы­салы «Битлзды ирландықтарға қай­тарыңдар» деген сияқты халықаралық та­қырыптарға өзгертілді. Өйткені «қа­зақ жерін қазаққа қайтарыңдар, көгілдір конверт жеткіз­іңдер, бізге бос­тандық керек» деген сөз­дерді солардың ау­зына салып өзгерттік. Марқұм редакторым Жүсіп Қыдыров осылай ақыл берді. Ал атом бомбасы сынақтары «Хиросима қасіреті» деген циклімен бе­рілді. Ондағы аққаннан өлген қыз, шал, бомбаның жа­рылысы – менің 1969-1974 жыл­дар­дағы өзім ауылда көрген оқиғалар. Егер цензура болмаса, бұл сол кездің өзінде өз аттарымен кә­дім­гі басылатын шығар­малар еді. 

«Жер бесік» романында оқиға әкем­нің 1932 жылы сотталуынан басталып, 1956 жылмен аяқталады. Сол романдағы оқиғаларды өзімнің ұстазым Рымғали Нұрғалиев қояр да қоймай, цензураға өткізбей, жеткізбей 1938 жылғы оқи­ғаны, 1916 жылғы Шәкәрімнің басынан кеш­кен оқиғаларын, 1937 жылғы Мағ­жанның тол­ға­ныстарын 20-жылдарға ауыс­тырдық. Соның ішінде Мағжанның түрмеде жатқаны, айдалғаны кезіндегі оқиғаны редакторым Қаржаубай Ай­тол­қын мен Мейрам Асылғазиннің, бас ре­дактор Қуанышбай Құрманғалиевтің желеуімен өтті. Егер ол шығарма өз қал­пын­да шыға­тын болса, онда ол 1932-1937 жылғы қасір­ет­ті қамтитын шы­ғарма болатын еді. Одан басқа «Беті ті­лін­ген тарғыл тастар» деген повесть осы күнге дейін жазылған жоқ. Ол Де­гелең полигонындағы өзім көрген, біл­ген атом бомбасы жарылыстары туралы болатын. Бомба сынағынан кейін әкем больницаға түсіп, жалғыз қалған шақ­тарымды әсірелеп жеткізіп, оны «Кө­гілдір әлем» деген повеске жарылыс ре­­тінде кіргіздім, – деді Т. Жұртбай. 

Алаштанушының «Қар астындағы кө­белек» атты  хикаяттар жинағы бар. Ав­тор­­дың айтуынша, жинақтың «Ұш, маған, ұш балалығым» деген тарауында шегірткелер қаптайды. Осы бөлікті кеңес кезінде шегірткелер болған жоқ деп қысқартып тастайды. Ондай цен­зуралық қысқартулар өте көп болды.  

 

P.S.

Советтік цензура кез келген кітапқа (авторға) секемшіл, кінәмшіл, күдікшіл, күмәнді көзқараспен қарағаны сондай, мұқият қарап, лупамен тексеріп отырды. Артық-ауыс жазылған дүние болса, қағып тастап, яғни қиып тастауға қайшысын жалаңдатып дайын тұрғаны рас. Біз мұнда ондай шығармалардың тек бір парасын ғана айтып отырмыз. Ал біз білмейтін, зерттелмеген, зерделенбеген қанша дүние архивте, жазушылардың жеке қолжазба қорында қалып қойғаны анық. Тіпті, Алаш қайраткерлерінің шығармалары «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кеткені тағы бар. Осылайша, кешегі кеңестік кезең  ақын-жазушының ой еркіндігіне шектеу қойды. Шектеу қою арқылы шығармасын тұсаулады. Тұсауға түскен сол бір туындыларға бүгінгі күн тұрғысынан баға берген ләзім. Біздің меңзеп отырғанымыз да осы еді.

Гүлзина БЕКТАС,

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ