Ол бұған дейін де Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуді армандаған екен.
Президентіміз қарапайым жан екен – полиция инспекторы Дархан Кемелтаев
polisia.kz
2,133
оқылды

Алдағы жексенбі күні, 23 маусым – заң мен тәртіп сақшыларының мерекесі жақындап қалды. Әдеттегідей, бұл мереке елімізде Полиция күні ретінде аталып қана қоймай, ел ішінде ерең еңбегі мен батылдығын көрсеткен қайсар азаматтарымыз марапатталып, жұртшылықтың алғысына бөленіп жатыр. Соның бірі – полиция инспекторы Дархан Кемелтаев. Ол кеше  «Ерлігі үшін» медалімен марапатталып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан алған болатын.

Естеріңізде болса, биыл еліміздің бірқатар өңірі су тасқынынан зардап шегіп, суға кеткен еді. Әсіресе, Ақтөбе облысының ахуалы ушығып тұрды. «Жан алысып, жан беріскен уақытта» халыққа көмек қолын созған ең бірінші – тәртіп сақшылары, яғни полицейлер еді. Міне, сол азаматтың бірі – Дархан Нағашыбайұлы.

 

 

Оқиға дәл 29 наурыз күні болған. Ырғыз өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданына қарасты Талдысай ауылын су басып қала жаздады. Өйткені күні бұрын полицейлер ауылды аралап, тұрғындарға үйінен кету керегін ескертіп, біразы эвакуациялық пункттерге жеткізілді. Дегенмен бұған қарамастан, кейбір ауыл тұрғындары эвакуациядан бас тартып, үйлерінде қалып қалды. Сол тұрғындардың өмірі мен қауіпсіздігіне алаңдаған Әйтеке би ауданының учаскелік полиция инспекторы таң атқанша ауылда кезекшілік еткен. Таңғы сағат 04.00 шамасында кенеттен су күрт көтеріліп, ауылға кіре бастады. Ірі мұз сеңі мен су тасқыны салдарынан елді мекен жарықсыз қалған. Сол кезде Дархан Кемелтаев ұйықтап жатқан жұртты оятып, олардың шығуына көмектескен. Аяқ басып, жүре алмай қалғандарды көтеріп алып, су кешіп,  эвакуациялық пунктке аман-есен жеткізген. Ал оған әріптесі Айбек Алтынбаев атсалысқан.

Дархан Нағашыбайұлының айтуынша, өзі бала кезінен қорғаушы болуды армандапты. Содан қалған әдет болар, қылмыс ашып, қылмыскермен күресуді қатты ұнатқан. Арманның жетегінде жүріп осы мамандыққа келген. «Шеңді бол, шеңсіз бол, бәріміз пендеміз. Дегенмен өз мамандығына адалдық танытып, шынайылығын көрсеткен кез келген азаматтың еңбегі елеусіз қалмайтыны белгілі.  Ал біздің жұмыста қырағылық пен адам баласын көзден таса қалдырмауымыз керек»,  –  дейді ол.

 

 

Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуді бұған дейін де армандаған екен.

– Шынын айтайын, Мемлекет басшысының өз қолынан медаль алғанда қатты толқып, қобалжығаным бар. Президенттің қолынан күнде алып жатқанымыз жоқ қой. Оның үстіне, қуанғаным соншалық бойыма қанат бітіп, ұшып кететіндей бақытты едім. Бұл  –  мен үшін үлкен мәртебе, абырой. Әуелде Президентпен кездесетінімді басшым айтқанда сеніңкіремедім. Бірақ Полиция департаментінің бастығы әзілдемейтіні белгілі ғой, айтқанына иландым. Сөйтіп үй ішіме, келіншегіме қуанышты жаңалығымды бөлістім. Өкінішке қарай, Президентпен тілдесе алмадық. Алайда Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Ерлігі үшін» медалімен марапатталғаныма қуаныштымын! Ол кісі өте қарапайым екен, – дейді  Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының полиция инспекторы Дархан Кемелтаев.