Айтуынша, адамдардың көңіліне қаяу салып, мәдени және ұлттық болмысымызға сызат түсіретін жазбалар мен бейнероликтерге жол берілмейді.
"Салт-дәстүрімізге қайшы": Аида Балаева киіз үйде би билеген қыздарға қатысты пікір білдірді
Фото: Ақорда
1,442
оқылды

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева киіз үйде ұлттық киімде би билеген қыздарға қатысты білдірді.

Айтуынша, адамдардың көңіліне қаяу салып, мәдени және ұлттық болмысымызға сызат түсіретін жазбалар мен бейнероликтерге жол берілмейді.

"Өздеріңізге мәлім, Ата заңымызда барлық азаматтың құқығы тең, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге кепілдік берілген.

БАҚ пен әлеуметтік желілердің маңызы арта түскен қазіргі кезде қандай контент жасалып, бөлісіліп жатқанына ерекше мұқият болуымыз керек. Адамдардың көңіліне қаяу салып, мәдени және ұлттық болмысымызға сызат түсіретін жазбалар мен бейнероликтерге жол берілмейді.

Осы орайда, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі ретінде киіз үйде би билеп, бейәдеп әрекетімен қоғам назарын аудартқан бейнеролик туралы айтқым келеді. Мұндай контент қоғамда алауыздық тудыруы мүмкін. Арандатушылыққа да ұрындыруы ықтимал. Әрине, өскелең ұрпақ тәрбиесіне кері әсерін тигізеді. Видеоның мазмұны қазақ халқының құндылықтары мен салт-дәстүрлеріне қайшы келеді.

Тағы бір мәселе өте маңызды. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар дәстүрлі құндылықтарымызды сақтау мен насихаттауда ерекше жауапкершілікті талап етеді. Ұлттық құндылықтардан бас тарту мәдениетімізге, салт-дәстүрімізге және әдет-ғұрыптарымызға қашан да қауіп төндіреді.

Ал бірлігіміз бен тұрақтылығымыздың мызғымас негізін сақтау – ортақ парызымыз.

Мен медиа-процесте жүрген барша адамдарды контент жасауда мұқият болуға шақырамын. Кез келген шығармашылық жұмыста ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтарды құрметтеуге басымдық таныту керек.

Жұдырықтай жұмылып, бірлесе жұмыс істеп қана халқымыздың басын біріктіріп, бөлшектеуге болмайтын бай мәдени мұрамызды сақтап қала аламыз", – делінген жазбада.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.