Жамбылдық Аңсаған Сқақов пен Орал қаласында туып-өскен Аңсаған Жоламанқызы тағдырдың жазуымен осыдан 11 жыл бұрын шаңырақ көтерді.
Есімі бірдей, бір күнде туған ерлі-зайыпты таңғаларлық оқиғасын айтып берді
Аңсаған Сқақов пен Аңсаған Жоламанқызы. Фото: отбасының жеке мұрағатынан
23,835
оқылды

Жамбыл облысында есімі бірдей, тіпті бір ай, бір күнде туған ерлі-зайыпты тұрады. Аңсаған Жоламанқызы болашақ жарымен кездейсоқ, телефон арқылы нөмірді қате теріп танысқан. Бүгінде олар бес бала тәрбиелеп отырған бақытты отбасы, – деп хабарлайды Aikyn.kz KAZ.NUR.KZ-ке сілтеме жасап.

Жамбылдық Аңсаған Сқақов пен Орал қаласында туып-өскен Аңсаған Жоламанқызы тағдырдың жазуымен осыдан 11 жыл бұрын шаңырақ көтерді. Ерекше жұп қазір Жуалы ауданы Бауыржан Момышұлы ауылында тұрады. Бес бала тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Көпбалалы ана үй шаруасында, тігінмен айналысады, ал отағасы – әскери қызметші. Аңсаған Жоламанқызы жарымен қалай танысқанын айтып берді.

 "Телефонмен кездейсоқ танысып қалдық. 2012 жылы жаз айында бір кісіге хабарласуым керек болды. Нөмірін дұрыс сақтап алмадым ба, әлде қате теріп қойдым ба, тұтқаны басқа ер адам көтерді. Сіз кімсіз деп сұрады, мен "Аңсағанмын" деп жауап бердім. Ол да өзінің есімі Аңсаған екенін айтты. Екеуміз де күліп жібердік, сөйтіп ұялғанымыздан тұтқаны қоя салдық. Ал жарты сағаттан соң ол маған қайта қоңырау шалды. "Шынында да есіміңіз Аңсаған ба?" деп сұрады. Екеуміз әрі қарай сөйлесіп кеттік. Ол Жамбылдан екенін, әскери қызметші екенін айтты. Кейін сәуір айы жақындағанда білдік, туған күніміз де бір болып шықты, Алланың қалауымен",  дейді Аңсаған Жоламанқызы.

Айтуынша, болашақ күйеубала мен келіннің есімі де, туған күні де бір екенін естігенде жақындары қатты таңғалған.

 "Бәрі төлқұжатымызды сұрап, рас екеніне көз жеткізгісі келеді. Тіпті, бастапқыда құрдастарымыз, достарымыз білмеген адамдармен бәстесіп, көрімдік алатын", дейді ол.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.