20 маусымда ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институты мен ҚР Президенттік орталығы «Құқықбұзушылықтың алдын алу: заңға қарсы әрекеттерге нөлдік төзімділік қағидатының негізі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша заң жобасын сарапшылар талқылады
554
оқылды

Президент Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» құқықбұзушылықтың алдын алу жүйесінің тиімділігін арттыру, азаматтардың құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі шешімдерді әзірлеуге қатысуын кеңейту міндеті қойылған еді.

Аталған міндетке қол жеткізу мақсатында қазір ҚР Үкіметі құқықбұзушылықтардың алдын алу туралы заң жобасын әзірлеп жатыр. Ол қолданыстағы бес заңды біріктіреді: «Құқықбұзушылықтардың алдын алу туралы», «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы», «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу туралы, балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы», «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әкімшілік қадағалау туралы» және «Азаматтардың қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысуы туралы». Ал Парламентаризм институты құжатқа өзінің түзетулері мен ұсыныстарын дайындайды.

Дөңгелек үстелге қатысушылар: Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, сарапшылар мен ғалымдар атап өткендей, құқықбұзушылықтың алдын алу саласында бірыңғай заң әзірлеуге уақыт келді. Заңның қабылдануы халықтың құқықтық қорғалуын жақсартады және құқық қолдану тәжірибесін жеңілдетеді. Онда жауапты органдардың құзыреттері, ведомствоаралық үйлестіру тетіктері және құқықбұзушылықтардың алдын алу құралдары нақты жазылуы керек.  

Парламентаризм институтының норма шығару жөніндегі атқарушы директоры Алмас Қанатов елдің қауіпсіздік деңгейі оның дамуының негізгі өлшемдерінің бірі болатынын атап өтті. Дөңгелек үстел жұмысына ҚР Парламенті Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов және ҚР Президенттік орталығы директорының орынбасары Серік Сыдықов қатысты. Парламентаризм институтының сарапшысы, з.ғ.д. Әлібек Темербеков өз сөзінде кейбір тарихи аспектілер мен құқықбұзушылықтың алдын алу жай-күйіне тоқталды.

ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің алдын алу қызметі басқармасының бастығы Руслан Қаржасбеков «Құқықбұзушылықтың алдын алу туралы» ҚР заңы жобасының нормаларына егжей-тегжейлі тоқталды. «Астана» халықаралық университетінің доценті Ержан Жамбаев өз сөзін азаматтардың қоғамдық тәртіпті сақтауға қатысу нысаны ретінде құқықбұзушылықтың алдын алуға арнады. Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша, қалыптастырылған ұсынымдар одан әрі қарау үшін уәкілетті органдар мен Парламентке жіберілетін болады.