Қарағанды облысына сапары шеңберінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен бірлесіп жас дәрігерлерге жаңа пәтерлердің кілттерін тапсыру рәсіміне қатысты.
Қарағандыда 94 жас дәрігер пәтер кілтін алды
1,251
оқылды

Қалалық денсаулық сақтау нысандарының 94 медицина қызметкері тұрғын үйдің бақытты иегерлері атанды, – деп жазады Aikyn.kz.

Медицина қызметкерлері үшін тұрғын үй жағдайларын жақсарту облыстық балалар клиникалық ауруханасының ескі ғимаратын қайта құрудың арқасында мүмкін болды. Мемлекеттік әлеуметтік қолдау өңірдегі кадр мәселелерін шешуге бағытталған.

Министр сондай-ақ  «Денсаулық сақтау мен білім берудегі мейіргерлер мен инновациялық технологиялар» Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының жұмысына қатысты. Конференцияда мейіргелік және акушерлік істі дамытудың ағымдағы мәселелері мен стратегиялық бағыттары талқыланды, сондай-ақ еліміздің медициналық ұйымдарында енгізіліп жатқан мейіргерлік қызметтің жаңа моделі ұсынылды.

Медицина қызметкері күніне орай министр облыс дәрігерлері мен мейіргерлеріне ведомстволық наградалар мен Құрмет грамоталарын, оның ішінде «Еңбек ардагері» медалін,  «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» және «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілерін табыс етті. Қарағанды облысының қалалары мен  аудандарынан барлығы 72 медицина қызметкері марапатталды.

Сапар шеңберінде  Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Қарағанды қаласының №3 көпбейінді ауруханасының жанындағы химиотерапиялық орталық пен радиациялық онкология орталығының жұмысымен танысты. Онкологиялық аурумен ауыратын пациенттерді емдеуге арналған жаңа химиотерапия орталығы 2024 жылдың ақпанында ашылды. Орталық химиотерапия, гормондық терапия, иммунотерапия және қатерлі ісіктерге бағытталған терапияны қоса алғанда, халықаралық стандарттар бойынша мамандандырылған емдеуді ұсынады. Мұнда жеке ванна бөлмелері мен функционалды заманауи төсектері бар жайлы палаталар, сондай-ақ реанимациялық жабдықтармен жабдықталған қарқынды терапия палаталары құрылды.