Бүгін Құрбан айт мерекесі басталды.
Құрбанға шалынған мал етінен үй иесі өз үлесін ала ма?
21,523
оқылды

Құрбан айт – мұсылмандардың қасиетті мерекесі. Бұл күндері жағдайы бар адам жаппай құрбан шалады. Бұл туралы Aikyn.kz  Jambylinfo.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

«Құрбанға шалынған мал етінен үй иесі өз үлесін ала ма?», – деген сауалға Тараз қаласының бас имамы Ержан Аманбаев жауап берді. 

Имамның айтуынша, құрбанға шалынған мал еті үй иесіне де тиесілі.

– Жалпы, құрбанға шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахаб, яғни абзал. Еттің бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне (олар бай болса да сыйға тартылады), екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына беріледі. Кейбір кісілер еттен отбасына мүлде алып қалмай, түгел таратып жібереді. Бұл қате деуге келмейді. Егер адам шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратамын десе, өз еркі, – дейді ол.

Сонымен қатар, Ержан Аманбаев құрбандыққа қандай мал шалынады деген сұраққа тоқталды.

– Қасиетті Құрбан айт мерекесінде жеті айдан кіші емес еркек немесе ұрғашы қой, екі жасқа толған сиыр, бір жасқа толған ешкі, бес жастан асқан түйе шалуға болады, – деді ол.

Құрбанға шалынатын малды сатып аларда саудаласуға бола ма? деген сауалға имам: 

– Әлбетте, саудаласуға болады, – деп жауап берді.

Еске салайық, Қазақстан мұсылмандары Құрбан айт мерекесін 16-18 маусым күндері атап өтеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.