Соңғы онжылдықтарда ха­лық­­ты несиелендіру көптеген елдің негізгі экономикалық және әлеуметтік мәселелерінің біріне айналды. Тарихи тұрғы­дан алғанда, несие – эко­но­мика­лық өсімді қолдауға және тауарлардың қолжетімділігін арттыруға бағытталған құрал.
Немқұрайлы қарама несиеге
2,674
оқылды

Алайда бүгінгідей қаржылық технологиялардың қарқынды дамуы кредиттік өнімді тұтынушылар қатарын күн санап ұлғайтуда. Нәтижесінде, көптеген елде ел азаматтарының шамадан тыс қарызға батуы негізгі проблемаға айналып отыр. Бір қарағанда, несие адамдарға өмір сүру сапасын жақсартуға, баспана сатып алу, білім алу секілді қажеттіліктерін өтеуге мүмкіндік береді.  Бірақ несие көлемі шектен шықса, экономикалық тұрақтылыққа қауіп төндіруі мүмкін. Сарапшылар бұл проблема біздің елімізді де айналып өтпегенін жиі айтады. 

2023 жылдың күзінде Мәжілісте халықтың қарызға батуын төмендету және қаржылық сауаттылықты арт­тыру мәселелеріне арналған пар­ламенттік тыңдаулар өтті. Оның қо­рытындысы бойынша, Қаржы рет­теуші азаматтардың борыштық жүк­темесін шектеу бойынша қосымша ша­ралар да әзірленді.

Алайда экономистер несие­нің салмағы қарапайым қазақстандық­тардың қалтасына ауыр соғып жатқанын айтып жиі дабыл қаққанымен, кейбір сарапшылар оған қалыпты үрдіс деп қарайды. Бұл туралы мемлекеттік ұйым басшылары да пікір білдірген еді. Осыған дейін Отбасы банкінің басшысы Ләззат Ибрагимова да қазақстандықтардың шектен тыс несие алып жатқаны негізсіз деп мәлімдеген болатын. Ал Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов жақында Астанада өткен брифингте БАҚ өкілдеріне тұтынушылық несиені қадағалау қа­жет екенін айтты.

«Менің ойымша, Қазақстанда халық шектен тыс несие алып жатқан жоқ. Несиелеу көлемі жоғары жекелеген топтарға назар аудару қажет. Әрине, табыс көзі жоқ азаматтардың көп несие алуы – әлеуметтік мәселе. Бірақ Қазақстанда шектен тыс кредиттеу мәселесі жоқ. Дегенмен тұтынушылық несиелеу деңгейін реттеу және мұқият қа­дағалау қажет. Бұл банктерге де, мик­рокредиттік ұйымдарға да қатысты», – деді Ұлттық банк төрағасы.

Акционерлер құрамы еліміздің екінші деңгейлі банктерінен құралған Бірінші кредиттік бюро (БКБ) өкілдері де осы тектес мәлімдеме жасады. Бюро бұл туралы қарыздардың орташа мөлшері төмен және несие портфелінің ауқымды бөлігі «ірі көлемде қарыз алушылардың» үлесіне тиесілі деген уәж айтады.

Алайда «Талап» қолданбалы зерт­­­­теу­лер орталығы сарапшыларының пі­­­кірінше, объективті түрде халықтың шек­тен тыс қарыз алу көрсеткіштері жо­­ғары. Орталық мамандары ұсынған деректерге сенсек, еліміздегі бір қарыз алушының берешегінің орташа сомасы 2,2 млн теңгені құрайды. 

«Банктерде – 2,1 млн теңге, классикалық МҚҰ-да – 1,5 млн теңге, шағын несиелер бойынша – 188 мың теңге. Он­лайн-микрозаймдар бойынша берешектің орташа сомасы аз болуы мүмкін. Өйт­­­­кені Қаржы реттеуші статистикасында классикалық микрокредиттер мен онлайн-микрозаймдар жеке-дара қарас­тырылмайды. Салыстырар болсақ, БКБ деректеріне жүгінсек, 2023 жылдың 1 қа­занында микроқарыздар бойынша онлайн берешектің орташа сомасы 150  мың теңгені құраған. Жалпы алғанда, орташа қарызды орташа жалақымен салыстыру қарыз жүктемесінің объективті көрсеткіші емес. Себебі азаматтардың қарыз мөлшері мен кіріс деңгейі арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Коллекторлық агенттіктерге берілген қа­рыздарға қарасаңыз, 854 мың қарыз алушының 90%-ы 1 млн теңгеге дейінгі, яғни 3 орташа айлық жалақы көлемінде берешегі. Бірақ соған қарамастан, бұл азаматтар өз несиелерін жабуға қауқарсыз халде», – дейді олар. Сол себепті сарапшылар әрбір қарыз алушының несие­лік жүктемесі жеке-дара есептелуі керек деген тоқтамға келеді. 

Мемлекет басшысы да халыққа Жолдауында бұл мәселе қоғам үшін өзекті екенін атап өткен еді. 2019 жылы қабылданған 500 мың азаматқа кепілсіз кредиттерді есептен шығару туралы шешім, сондай-ақ күшіне енген «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң әсерінен проблема біршама бәсеңдегенімен, толық шешімін таба алмады. Президент жағдайды түбегейлі жақсарту үшін жаңа жүйелі шаралар, оның ішінде қазақстандықтардың қаржылық сауаттылығын жақсарту қажет екенін атап өтті. 

Ұлттық банктің 2024 жылғы 1 мамыр­дағы деректері бойынша, экономикаға берілген кеңейтілген ұйғарымда кредит 35,8 трлн теңгеге жеткен. Ал жыл басынан бергі несие көлемі 3,5%-ға ұлғайған. 

«Қарыз алушылардың санаттары бойынша кредиттердің жалпы көлемінің 46,1%-ы бизнес кредиттеріне, 53,9%-ы халыққа берілген кредиттерге тиесілі. Бұл ретте корпоративті кредиттер жыл басынан 0,4%-ға өсіп, 16,5 трлн теңгені құраса, халыққа берілген кредиттер 6,2%-ға артып, 19,3 трлн теңгеге жетті», – деп мәлімдеді Ұлттық банк.

Ал Бірінші кредиттік бюроның деректеріне сәйкес, 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жеке тұлғалардың жалпы кредиттік портфелі 19,2 трлн теңгені құрады. Негізгі үлес кепілсіз тұтыну­шы­лық несиелер, ипотека және автокредиттерге тиесілі. Кепілді тұтынушылық несие­лер, несие карталары және онлайн-займдар жалпы портфельдің тек 7,5%-ын құрады.

коллаж: Елдар ҚАБА

 

Сарапшылардың пікірінше, елдегі базалық мөлшерлеменің деңгейі несиенің пайыздық мөлшерлемесіне әсер ете алмайды. Себебі екінші деңгейлі банктер өз клиенттеріне заң жүзінде рұқсат етілген ең жоғары пайыздық көрсеткішпен қарыз береді. 

«Айта кету керек, банктердің және МҚҰ кепілсіз кредиттері бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 56%-дан аспауы тиіс. Айыппұл мөлшері де шектеулі. Қысқамерзімді және шағын мөлшердегі қарыздар үшін жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесіне (ЖТСМ) заң жүзінде шектеу қолданылмайды. Бірақ қарыздың ең жоғары мөлшері (50 АЕК-ке дейін), мерзімі (45 күнге де­йін) және мерзімі өткен жағдайда ең жоғары артық төлем (қарыз сомасының 50%-ы) көрсеткіштері шектелген. Осылайша, тіпті мерзімі өткен жағдайда да сыйақы мен айыппұл мен өсімпұл деңгейі 50%-дан аспайды. Бірақ МҚҰ қарыз алушыларды ЖТС мөлшері туралы хабардар етуге міндетті», – дейді «Талап» орталығының баяндамасында.

Қазақстан қаржыгерлері қауымдас­тығының мәліметтері бойынша, Екінші деңгейдегі банктердің барлық тұтынушылық қарыздарының жартысынан көбі пайызсыз бөліп төлеуге жатады. Бірақ Ұлттық банк жариялаған орташа мөлшерлеменің көлемі айтарлықтай бұр­малануы мүмкін дейді мамандар. Себебі «пайызсыз» бөліп төлеу шеңберінде берілетін қарыздың мөлшерлемесі (ЖТСМ) ресми түрде 0% деп есептеледі. Бірақ іс жүзінде сатушыдан комиссия алы­нады, ал ол комиссия көлемі Ұлттық банктің статистикасында көрсетілмейді.

Банктердің биылғы алғашқы төрт айда тапқан таза пайдасы 777 млрд теңгені құраған. Бұл 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 11,8%-ға көп. Қаржы табысты нарық екені көрініп-ақ тұр. Дегенмен қоғамның қарызға батуының жеке азаматтар үшін де, мемлекет үшін де жағымсыз салдары жетерлік. 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметтеріне сәйкес, 2024 жыл­дың сәуірінде елімізде берілген тұты­нушылық несиелер көлемі 11,1 трлн теңгеге жетсе, ипотекалық несие көлемі 5,5 трлн теңге болған. Сонымен қатар агенттік деректері 2023 жылдың соңында елі­міздегі еңбекке қабілетті халықтың 86%-ының несиесі болғанын көрсетеді. Ал қа­зір көптеген азаматтардың екі және одан да көп кредиті бар. Салыстырар болсақ, былтыр 9 млн қарыз алушымен 19 млн кредиттік шарт жасалған. Яғни, 1,5 мил­лионнан астам адам 3 немесе одан да көп несие алған деген сөз. Оның 1,3  мил­лионы екінші деңгейлі банктерге тиесілі.

Қазақстандағы Қаржы реттеуші зерттеуінше, 2023 жылы қаржылық сауаттылық индексі небәрі 40,5%-ды құраған. Респонденттердің тек 30,2%-ы қаржылық мәселелерде өз бетінше шешім қабылдай алатынын көрсеткен. Демек, жоғарыдағы статистикалық көрсеткіштер халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бойын­ша жүйелі жұмыс қажеттігін көрсетеді. Бүгінде төлем қабілеттілігін бағалау 12 критерий бойынша жүзеге асырылады, оның ішінде карта бойынша шығындар, коммуналдық қызметтер бойынша шы­ғындар, интернет-дүкенде сатып алу, мү­ліктің болуы және депозиттегі ақша қалдықтарының мөлшері және т.б. Бірақ бұл азаматтардың тұрақты кіріс көздерін анықтау үшін жеткіліксіз екені даусыз. Тіпті, халық арасында табысы жоқ азаматтарға несие беру жағдайлары да кең таралған. Сол себепті сарапшылар ке­пілсіз тұтынушылық несие сомасы мен санын, шекті сыйақы мөлшерлемесін шек­­теу маңызды деп есептейді.

Кәмила ЕРКІН