Мемлекет экономикасын ілгерілетудің табысты тетігінің бірі – инвестиция.
Инвесторлар үшін күресеміз – Ғабидолла Оспанқұлов
Фото: egemen.kz
741
оқылды

Мемлекет экономикасын ілгерілетудің табысты тетігінің бірі − инвестиция. Дамыған мемлекеттер, соның ішінде, Қытай шетелдік инвестициялар есебінен жоғары дәрежедегі экономикаға қол жеткізген елдердің жарқын үлгісі. Инвестиция тек қаржылай емес, технологиялық, жаңа білім мүмкіндіктерін сыйлайтынын ескерсек, Қазақстанның дамуы үшін де инвестиция көздерін тарту аса маңызды. Ел Үкіметі алдында 2029 жылға дейін экономиканы 2 есе өсіру межесі көзделген. Осы мақсатқа жеткізер бағыттың бірегейі инвестиция тарту екені сөзсіз. Бүгінгі таңда елімізге инвестиция тарту бағытында Сыртқы істер министрлігіне қарасты Инвестиция комитеті мен «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ нәтижелі қызмет атқарып жатыр. Осы орайда Инвестиция комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұловпен елімізде инвесторларға жасалған мүмкіндіктер төңірегінде әңгіме өрбіттік, – деп жазады Egemen.kz.

«Қазақстан − инвесторларға жағдай жасау тұрғысынан көш басында»

– Қазақстанның инвестициялық әлеуеті қандай?

– Қазақстан экономикасының жылдан-жылға инвесторлар үшін бәсекеге қабілетті және тартымды болып келе жатқанын атап өтуіміз қажет. БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі конференциясының (UNCTAD) мәліметіне сәйкес, Қазақстан таза шетелдік тікелей инвестиция тарту бойынша посткеңестік кеңістікте, Орталық Азияда және теңізге шығатын тікелей жолы жоқ 32 дамушы ел арасында көшбасшы болып саналатыны соның айғағы. 2019 жылдан бастап, соңғы 5 жылда (2019-2023 жж.) елімізге 117 млрд АҚШ долларын құрайтын тікелей шетелдік инвестиция тартылды. 2029 жылға қарай қосымша кемінде 150 млрд АҚШ доллары бар шетелдік инвестициялар тартуды қамтамасыз ету стратегиялық міндеті тұр. Біріншіден, біздің мемлекет тоғыз жолдың торабында орналасқанын ескерсек, бұл – біз үшін ұтымды мүмкіндік. Әлемдік сауда бағыттарын қарайтын болсақ Еуропа мен Қытай сауда қарым-қатынасында тиімді логистикалық бағыт болу мүмкіндігін толығымен пайдалану керек. Президентіміздің тапсырмасын орындау нәтижесінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты маңызды сауда жолдарының біріне айналуда. Қазір Үкімет тарапынан осы бағытта кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Біздің осы тиімді географиялық орналасуымыз инвесторлардың қызығушылығын жылдан-жылға арттырып келеді. Ендігі жоспар алдағы уақытта Қытай нарығына арналған отандық өнім шығаруды қолға алсақ, оны шетелдік инвесторлар жақсы мүмкіндік ретінде есептеп отыр. Екіншіден, ұлан-ғайыр атырапты алып жатқан Қазақстан жері қандай кең болса, оның жер астындағы байлығы да соншалықты мол.  Атап айтқанда, минералды шикізат ресурстары, оның ішінде, әлемде депозитариясы аз қалған сирек кездесетін материалдар қорлары елімізде жеткілікті. Қазір әлемде технологиялық прогрестің өршуіне байланысты табиғи сирек қазбаларға деген сұраныс ерекше артып келеді. Осы сияқты, мүмкіндіктерімізге орай, инвесторлар бүгінде Қазақстанға инвестиция құюға мүдделі. Егер біздің елде өндіріс ашып, тауар шығарса онда біздегі шикізат оларға арзан әрі жеткілікті мөлшерде беріледі. Бұл да ұтымды тұсымыз. Үшіншіден, елімізде аталған бағытта жасалынған қолайлы инвестициялық ахуал. Республикамызда әр инвесторға жасалған жағдай дүниежүзіндегі басқа мемлекеттермен салыстырғанда ілгері болып есептеледі. Атап айтқанда, еліміздің заңнамасында көзделген салық, кедендік төлемдер жағынан, сондай-ақ, жер телімдері, визалық сүйемелдеу деген сияқты преференциялар беріледі. Инвестор Қазақстанға табан тірегеннен-ақ, оларға қажетті сервистік қызмет көрсетіледі. Бұл қызметті «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ жүзеге асырады. Инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша идеяларды іздеуден бастап жобаны пайдалануға беруге дейінгі қолдау көрсетудің толық қызметтер спектрі көрсетіледі, оның ішінде инвесторларға түрлі деңгейде кездесулер ұйымдастыру, жобаларын сүйемелдеу, барлық артықшылықтар мен мүмкіндіктерді түсіндіру, құқықтық жағынан қолдау көрсету қызметтерін атауға болады. Сондай-ақ инвестициядан кейінгі кезеңде тиісті мониторинг жүргізіліп, бұл әрбір инвестор және жобамен дәлме-дәл, барлық кезеңдерде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар туындаған проблеманы жылдам шешу үшін Инвестициялық штаб жұмысын тиімді атқаруда. Мысалы, жуырда ғана әлемдік деңгейдегі танымал PepsiCo компаниясының 160 млн АҚШ доллары тұратын инвестициялық жобасы нәтижелі басталып, 2026 жылы алғашқы өнімін шығармақ. Бұл жобаның сәтті жүзеге асуына қарап, дүниежүзіндегі басқа да Қазақстанға көз тігіп отырған компаниялар келе бастайды.

«Инвесторлар үшін күрес заманында өмір сүріп жатырмыз»

 – Отандық және шетелдік инвесторларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларды тарқата айтып беріңізші.

– Ең басты, анық жайт, ол кез келген шешім мемлекеттік мүдде тұрғысынан ұтымды болуы керек. Бұл өзгермейтін нәрсе. Біз осы жағдайды ескеріп, инвесторларға тартымды жағдай жасауымыз қажет. Инвесторлар елімізге өз қаражатын құю, кәсіпорнын ашу, сол кәсіпорынға жаңа технология енгізу, жергілікті тұрғындарды жұмысқа тарту, түптеп келгенде оның айналасындағы отандық орта және шағын бизнес сол үлкен кәсіпорын маңайында сервистік қызмет көрсету арқылы сәйкесінше өздеріне пайда түсіреді. Бұл мультипликативтік эффект беретін сала. Экономикаға шетелдік инвестицияларды тарту мәселесі әлемнің кез келген елінде өзекті екенін айта кету керек. Шетелдік инвестициялар үшін дамушы елдер ғана емес, дамыған мемлекеттер де сайысқа түсуде. Елдер инвестициялық ахуалды жақсарту және бизнес жүргізу үшін аса бәсекелі жағдайлар ұсыну бойынша тиісті шаралар қабылдауда, салықтарды төмендетуде немесе алып тастауда, көптеген жеңілдіктер мен инфрақұрылымдық жобалар ұсынып жатыр. Сондықтан мойындауымыз керек, қазір инвесторлар үшін күрес заманында өмір сүріп жатырмыз. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулардың қатарында инвесторлармен жасалынатын инвесторлық келісімшартты айтуға болады. Бұл бағыттағы жұмыстарға Инвестиция комитеті жетекшілік етеді. Соңғы 5 жылда 347 инвестициялық келісімшарт жасалды, олардың инвестиция көлемі 3 трлн теңгені құрады. Инвестициялық келісімшарт аясында инвестициялық жобаны іске асыратын Қазақстанның заңды тұлғаларына инвестициялық преференциялар (кедендік баждарды салудан 5 жылға дейін босату, шикізат және (немесе) материалдар импортына қосылған құн салығын салудан 5 жылға босату, мемлекеттік заттай грант, 8 және 10 жылға арналған салықтар бойынша артықшылықтар) беріледі. Мәселен, кәсіпорын Қазақстанда өндірілмейтін қондырғыны әкелетін болса, ол тиісінше баж салығынан босатылады. Бұдан бөлек кәсіпорын өнімді шығару үшін елде өндірілмейтін шикізат пен материалдардың кейбір түрлері тіркелген актив пайдалануға берілген жағдайда 5 жылға дейінгі мерзімде кедендік салықтан босатылады. Бұл мүмкіндік те кәсіпорынның аяққа тұрып кетуіне үлкен жағдай туғызады. Осы орайда мемлекетімізде отандық және шетелдік кәсіпорындарға тең жағдай жасалғанын атап өткен жөн.

лл

 Инвестор жұмысын бақылауға арналған цифрлық платформа іске қосылды

– Инвесторлардың бабын табу үшін біршама жеңілдіктер қарастырылған екен. Ал олардың келісімшарт бойынша жұмыс атқарып жатқаны немесе керісінше жағдай бола қалса, ол процесс бақылана ма?

– Инвесторлық келісімшартқа қол қойылғаннан бастап инвестор әр жыл сайын 2 рет ақпарат беріп отыруы шарт. Оның ішінде, жобаға қанша қаражат құйғаны, оны қай деңгейде игергені туралы тұрақты түрде тиісті ақпарат алып отырамыз. Егер олар бастапқы уәдесін орындамай, жерді бос ұстап отыратын болса, алғашында хабарландыру жібереміз, одан кейін барлық ереже шеңберінде инвестициялық келісімшарт бұзылады. Ал инвестор бастапқы жоспар бойынша кәсіпорын жұмысын алға жылжытып, белгіленген мерзім ішінде қажетті жұмыстарды аяқтап, кәсіпорын талапқа сай салынған жағдайда ғана инвесторлардың міндеттемесі толық орындалды деп растаймыз.

Жақында инвесторлардың қызметін бақылап отыру және олардың жобаларын сүйемелдеу мақсатында Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа жасалынып, өз жұмысын бастады. Цифрлық платформа Үкімет басшылығына таныстырылып, тиісті қолдау тапты. Аталған платформада жалпыұлттық инвестициялық жобалар пулына кіретін 32 трлн теңгеден асатын 704 инвестициялық жоба енгізіліп, олардың іске асырылу барысы күнделікті бақылауымызда.

«Қазақстан өңдеу саласына нық қадам басып келеді»

– Қазақстанға ең көп инвестиция құятын әлем елдері қандай? Олар біздің елге инвестиция құярда қай мәселелерге мән береді?

– Жаңа сөзімізде айтқан соңғы 5 жылдың ішінде елімізге тартылған 117 млрд АҚШ долларын құрайтын инвестицияны жіктеп қарайтын болсақ, көшті Нидерланд мемлекеті бастап тұр. Аталған мемлекет салған инвестиция көлемі 34 млрд долларды құрап отыр. Өйткені Нидерланд мемлекетінде ірі компаниялардың тіркеліп, жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалған. Одан кейін тізімді АҚШ, Швейцария, Ресей, Қытай жалғайды.

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, аталған мемлекеттер көп жағдайда тау-кен саласына қаржы құюға ықыласты. Себебі әлемдік экономика өскен сайын шикізатқа сұраныс артып келеді. Сонымен бірге шетелдік инвесторлар Қазақстанда қаржы, сауда-саттық және өңдеу өнеркәсібін ілгерілетуге де аса қызығушылық танытып отыр.

Жалпы инвесторлар бірінші кезекте капиталдардың сақталуына, заңның үстемдігіне, ашық әрі қолайлы бизнес ортаға кепілдік беретін мемлекеттерді таңдайды. Қазіргі таңда шетелдік инвесторларды көптеп тарту мақсатында Қазақстанның шетелдік мекемелерінің инвестициялармен жұмыс істеу тәсілдерін толық қайта қарадық. Осы ретте шетелдегі елшіліктеріміз үшін елдік инвестициялық бағдарламалар әзірленді. Оның аясында біз нақты шет мемлекеттен күтетін инвестиция көлемін, сол мемлекеттегі қандай шетелдік компаниялармен нақтылы жұмыс істеу керек екенін және қандай салаларды қамту қажеттігін белгілейміз. Жақын арада облыстарда инвестицияға тапсырыс ретінде өңірлік бағдарламалары әзірленеді. Яғни, әр өңірдің ерекшелігін ескеріп, экономиканың қай саласына инвестиция тарту қажеттілігі жоғары, инфрақұрылымның болуы, бос жер телімдері және тағы басқа да мәліметтерден тұратын өңірлік инвестициялық бағдарламалар негізінде біздің елшіліктер шетелден инвесторларды іздейтін болады. Жақында Ақордада өткен туризмді дамыту туралы жиында Президентіміз осы туралы айтты, жергілікті жерлерде инвесторлар үшін ашық ақпарат қолжетімді болуы тиіс, соның ішінде, цифрландырылған түрде бос жер телімдері, инфрақұрылым мәселелері бар. 

– Бұған дейін елде ерекше инвесторлық виза енгізілгені хабарланған еді? Ол қандай мүмкіндіктер береді?

– Сыртқы істер министрлігі өз құзыреті шеңберінде еліміздің инвестициялық тартымдылығын одан әрі арттыру және Қазақстан Республикасының визалық режимін қауіпсіз либерализациялау жөніндегі жұмысты тұрақты негізде жүргізеді. Елімізде жеткілікті деңгейде қолайлы инвестициялық ахуал жасау мақсатында визалардың арнайы санаты – инвесторлық виза әзірленіп, енгізілді. Қазақстан аумағында инвесторлық жобаларды жүзеге асыратын шетелдік компаниялардың басшылары мен олардың отбасы үшін «А5» санатындағы инвесторлық виза беру тетігі табысты жұмыс істеп жатыр. Бұл визалар 5 жылға дейін беріледі. Қазақстан Республикасының экономикасына 300 мың АҚШ долларынан астам инвестиция салған шетелдік бизнесмендер үшін «А6» инвесторлық визасының жаңа санаттарын енгізуге қатысты жұмыстар аяқталып келеді. Аталған санат шетелдіктерге Қазақстанда 10 жылға дейін тұру құқығын береді.

«Қазақстан үшін әр инвестор маңызды»

– Әлемде сауда-экономикалық үдерістер жылдам өзгеріп жатады. Бұл тұрғыда заңнамалық талаптарды да қолайлы ету сұранысы туады. Осы іспен айналысатын инвестициялық штаб қызметі туралы айтып берсеңіз.

– Инвестициялық штабтың жұмысы өткен жылдың соңында Президенттің жарлығымен күшейтілді. Оны Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр басқарады. Ал мен штабта хатшылық қызмет атқарамын. Инвестициялық штаб құрамына маңызды салалық министрліктер басшыларының орынбасарлары, Бас прокуратура және басқа да құқық қорғау органдардың орынбасарлары және өңірлердегі әкімдердің орынбасарлары кіреді. Инвестициялық штаб отырыстарының күн тәртібінде әрбір инвестордың көтерген мәселесі мен олардың жобаларды іске асырудағы кедергілер бірінші кезекте қаралып, оны тиімді шешу мақсатында мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктеледі. Атап айтсақ, Инвестициялық штаб шығарған шешімдер бұған дейін ұсыным ретінде қаралып келсе, Президент пәрменінен кейін орындалуы міндетті санатқа көшті. Кейбір заңдар ескіріп жатады. Егер заң инвесторларға кедергі келтіріп жатса, Инвестициялық штаб шешім қабылдайды да, мемлекеттік орган орындайды. Кейінірек сол заңнамаға өзгерістер жасалып, әрекет заңдастырылады. Осылайша кейде 1 жылға дейін созылып қабылданатын шешімдер Инвестициялық штабпен жылдам қабылданып, нәтижесінде инвестициялық жобалардың уақытында өнім шығаруға көшуіне ықпал етеді. Қазірдің өзінде инвесторлар дер уақытында қабылданған шешімдерге ризашылығын білдіріп жатады.

– Жоғарыда атап өткеніңіздей, Оңтүстік Корея Қазақстанға инвестиция құятын елдер арасында үздіктер қатарында. Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Корея президенті Юн Сок Ёль мемлекеттік сапармен Қазақстанға келді. Осы сапар аясында қандай ұтымды инвестициялық келісімдер жасалды?

– Өте дұрыс айттыңыз, Корея Республикасы Ц еліміздің маңызды инвестициялық әріптесі, Қазақстан экономикасына Оңтүстік Кореядан келетін тікелей инвестицияның жалпы ағыны шамамен 9,6 миллиард долларды құрады.

Осы тұста айту керек, Ұлттық инвестициялық цифрлық платформада байқағанымыз, жыл басынан есептегенде Оңтүстік Корея ТОП ондықтан ТОП бестікке көтерілді. Елімізде оңтүстіккореялық капиталдың қатысуымен 700-ден астам компания табысты жұмыс істейді. Олардың ішінде Hyundai, KIA, Samsung, LG, Lotte, Posco, Doosan және т.б. сияқты ірі корпорациялар бар.

Жақында ғана Оңтүстік Корея Президентінің Қазақстандағы іссапары аясында екі ел арасындағы инвестиция бойынша бизнес форум өтті. Сол жерде құны 430 млн АҚШ долларын құрайтын 20-дан астам құжатқа қол қойылды.

Жобалар энергетика, металлургия, автомобиль өнеркәсібі, IT және көлік инфрақұрылымын қоса алғанда әртүрлі салаларды қамтиды.

Автокөлік өнеркәсібі саласын алып қарайтын болсақ, осы салаға салынған инвестицияның жалпы көлемі шамамен 200 миллион долларды құрайды. Атап айтқанда, Алматыда «Hyundai» көліктерін құрастыру жобасы жолға қойылып, Қостанайда «KIA» зауыты іске қосылмақ. Айта кету керек, «Kia» тарихта алғаш рет бірлескен кәсіпорынға тікелей инвестиция салып, Корея Республикасынан тыс жерде зауыт салып жатыр.

Бұл келісімдер екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға тың серпін беретініне сенімдімін.

Сөз соңында Қазақстан үшін әр инвестор маңызды екенін еске салғым келеді. Біздің елге инвестиция құюға қолайлы жағдайлар жасалған және бұл үрдіс жалғасады. Біз өз тарапымыздан елімізге инвестицияның көптеп тартылуына, сол арқылы ел экономикасын дамытуға бар күш жігерімізді саламыз!

– Әңгімеңізге рақмет!