Теңге бағамы 400-ден асса, экспортпен тікелей байланысы бар кәсіпорындардың көбі банкротқа ұшырайды
Теңге бағамы 400-ден асса, экспортпен тікелей байланысы бар кәсіпорындардың көбі банкротқа ұшырайды
© inbusiness.kz
215
оқылды
Валюта нарығындағы құбылмалылықты еңсеру жолы және теңге бағамының құнсыздануына әсер еткен негізгі факторларға қатысты ойымен экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Ысқақов Бауыржан inbusiness.kz сайтымен бөлісті. Оның пікірінше, Саудия мемлекетінің ОПЕК-тегі өзара келісімшарттарды қолдамағаны үшін Ресейге, Қазақстанға, жалпы, мұнай шығарушы елдерге қысым жасау мақсатында ең танымал мұнай баррелінің құнын төмендетуі теңгенің тез арада құнсыздануына әсерін тигізіп жатыр. «Сонымен қатар әлемнің алпауыт державаларының арасындағы тиімсіз байланыстар, келісімшарттардың дұрыс жасалмауы, Forex саудасында рубльдің долларға қатысты бағамының әлсіреуі теңгенің құнсыздануына әкеліп соқты. Біздің экономика әлі де сыртқы факторларға тікелей тәуелді. Әрбір осындай құбылмалы өзгерістер, сауда ойындарындағы қитұрқы саясаттардың барлығы да сыртқы экспортқа ғана тәуелді Қазақстан сияқты мемлекеттерге өзінің салқынын тигізіп жатады. Бұдан шығудың жолы – еліміздегі өндірісті реттеп, жұмыс орындарын көбейту. Егер бізде мұнайдан басқа экономиканы алға алып кететін өндіріс ошақтары көп болса, әр түрлі факторлардың экономикамызға әсері айтарлықтай қатты болмас еді. Шағын және орта бизнестің үлесін 70 пайызға дейін көтеріп, отандық өнімдердің көлемін 50 пайызға дейін арттырған жағдайда сыртқы факторлардың соққысы ауыр болмас еді. Мұнай бағасы қашан қымбаттайды екен деп қарап отыратын болсақ,  теңгенің құны түскен үстінен түсе береді. Біз теңгенің долларға қатысты бағамын 396 теңгеден асырмауымыз керек. Егер 400-ден асып кететін болса, экспортпен тікелей байланысы бар кәсіпорындардың көбі банкротқа ұшырап, инфляция орын алады», – деді ол.