Екі ай бойына тасқын­мен күресіп, бөгет бойын күз­­­­еткен Атырау енді шег­ір­­т­келер «шабуылына» да­й­ындалып жатыр.
Атырау енді шегірткемен күреседі
1,368
оқылды

Мамандардың айтуынша, биылғы жылы шегірткелер бұрынғыдан үш есе көп болады деп күтіліп отыр. Атырау облысында  үйірлі шегірткенің екі түрінің табиғи ошақтары бар – азиялық және итальяндық. Сол себепті Атырауда 86 мың гектардан астам жерді химиялық заттармен өңделмек. 

Белгілі болғанындай, шегірткенің көп бөлігі Құрманғазы, Исатай, Қызылқоға, Индер аудандарына келеді. «Былтыр шегірткелер 28 мың гектар жерді жарамсыз еткен болатын. Биыл бұл көрсеткіш 90 мың гектарға дейін жетуі мүмкін. Шегірткемен күреске көмекке Орал мен Алматыдан мамандар келеді деп күтілуде. Олар химиялық заттармен жерді өңдеп қана қоймай, ауадан да тарататын болады.

«Химиялық өңдеу жүргізудің өзіндік тәртібі бар. Біз шегірткенің дамуының екінші немесе үшінші кезеңіне жетуін күтеміз. Біздің болжамымыз бойынша, шегірткелердің негізгі толқыны  мамырдың аяғында келуі мүмкін. Биыл шегірткелер бұрынғыдан үш есе көп болады деп күтілуде», – деді Ауыл шаруашылығы министрлігі Атырау облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Әбіл Қазиева.

Жыл сайынғы практика көрсетіп отырғанындай, шегірткелер «шабуылынан» жыл сайын елімізде ауыл шаруашылығы дақылдарының 30-35 пайызы зардап шегіп отыр. Бір өкініштісі, егіннің жарамсыз болып қалуымен бірге, зиянкестер «қоныстанған» алқап өсімдіктерінің сапасы да төмендейді екен. 

«Яғни, шегірткелер жүріп өткен алқаптың шөптеріне дейін мал азығына  пайдасыз болып қалады. Атырау өңірінде әу бастан үйірлі шегірткелердің екі түрі бар. Олар негізінен  құмды, шағылды аймақтардағы итальян прусы және Еділ, Қиғаш өзендері мен Каспий теңізі жағалауларындағы қамысты алқаптарда мекендейтін азиат шегірт­кесі. Әрине, егін алқаптарында зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жыл сайын тұрақты түрде жүргізіліп отырғанымен, шегіртке популяциясын  біржола жойып жіберу мүмкін емес. Химиялық өңдеу – шегірткелердің санын белгілі бір деңгейде азайтуға мүмкіндік беріп отыр», – дейді Ауыл шаруашылығы министрлігі Атырау облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Әбіл Қазиева.

Мамандардың айтуынша, тез жұмыртқа тастап, тез көбейетін «көшпенді» шегірткелер  шекара талғамайды. Сондықтан ол бір жерде ғана қоныстанбайды және жаппай миграция жасаған кезде бірнеше мыңдаған шақырымды артқа тастап ұша алатын қасиетке ие жәндік. 

«Жалпы, шегірткемен күрес белгілі бір аудан, облыс деңгейінде шектелмеуі керек. Зиянкестермен күресте шекаралас елдермен бірлесе жұмыс істеу маңызды. Оның үстіне, дүние жүзінде қазіргі болып жатқан ғаламдық жылыну, күн сәулесі белсенділігінің артуы зиянкес ареалын кеңейте түсуде», – дейді маман Әбіл Қазиева.  

Ғалымдар жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижелеріне қарағанда,  шегірткелердің  әрбір 11-12 жыл сайын  жаппай көбейіп барып, «шабуылы» сәл толастайтыны белгілі болып отыр. Мәселен, 2012-2014 жылдары осындай үрдіс байқалып, бір ғана Атырау облысында химиялық өңдеуден өткен жер көлемі 133 мың гектарға жеткен.

Шыны керек, биылғы көктем Атырау үшін оңай соқпай тұр. Тасқыннан кейін күннің жылдам ысуы да шегірткелердің таралуына ықпал етіп жатыр. Оның үстіне, тасқын салдарынан биыл жоспарлы егіннің біраз гектары өнім де бермейді. Атырау облысының төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабының мәліметіне сәйкес, биыл өңірде тасқын аумақтарында орналасқан алқаптардың  85 гектар егілген егін су астында қалып отыр. Сонымен бірге көктемгі дала жұмысын жүргізуге арнайы дайындалған жердің 4 000 гектар су басты.

Мәселен, Атырау қаласы аумағында егін шаруашылығымен айналысатын 14 шаруа қожалығының 735,17 гектар жер учаскелерін сондай-ақ 9 мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтың территориясын су басты. Атырау қаласы әкімдігінің мәліметінше, егін алқаптары зардап шеккен қожалықтар арасында Қайыршақты округінен 10 ШҚ, Алмалы ауылдық округінен  4 ШҚ бар.  Сондай-ақ Сарыөзек каналы аумағындағы 4 қожалық және Соколок каналы бойында орналасқан 5 қожалықтың жерлерін су басты. 

Атырау қаласы әкімдігінің ресми өкілі Ғасырбек Төлегеннің айтуынша, қазірдің өзінде Атырау қаласы маңындағы Қайыршақты, Алмалы, Атырау селолық округінде химиялық өңдеу жұмыстары жүруде. «Әзірге Атырау қаласының территориясына шегіртке келе қоймады. Бірақ қолда бар шаруашылықтарда алдын ала залалсыздандыру жұмыстары жүріп жатыр»,– деп нақтылды спикер. 

Егін шаруашылығының отаны саналатын Махамбет ауданында биыл тасқын салдарынан 93 шаруа қожалығы зардап шекті. Оның 66-сы егін алқабы. Атырау облысы аумағында тасқыннан зардап шеккен шаруашылық нысандарының қатарында алма бақтар да бар.  

Атырау облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы Азат Қапановтың айтуынша, облыс бойынша биыл 10 825 гектар егін егу жоспарланды. Алайда бұл жоспар толық орындалмайды. Тасқын судан бөлек, күтіліп отырған «шегірткелер шабуылы» егіншілер үшін үлкен сынақ болғалы тұр.

Баян ЖАНҰЗАҚ,

Атырау облысы