Маусым айында Президент Жар­лығымен Абай облысының құрылғанына 2 жыл толып отыр. Тарих үшін қас-қағым сәт дегенмен де, өңірде атқарылып жатқан тынымды істер өте көп. Оның бірі осы уақытқа дейін қордаланып қалған мәселелердің тарқауы болса, енді бірі –дамуға қозғау салған жобалар.
Абай өңірінде тағылымды іс көп
702
оқылды

Абай облысының экономикасын дамыту 2023-2027 жылдарға арналған Кешенді жоспар аясында іске асуда. Құжат негізінен геологиялық барлау және іздестіру жұмыстарымен қатар, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік пен туризмді дамыту, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік, экология,  азаматтық қорғауды қамтамасыз ету, қоғамдық қауіпсіздік және құқықтық тәртіп салаларындағы жобаларды қамтиды. Осы ретте былтыр жалпы өңірлік өнім көлемі 5,8%-ға өскенін атай кеткен жөн. Бұл көрсеткіш бойынша аймақ республика көлемінде бесінші орында. ЖӨӨ-де негізгі үлесті өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көтерме және бөлшек сауда құрайды. Тұтыну бағаларының индексі аясында 2023 жылы халықтың ақшалай табысы 1,8%-ға өскен. Орташа айлық жалақы 15,7%-ға артып, 299,6 мың теңгеге жеткен.

«Біздің басты мақсатымыз – Президент реформаларын сапалы жүзеге асырып, Үкіметтің алға қойған тапсырмаларын орындап, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту және табысын көбейту», – дейді Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев.

Облыстық Қаржы басқармасының мәліметінше, өңірде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,1%-ға артқан. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,9%-ға көбейіп, республика бойынша облыс 4 орынға жайғасты. Орындалған құрылыс жұмыстары 228,1 млрд теңгені құрады, ал нақты көлем индексі 19,1%-ға өсті. Осылайша, облыс бюджеті 4,7%-ға ұлғайды.

«Әлеуметтік саланы қолдауға деген басымдық қала береді. Бюджеттің 54%-ы әлеуметтік саланы дамытуға, ал 36%-ы нақты секторды дамытуға бағытталған. 2024 жылы білім беруді (11 жоба), денсаулық сақтауды (60 жоба), әлеуметтік қорғау (1 жоба), мәдениет пен спортты (2 жоба), тұрғын үйді (91 жоба), тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты (92 жоба), көлікті (7 жоба) және басқа да салаларды қоса алғанда 272 бюджеттік инвестициялық жоба іске асырылуда», – дейді облыстық Қаржы басқармасының басшысы Әділет Қожанбаев.

Абай облысы негізінен аграрлық өңір боп саналады. Сондықтан да мұнда бұл салаға ерекше мән берілген. Мәселен, былтыр ауыл шаруашылығына 78,5 млрд теңге инвестиция салыныпты. Ірі қара мал 730,3 мың басқа дейін (2,0%-ға), жылқы 365,5 мың басқа дейін (12,3%-ға), ұсақ мал 1 171,3 мың басқа дейін (4,0%-ға) өскен. Барлық түрдегі ет өндірісі 104 мың тоннаға, ал сүт өндірісі 596,4 мың тоннаға дейін артқан. Биыл егіс алқабы 750 мың гектар жерді құрайды. Сондай-ақ Абай облысының ауылдық округтерін дамытуға арналған Жол картасы әзірленуде. Онда ауыл шаруашылығын жақсарту стратегиясы шеңберінде жылыжайлар орнату, мал шаруашылығын дамыту, әлеу­­­­­­мет­­тік­­экономикалық даму және инфрақұрылымдық объектілер салу қамтылмақ. Осы жұмыстардың тиімділігін арттыруға Целиноград ауданы Родина ауылының табысты тәжірибесі негіз болып отыр.

Бесқарағай ауданының аумағында жалпы ауданы 2 гектар болатын жыл бойғы жылыжай орнату жоспарлануда. Бұл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, маусымдық тәуелділікті азайтады. Көкөністерді жыл бойы өсіруге мүмкіндік береді. Үржар ауданы Таскескен ауылында асылтұқымды «Ақбас» ірі қара малын өсіру қолға алынбақ. Бұл жоба ет өндіруді арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді. Сондай-ақ ауылда көмір бағасын тұрақтандырып әрі жергілікті тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасайтын қысқы отын қоймасын салу көзделген. Жоба 2025 жылға жоспарланып отыр. Ақсуат ауданы Екпін ауылында клубтық үйлер мен аз қамтылған отбасыларға арналған жалға берілетін үйлер салу үшін жобалар іске асырылды. Көкпекті ауданында сүт фермасын дамыту нәтижесінде өнім көлемі күн сайын 11 тоннадан 20 тоннаға дейін артады. Сондай-ақ жұмысшылар үшін төрт пәтерлі жаңа үй, балалар ойын алаңын салу жоспарлануда. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Шақаман, Бөкенші ауылдары мен Шаған кентіндегі көшелерді жарықтандыру жұмыстары аяқталды.

Ауыл-аймақтарды дамытудан бөлек, облыс басшылығы әлеуметтік, коммуналдық, өнеркәсіптік салаларды да ұдайы назарда ұстап отыр. Мәселен, биыл облысты орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету үлесін 96,6%-ға жеткізу жоспарланған, яки 22 497 адамды қамтитын 24 сумен жабдықтау жобасы пайдалануға беріледі. Жылу көздері мен жылу желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізілуде: 11 жылу көзін және 37,9 шақырым жылу желілерін салу, қайта жаңғырту және ағымдағы жөндеу бойынша 28 жоба іске асырылуда. Осы жұмыстардың нәтижесінде жылу желілерінің тозуы 64,2% - дан 56,4% - ға дейін төмендейді деп күтілуде.

Бюджет қаражаты есебінен 101 әлеуметтік нысанның құрылысы басталған. Оның ішінде: білім беру саласындағы 16 нысан, денсаулық сақтау саласында 67, спортта 9, мәдениетте 2 және әлеуметтік қамсыздандыруда 1 нысан бар. Олардың бірқатары «Жайлы мектеп», «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобалары аясында қарастырылған. Сонымен қатар бүгінде өңірде жалпы аумағы 394,3 мың шаршы метр болатын тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Бұл 3 882 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Абай облысында ет комбинатын салу жоспарда бар. 2024-2026 жылдары Семей қаласының аумағында жылдық қуаты 12 600 тонна болатын «Еуразия Агро Семей» ЖШС ет комбинатын салу, қуаттылығы жылына 600 тонна дайын өнім шығаратын «Ықылас Инвест» ЖШС ет консерві зауытын ашу қарастырылған.

Тізе берсе, ұлы ойшыл туған топырақта қайта түлеген игілікті іс көп. Абай облысы көз алдымызда көркейіп келеді.

Нұрлан ҚОСАЙ